Гимназияның 11-ші сынып оқушысы Бихан Боранбай 2017 жылдың ең ақылды оқушысы атанды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының Қорымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры ұйымдастырған сайысқа республиканың түкпір-түкпірінен 5000 оқушы қатысып, озық болған 12 финалист құрмет дипломдары мен бағалы сыйлықтармен: ноутбуктер, планшеттер және смартфондармен марапатталды. Балаларды қошеметтеуге келген қонақтардың арасында Халық каһарманы, қазақстандық космонавт Айдын Айымбетов те болды. Айдын Айымбетов: «Біздің жас вундеркиндтерге тағы да үлкен жеңістер тілеймін», - деп жеңімпаздарды құттықтады. Турнирдің мақсаты: дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылығын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға атсалысу. «Кім білгіш?» онлайн-сайысы Қазақстанда осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Жарысқа қатысу мүмкіндігіне 9, 10, 11-сынып оқушылары иеленген. Ал сайысқа қатысуға керегі – біліммен ұялы телефон. Олар «Кім білгіш?» мобильді қосымшасына тіркеліп, өз білімдерін сынайды. Мұнда спорт, табиғат, өнер, ғылым секілді түрлі тақырыптарға байланысты 25 мыңнан астам сұрақтар берілген. Ұйымдастырушылардың сөзінше, келесі жылдан бастап сайыстың ағылшынша нұсқасы жасалмақ. Ал уақыт өте келе сайыстың интерфейсі мен сұрақтары латын әліп биіне өзгертіледі.
2017 жылдың ең ақылды оқушысы Ақсу гимназиясында оқиды