«Ауылыңның маңында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең. Ауылыңда ақылгөй қария болса,жазып қойған хатпен тең» деген екен біздің бабаларымыз. Иә, өткенімізді осы үлкендерсіз елестету мүмкін емес. Біздің бүгінгі нұрлы өміріміздің, алаңсыз күлкі, тәтті ұйқымыздың да бейбіт сақшысы бола білген, самайларын қырау шалып, жүздерін уақыт әжімі торлаған данагөй қарияларымыз бен ақ жаулықты әдемі әжелеріміз емес пе?
Қарттар - дүниедегі ең мейірімді әрі құрметті жандар.Қазақ қарты жасына лайық ауызы дуалы, сөзі берекелі, ісі тыңғылықты ойы терең ақылы телегей теңіз болып келеді. Халқымызда үлкендерге құрмет көрсету - ата заманынан келе жатқан әдет.Себебі ата-әжелеріміз көпті көрген,өмірдің тәттісі мен ащысын сезіне білген адамдар. Міне осындай теңеуге лайық қарияларды жылдың қай мезгілі болса да құрметтеуіміз керек.
Бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін де ата-әжелеріміз. Себебі қарттарымыз балдырғанға нағыз ұлттық тәрбие бере алады.Әже мен немере арасындағы туыстық байланыс өте нәзік әрі берік. Алдымен әже тәрбиесі арқылы бала жақсы-жаманды ажыратып, үлкен-кішіні тани бастайды. Мінез-құлық, тіл тәрбиесі қалыптасып, бала үй шаруасына бейім, елгезек, тілалғыш, мейірімді болып өседі. Әженің бауырында өскен балаға жұрт "тәрбиелі бала" деген баға береді. Мысалға айтатын болсақ, Абай атамыздың данагөй болып өсуіне ерекше көңіл бөлген Зере әжесі. Зере әже Абайға жастайынан қазақ ауыз әдебиетінің үлгілерін үйретіп,әңгімелегенін біз жақсы білеміз .Мұндай мысалдардың көптігінен бәріміз де хабардармыз.
Қарттар әрдайым балалары мен немерелерінің қамын ойлауда болады.Өйткені осы жандарға, балалары басты байлық болып саналады. Қазіргі кезде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан- жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп- өркендеуіне, еліміздің бейбітшілік тыныш өмір кешуіне өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы. Олардың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа табылмас қазына. Сол арқылы біз қарттарға әманда қамқор бола білуіміз керек дей отыра, қарияларымызды Халықаралық Қарттар мерекесімен шын балалық жүрегімізден құттықтаймыз! Сыр бермес денсаулық,ұзақ өмір, көп жылғы еңбектеріңіздің зейнетін көріңіздер!