Беделің-сәулетің, еңбегің-дәулетің деген әке өсиеті өмірлік ұстанымы болған ардагер - ұстазымыз, Ақсу қаласының, Павлодар облысының «Құрметті азаматы» Рымкеш Хамитқызы Сламбекова 70 жасқа толды.1950 жылы 13 шілдеде Павлодар қаласында туып, мектепті ойдағыдай аяқтап, еңбек жолың 1971 жылы Павлодар педагогикалық институтының физика-математика факультетінің тәмамдаған Рымкеш Хамитқызы Ермак қаласының №1 мектебінде математика пәнінің мұғалімі ретінде бастайды. Терең білімі мен шеберлігінің арқасында оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болған Рымкеш Хамитқызы 2000 жылы Ақсу қаласында тұңғыш қазақ гимназиясың ашып, сол гимназияны талай жыл абыроймен басқарды. 30 жыл тек қана басшылық еңбек еткен, саналы түрде шешім қабылдаған және осы шешімдерге жауапкершілікпен қараған, заманауи мектеп үлгісін жоғары сатыға көтерілуіне ықпал еткен Рымкеш Хамитқызының еңбегі бағаланып, «Қазақ ССР оқу-ағарту ісінің үздігі", "Ы.Алтынсарин" белгісінің, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгісінің, «Ерен еңбегі үшін" медалінің, «Ақсу қаласына 50 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» медалдерінің, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрлігінің «Құрмет грамотасының», республикалық «Бөбек» орталығы мен облыстық білім басқармасының «Алғыс хаттарының» иегері атанған.
Ұлтын шексіз сүйетін шәкірттерді тәрбиелеп, даралыққа, саналыққа жетелеген басшы бүгінгі күні қоғам өмірінде де оң шешім қабылдап халық игілігіне пайдасын тигізер істер басы-қасында білек сыбана еңбек етуде. Ізгі рухани қасиеттерімен ерекшеленген қоғам қайраткері, ұл-қыздарын емендей ер етіп өсірген асыл ана, немерелеріне шуағын төккен әже Рымкеш Хамитқызы зейнеткерлікке шығып, онда да өзінің белсенді өмірлік ұстанымына сәйкес «Нұр ана» қоғамдық бірлестігінің Ақсу қаласы бойынша басшысы. Ізгілік пен кісілікті ту етіп, шәкірттерінің санасына ақыл ұялатып, әріптестерінің мақсатын нәтижеге жетелеген абыройлы зейнеткерімізге мызғымас деңсаулық пен талмас талап тілей отырып, алдағы уақытта да барлық бастамасы оң болып, сәтті жалғасын тапсын деп тілейміз.
Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған
мамандандырылған гимназиясының ұжымы