Аудан мектерін қолдау жұмыстары жүргізілуде
Гимназияның «2019-2020 жылдарға арналған өзара әрекеттестік және қолдау жоспары» негізінде Май ауданының ұстаздарына арналған «Психологиялық қызметтің негізгі бағыттары және қашықтықтан оқыту кезіндегі психологиялық жұмыстың ерекшеліктері», «Құндылыққа бағдар: Тәрбие үдерісіндегі инновация», «Жаратылыстану-математика, гуманитария бағытындағы пәндерді қашықтықтан оқыту ерекшелігі», «Бастауыш сынып оқушыларының қашықтықтан оқыту ерекшеліктері», «Физика пәнінен лабораториялық және практикалық жұмыстарды жүргізу» тақырыбында ZOOM платформасы арқылы семинарлар өткізілді.
Семинарлар барысында гимназия мұғалімдері іс-тәжірибелерімен бөлісіп, оқушыларды қашықтықтан оқыту барысында қолданылып жатқан тиімді бағдарламалармен жұмыс істеу барысын түсіндіріп берді. Ұстаздар өз пәндері бойынша оқу платформаларына тіркелу, сынып құру, тапсырмаларды құрастыру, тест әзірлеу, кері байланыс жасау т.б интерактивті режимде өздерінің үйренгендерін бірден тәжірибеден өткізіп отырды. Сабақты тиімді ұйымдастыруға ыңғайлы платформалармен танысқан ұстаздар өткізілген семинарлардан өздеріне көптеген тәжірибе жинады. Туындаған сұрақтарына бірден жауап ала алды. Қатысқан ұстаздар өз тараптарынан сабақ өткізуде тиімді платформаларды өз тәжірибелерінде қолданып, кері байланысқа шығып, нәтижеге бағытталған бірлескен жұмыс жасайтынын айтты.
Мектеп психологтары мен директордың тәрбие жөніндегі орынбасарлары да жұмыстарына қажетті құнды мәліметтер алып, ары қарай да бірлесіп жұмыс істеуді жоспарлады.
Аудан мектерін қолдау және кәсіби педагогикалық өзара іс-әрекет шеберлік жұмыстарын іске асыру мақсатындағы шаралар ары қарайда жоспар бойынша жалғастырылады.