2016 жылы 24 ақпан күні гимназияда «Гимназия және балабақша арасындағы үйлесімділік» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімдері мен балабақша тәрбиешілері, әдіскерлеріне арналған семинар өткізілді. Семинардың мақсаты – бірінші сынып оқушыларының мектептегі оқуға бейімделу жағдайын, оқу дағдылары мен танымдық белсенділігін іс-әрекетте қалыптастыру. Семинарға Ақсу қаласының жалпы орта білім беретін №1, №2 орта мектептердегі шағын орталықтардың, «Балапан», «Балдырған», «Айгөлек», С.Торайғыров атындағы №2, №12, №18-балабақша тәрбиешілері мен әдіскерлері, ағылшын тілі, дене тәрбиесінің оқытушылары қатынасты. Гимназия директоры Мария Абдукадирқызы Касенова қатысушыларды семинардың жұмыс жоспарымен, күн тәртібінде қаралатын сұрақтармен таныстырды. Семинарда математикадан А.Р. Омарова «1-10 сандар көлемінде пысықтау», сауаташудан М.С.Елубаева «Әдепті қыз. Әліпби», өзін-өзі танудан Бакирбекова Г.А., Шаймарданова Н.Т. «Жақсы бала боламын» тақырыптарымен ашық сабақтар көрсетті. Сонымен қатар сыныптан тыс «Ертегілер елінде» ертеңгілігінде 1-4-сынып оқушыларының өнерін тамашалады. Семинар қатысушы тәрбиешілер, әдіскерлерге «Оқушылардың танымдық қызығушылығының табиғаты» тақырыбында директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары С.С.Джамалбаева баяндама жасап, танымдық категория мен оқушы бойында білімнің қалыптасуы, ұғымның пайда болуына теориялық мағлұмат беріп, пәнаралық байланыс арқылы мысалдар келтірді және 1-сынып оқушыларының бақылау, жазба жұмыстарының қорытындылары бойынша гимназияға 1-сыныпқа қабылданған балабақша түлектерінің білім рейтингісін шығарды. Математикадан жақсы даярлықпен келген №18, №2 «Айгөлек»,«Балдырған»,«Балапан» балабақшасының, №1 орта мектеп шағын орталығының және тілдік бағытта жақсы даярлықпен тәрбиеленген «Балдырған», №20, №18 балабақшаларының түлектері аталып, оларды даярлаған тәрбиешілер мен әдіскерлердің еңбектеріне гимназия ұжымы атынан алғысын білдірді. Семинар соңында тәрбиешілер мен әдіскерлерге «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпыға міндетті стандартын» жүзеге асыруда тәрбиеленушілер мен білім алушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды ерекше назарда ұстап, оларды орындау, гимназияға қабылданатын оқушылардың сөйлеу кезінде дыбыстарды анық, орфоэпиялық нормаға сай дыбысталуына ерекше көңіл бөлу жөнінде ескертілді.
Джамалбаева С.С.- гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары