Қараша айының 20-21 жұлдызында Астана қаласында "Жас Ұлан" бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының "Мәңгілік ел ұландары" атты Республикалық жүлдесі өтті.
Бұл жүлденің мақсаты - балалар мен жасөспірімдердің дара шығармашылық қасиеттерін анықтау, сонымен қатар дарынды балаларға қоғам назарын аударуды мақсат еткен жүлде, балалар мен жасөспірімдердің ерекше жетістіктері мен табысын қорытындылау, өскелең ұрпақтың қабілеті мен мүмкіндігін шыңдауға жағдай жасауды міндет қылып қою арқылы жасөспірімдердің өздігінен жетілуіне түрткі болу.
Биылғы жылы бұл жүлде екінші рет өткізіліп отыр. Бірақ өткен жылдағыға қарағанда елеулі өзгерістер енгізілді. Жүлде негізгі 7 ("Отан", "Руханият", "Салауат", "Эко-әлем", "Жеті жарғы", "Еңбек", "Зерде") және қосымша 3 номинациялары ("Ұланбасы", "Тәлімгер", "Атқарушы хатшы") бойынша табысталды. Жыл бойы "Жас Ұланның" ұйымдастыруымен өткен түрлі сайыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары "Жас Ұланның" негізгі 7 бағыты бойынша сынға алынды.
Жалпы 100-ден астам оқушы қатысқан бұл іс-шараға біздің облыс 11 адамнан құралған делегация құрамында мен де барып келдім.
Іс-шаралар Республикалық оқушылар сарайы мен "Тілеп-қобыз" сарайында өтті. Одан басқа жүлденің делегаттары Қазақстан және шетелдің беделді жоғары оқу орындарының көрмесінде өздері қалаған жоғары оқу орны, мамандығы бойынша мәліметтер ала алды.
Жүлденің жабылуы "Тілеп-қобыз" сарайының үлкен залында өтті. Салтанатты жабылуда "Rin`go" тобы, Jansax сияқты қазақ эстрадасының жұлдыздары, өзге ұлт өкілі болғандығына қарамастан, қазақ тілінде еркін сөйлеп, ән жазып, оларды орындайтын Son Pascal өнер көрсетті.
Сайыстың қорытындысы бойынша, біздің облыстың делегаты Черненко Вадим "Еңбек" бағыты бойынша "Жас қанат" номинациясында, Рахматулина Алма Баязитовна "Тәлімгер"номинациясында, Петрович Оксана Владиславовна "Атқарушы хатшы" номинациясында премиант атанды. Жүлдеден құр қол қайтқан адам болған жоқ, делегаттардың барлығы сертификаттармен, "Жас Ұлан" спорт киімімен, естелік сыйлықтармен марапатталды.
Гимназия Ұланы Қайыржанова Адия