Гимназияда өтетін дәстүрлі мерекелер мен шаралар:
· «Дарындыға дархан жол» атты оқу жылы соңында өткізілетін шығармашылық кеш. Кеште оқу жылының қортындысы бойынша білім мен тәрбиеде облыстық, республикалық, халықаралық білім көкжиегінде биік көрсеткіштерге жеткен үздік оқушылар мен ұстаздар аталып, марапатталады. Үздік би, вокал, драма топтары өз өнерлерін көрсетеді. Сондай ақ гимназия президенті, оқушылар ұйымының жетекшісі болашақта Президенттікке өткен үміткерге ұйым жетекшілігін тапсыру салтанатты рәсімі өткізіледі.
· Дарынды оқушыларды қолдау мақсатында «Шабыт-шығармашылық шынары» атты кеш. Бұл кеште өз жадынан өлең шығаратын, әншілікке жаны құмар, бейнелеу, би, спортта биік жетістіктерге жеткен оқушылардың жеке шығармашылығы көпшілікке таныстырылып, тарту етіледі.
· Академик, ғалым, геолог, жерлесіміз Қ.И.Сәтбаевтың дүниеге келген күніне орай гимназияда «Ғасыр данасы» атты апталық өткізу дәстүрге айналды.Апталық аясында практикалық-конференция, зияткерлік ойындар, кіші Сатпаев олимпиадасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қорғау,1-сынып оқушыларын Гимназистер қатарына қабылдау рәсімі өткізіледі.Гимназистер қатарына қабылдауда Гимназия президенті,оқушылар ұйымының белсенді мүшелері 1-сынып оқушыларына Гимназист төсбелгісін таға отырып,олардың антын қабылдайды, өнерлерін тамашалайды. Гимназистер қатарына қабылданған оқушылар, ата-аналар гимназиядағы Сәтбаев мүсініне гүл шоқтарын қойып, тағзым етеді.
· Ұлы даналардың өсиет өнегесін дәріптеп, үлгі тұту, тереңірек танысу мақсатында «Ұлы даналар ізімен» атты танымдық-сапарлар ұйымдастырылады.Гимназия оқушылары Баянауыл жеріндегі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне, Семей қаласындағы Абай Құнанбаевтың мұражайына барып келді.
· Бала-бақша мен мектеп арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында «Гимназия және бала-бақша арасындағы үйлесімділік» атты қалалық практикалық-семинары жыл сайын қаңтар айында өткізіледі. Семинарға Ақсу қаласы бойынша барлық бала-бақшалар тәрбиешілері, әдіскерлері мен директорлары шақырылады. Семинар барысында 1-сынып бойынша ашық сабақтар,тәрбие шаралары, өткізіліп,шағын концерт көрсетіледі.Мектеп табалдырығын аттаған жарты жыл ішінде балалардың қол жеткізген жетістіктері,оқу,жазу дағдылары, тілін дамыту деңгейін байқап, болашақта бірлесіп атақаратын шаралар жоспарланады. Психолог маманның оқушыларды жан-жақты зерттеу, анықтау қортындысы таныстырылады және оқушыларды мектепке дайындау мәселесі бойынша кеңестер беріледі.
· Ата-аналармен серіктестікті нығайту мақсатында жыл сайын ақпан айында «Ашық есік күні» өткізіледі. Алдын ала барлық сыныптың ата-аналарына сол күні өткізілетін ашық сабақтар мен шаралар жоспары таныстырылады.Ата-ана қалаған сабағына қатысып, баласының жалпы сыныптың жағдайын,деңгейін көре алады. Пән мұғалімдерімен, психологпен кеңесу үшін дөңгелек стол ұйымдастырылады. Бұл жиында баланы оқыту,тәрбиелеу, ынталандыру мәселелері талқыланады,сауалнамалар алынып, кеңестер беріледі. Ата-аналар өздерін толғандыратын сауалдарын ашық қойып, не жабық түрде «Сенім поштасына» сала алады. Сабақтардан соң ата-аналар үшін үздік шығармашылық топтардың концерті көрсетіледі.