Наурыз мерекесі қарсаңында «Әжелер - көңілдің ажары, Немере - өмірдің базары» атты байқау өткізілді. Байқауға барлығы 6 әжелер мен немерелер жұбы қатысты. Қатысушыларымызды бағалап, бағасын беретін әділ-қазы мүшелеріне Ақсу қаласының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Сламбекова Р.Х. мен Күміс алқа иегері, ардагер ұстаз Гүлбаршын әжей сайланды. Байқау қатысушылардың бір-бірін таныстырудан басталды. «Сөз мәйегі – мақал» кезеңінде мақалдың мазмұнын көрініс арқылы көрсетті. Мақалдың мазмұны қыз бала тәрбиесі, үлкенді сыйлау, жеті атаны білу сияқты тақырыптарды қамтыдысияқты тақырыптарды қамтыды. Кезеңдер арасында гимназияның «Айгөлек» бишілері әжелерге арнап әсем биін, домбырашылар күмбірлеген күйін тарту етті. «Шебердің қолы ортақ» кезеңінде әжелер өздерінің қолдарынан шыққан бұйымдарды таныстыра отырып, ою ойып, немерелеріне түйме қадауды үйретті. 3-а сыныбынан қатысқан Мерей Сәуле әжесімен тойбастар дәстүрін көрсетіп, көпшілікке кәделер таратты, «Дәм – думан» айдарында әжелеріміз ұлттық тағамдардың дайындалуын таныстырып, көпшілікке ұсынды. Әсіресе 1- сынып оқушысы Берденбекқызы Алияның Гаухар әжесі ұсынған құрт-ірімшігі, 3-ә сынып оқушысы Мухамматова Ақеркенің Зульфия әжесімен дайындаған айраны мен көжесінің дәмі көпшілікке ұнап жатты. Жалпы әжелеріміздің жайған дастарханынан ұлтымыздың дәмді тағамдары құрт пен ірімшігі, қоспасы мен талқаны, қазысы мен шұжығы, тіпті қызымызы да табылып жатты. Байқау қорытындысы бойынша әжелер мен немерелер «Ақылды әже», «Өнерлі әже», «Тапқыр әже», «Мейірбан әже», «Алтын оймақты шебер әже», «Балқаймақ әже» ал немерелер әдепті, «тілалғыш, сүйкімді, ақылды, өнерпаз» сияқты номинациялар бойынша дипломдармен және шағын сыйлықтармен марапатталды. Бұл байқау кішкентай қыздарымыздың ұлттық дәстүр мен өнерге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, үлкенге деген сыйластығын қалыптастыруға үлкен әсер етті.
Әжелер мен немерелер байқауы