Иманжүсіп Құтпанұлы (1863, Павлодар облысы, Ақсу ауданы – 1929, Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы) – халық композиторы, әнші, ақын.
Атасы Тұрғанбай датқа (1804 – 1850) Түркістан қаласы маңындағы Шілік өңірінің биі болған. Әкесі Құтпан Кенесары Қасымов көтерілісіне қатысқан. Иманжүсіп жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал, серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, палуан атанады. Иманжүсіп суырып салма ақын, әнші болған. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған. Жаяу Мұса Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес берген, оған өлең де арнаған. Патшалық Ресей өкіметінің қысымына шыдамаған Иманжүсіп 19 ғасырдың аяқ шенінде Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің зорлығына, әділетсіздігіне шыдамай, оларға шығарған өткір өлеңдерін айтады. Жалған жаламен тағы да қуғынға түседі. 1905 – 12 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісуға жер аударылады. Шұбарағаш, Ойжайлау, Лепсі, Қапалда тұрып, бірнеше рет жауапқа тартылған. Иманжүсіп 1913 жылы атамекеніне оралып, Сырдария губубернясының Шиелі болысына қоныстанған. Кеңес дәуірінде тағы да қудалау көрген Иманжүсіп Сарысуға көшіп, 1930 жылы 20 желтоқсан күні тұтқындалған. 2.3.1931 ж. ОГПУ жанындағы үштіктің шешімімен атылып, 1990 жылы толық ақталған. Иманжүсіп – Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. Оның кең ауқымды әндері Арқада, Жетісуда кең таралған. “Сарымойын”, “Бұғалы мен Тағалы”, “Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау”, “Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай”, “Қысырақтың үйірі жирен ала”, “Мен қалайша жалғанда тұрақтайын”, т.б. әндері өр үнді әншінің азаматтығын танытады. Оның әндерін А.В. Затаевичке Қ.Байжанов, Қ.Байсейітов, И.Байзақовтар нотаға түсірткен. Затаевич Иманжүсіптің бірнеше әндерін жазып алып, “Қазақ халқының 1000 әні” атты жинағына енгізген. Соңғы жылдары Иманжүсіптің жаңа әндері де табылып отыр. “Сейфүл-мәлік”, “Сарыарқа” (4 нұсқасы), “Сарыбел”, “Ерейментау” (2 нұсқасы), “Болған жастан” (2 нұсқасы), т.б. әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған. “Сармойын” әні Е.Г.Брусиловскийдің “Қыз Жібек” операсында (Бекежан ариясы) пайдаланылды. 2001 ж. жарық көрген “Иманжүсіп” (авторы Р.Көшенова) атты кітапқа Иманжүсіп әндері толық енген.