Гимназиямызда ақпанның 26-күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қамшы - қанат, құйысқан - қуат» атты іс-шара болып өтті. Іс шараға қамшы өру бойынша сабақ беруші Жиенхан Хаманай ағамыз қатысып, оқушыларға қамшының неден жасалатынын, түрлерін және қамшының ата-бабаларымыздан келе жатқан құнды дүние екенін түсіндіріп өтті. Бұл іс шараға 7 «а», 7 «ә» сыныптарынан 15 ер бала қатысып, көптеген мәліметтерге ие болды. Шара барысында оқушылар қамшының түрлерімен танысты. Атап айтсақ: «Дүре қамшы», «Бала қамшы», «Әскер қамшы», «Неке қамшы», «Бақсы қамшы», «Сүндет қамшы» т.с.с.
Іс-шара барысында оқушыларға шеберлік сабағы көрсетілді.Балалар өз қолдарымен қамшының бірнеше өрімдерін өріп көрді.
Сондай-ақ іс-шара барысында оқушыларға асықтан жасалған бұйымдар көрмесі де көрсетілді.Мұнда қарапайым асықтан қазіргі өмірімізге қажетті бұйымдарды жасауға болатынын көрді.Атап айтсақ, балалардың санағыштары, әртүрлі шылдырмақ ойыншықтар, жүйке жүйесін тыныштандыруға арналған құралдарды және де массаждық бұйымдарды жасауға болатындығына көзіміз жетті.
Қай жағынан алып қарасақ та, қамшы – қазақ өмірі мен өнерінің ажырамас бөлігі. Өмірі дегеніміз – адам атсыз, атқа мінсе, қамшысыз болмаған. Өнері дегеніміз – шеберлік те, ақындық та, сөз сайысы да қамшысыз өтпеген. Өйткені сөз сұрағанда қамшы тасталған. Қазақтың салт-дәстүрінде қамшыны ұстау мен қолданудың тәрбиелік мәні, өзіндік ережелері мен жөн-жосықтары да болған.
Біздің бұл іс-шарамызда оқушылар осындай құнды дүниелерді біліп, көптеген ақпараттарды ала алды деп ойлаймыз. Алдағы уақыттарда да ұлттық құндылығымызды дәріптеп, рухымызды жаңғыртуға үлесімізді қосамыз деп ойлаймыз.