Гимназия түлегі Махсатхан Қымбаттың алтын ұя мектебіне арнауы.
Сәби кезімнің ең жарқын, көркем ұясы,
Алып махаббат аядай жерге сыятын.
Балалығымды бал еткен құтты мектебім,
Өзің де айтшы, қалайша сені қиямын?
Әр бұрышыңда естеліктер бар тығылған,
Қастерлі мекен, жан жүрегімді ұғынған.
Аядай болып келген кезде біз білмедік,
Қоштасу сәті заңдылық екен бұрыннан.
Қоңырау соқса жүгірдік бірден аулаға,
Балалығымыз аулада енді қала ма?
Асханадағы кезекке бірге таласқан,
Қызық сәттер де алыстап бізден бара ма?
Кешігіп келіп, кешірім сұрап кіретін,
Ақыл айтқанда, оны ұқпастан күлетін.
Мектебіміздің еркесі сөзсіз біз болдық,
Шынымен оны екінші үй деп білетін.
Күзетте жүрген тәртіпті байқап, қарайлап,
Кешіккен кезде дәптерге жазбай ағайлар
Отбасым өзің екенің сол кез сезілер,
Бәліш пісіріп күткенде аспаз апайлар.
Біз еккен ағаш бақшаңда тұрсын гүлденіп,
Өсе берсінші жайқалып гүлдер, түрленіп.
Сан додаларға қатысар кезде сен үшін
Дайындықпен жүріп, көзімізді де ілмедік.
Баптадың бізді аямай жылулығыңды,
Бар махаббатты шәкіртің бүгін ұғынды.
Еркелеп жүріп, сабақтан қашқан тентектер,
Қоштасар сәті келгенде білді құныңды.
Аяқталғанда балалығымның бал шағы,
Ашылған болар жаңа өмірдің тармағы.
Балапан шақтың патшасы болған ұяммен,
Ауырға соқты қоштасар сәттің салмағы.
Сағынармыз біз әр бұрышыңды сыныбым,
Еске алып жүріп ұстаздың жүрек жылуын.
“Қаныш ағаның ізбасарлары” оқитын,
Гимназиямның аласармасын тұғыры.
Гимназия түлегінің алтын ұя мектебіне арнауы