
Мен, Михайленко Юлия, ұлтым орыс болса да, жүрегім қазақ деп соғатын адамның бірімін. Ақсу қаласы гимназияның 2013 жылы түлегімін, «Алтын белгі» иегерімін. Гимназияда 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін оқыдым. Өз білімімнің жемісін, тілге деген құрметімді әр түрлі сайыстарға қатысу барысында дәлелдеп келемін. Атап айтсам, Республикалық қазақ тілінен «Тіл - халық жанын танудың кілті» байқауында - Гран-При /Астана, 2010/, Павлодар облысының тілдерді дамыту басқармасы өткізген «Мақсұтым - тіл ұстартып, өнер шашпақ» атты Абай оқуларында - І орын /2012/ жүлдегері, республикалық Абай оқуларында «Үздік шеберлігі үшін» номинациясына /2012/ ие болдым.«Жүйрік болсаң, озып көр» дегендей білім додаларында оза шауып шығуыма өз үлесін қосқан ұстаздарыма Шалабаева Аршагүл Олжаханқызына, Шапауова Әсемгүл Сембіқызына алғысымды білдіремін. Әлі де алда өз жетістіктерімді көрсетемін деген ойдамын.