Жастар – ертеңгі елдің шамшырағы. Сол себепті, елімізде жас мамандарға ерекше ден қойылуда.
Жас мамандардың ұстаздық қаситеттерінің қалыптасуына бағыт беру, кездесетін қиыншылықтардан, кедергілерден шығу жолдарын ұғынуға көмектесу, шығармашылыққа баулу, қарым-қатынасты нығайту мақсатында 23 қаңтар күні гимназияда Май ауданы мен гимназияның жас мамандарына арналған «Жарқын болашақ иесі - бүгінгі жас маман» - атты семинар-тренинг өткізілді. Семинарға 24 жас маман қатысты. Семинардың ашылуында гимназия директоры Дюсембаев А. сөз сөйлеп, семинар бағдарламасымен таныстырып, келген барша жас мамандарға сәттілік тіледі. Семинарда «Заманауи білім берудің әдіс-тәсілдері» тақырыбында ашық сабақтар топтамасы көрсетіліп, жас мамандар тәжірибелі ұстаздардың сабақты ұйымдастыру, оқушылармен жұмыста әдіс-тәсілдерді ұтымды қолданудағы шеберліктерін бақылады. Кері байланыс жасап, әртүрлі тиімді тәсілдерді қолдану арқылы сабақтары сәтті шыққан мұғалімдерге ризашылықтарын білдірді және өздерінің сабақтарында қолданатындарын жеткізді.
Жас мамандарға көмек көрсету және ұжымда психологиялық ахуал қалыптастыру, кәсіби құлшынысын арттыру, жігерлендіріп көңіл-күйін көтеру негізінде «Жас маман, алға бас қадам!» атты гимназия психологы Шаймарданова Н.Т. психологиялық трениниг жүргізді.
Жас педагогтердің әдістемелік деңгейін арттыру, кәсіби дағдыларын дамыту, өзін-өзі басқаруға үйрету барысында «Сабақта белсенді әдістер мен АКТ пайдалану» тақырыбында гимназияның педагог-шебер санатындағы ұстаздары физика пәнінің мұғалімі Кабылбекова А.С. мен орыс тілі мұғалімі Тулеубаева Г.Б. коучинг өткізді. Коучинг барысында жас мамандар сабақта белсенді әдістер жүйелеуге және АКТ-ны тиімді пайдалануды үйренді. Семинар соңында бүгінгі бағдарлама негізінде жас мамандар өз ойларымен бөлісіп, көптеген сұрақтарына мағыналы жауап алғандарын айтты.
Гимназия директорының ғылым жөніндегі орынбасары Аккентаева К.М. үйретері мен үйренері көп жас мамандардың ұстаздық жолына еңбекқорлық пен табандылық тілей отырып, болашақтарыңыз берік, келешектеріңіз кемел болсын дегіміз келеді деді.