Қазіргі кезде елімізде түбегейлі шешімін таба алмай тұрған өзекті мәселелердің бірі - сыбайлас жемқорлық. Сондықтан болашақ ұрпақтың осы мәселе бойынша сауаттылығын ашу, дұрыс әрекет ету мен саналы ойға тәрбиелеу - қазіргі білім ордаларының басты мәселелерінің бірі деуге болады. Оқушы бойында адал еңбек етуге деген ынтаны, азаматтық белсенділікті қалыптастыру мақсатында облыстық білім басқармасының мемлекеттік қызмет істері департаментімен бірлесе өткізген байқауына гимназияның оқушылары белсене қатысты. Осы байқауға қатысу алдында оқушылар арасында «Cыбайлас-жемқорлық деген не?», «Сыбайлас жемқорлықтан қалай қорғануға болады?» тақырыптарында танымдық сағаттар, рольдік ойындар өткізіліп, оқушыларға алған ақпараттар негізінде сурет, шығарма сайысына қатысу ұсынылған болатын. Осы кешенді жұмыстың нәтижесі 3 маусым күні мемлекеттік қызмет істері департаменті тарапынан қорытындыланып, «Мемлекеттік қызмет - елдің мүддесіне адал еңбек» бағытындағы шығармалар сайысында 9-сынып оқушысы Боранбай Бихан мен 8- сынып оқушысы Карибаева Малика жүлделі 1,3 орындарға ие болды. Ал «Адал еңбек-халық игілігі үшін» тақырыбындағы суреттер байқауына қатысқан 6 «а» сынып оқушылары Сыздыкова Дильназ, Мағзумова Айшабибі, Олжабай Алтынгуль, Хадыр Бекболат және 5-сынып оқушысы Базар Нуржан да жүлделі орындарды иеленіп, барлық қатысушыларымыз дипломдармен, бағалы сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Оқушылардың жетекшілеріне: тәрбие жөніндегі директордың орынбасары Г.А.Бакирбековаға, орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі К.Б.Тулеубаеваға, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Д.А.Нұрғалиеваға, 6 -сынып жетекшісі А.Т.Альдекеноваға - алғыс айтылды. Осындай игі шаралар балаларымызды еңбекқор, өз еліне адал азамат етіп тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді деп сенеміз. Осындай игі шаралар балаларымызды еңбекқор, өз еліне адал азамат етіп тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді деп сенеміз.
Директордың орынбасары Гүлбану Бакирбекова