Қаныш Сәтбаев атындағы

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған гимназиясы

Виртуалды қабылдау
Қойылған сұрақтар: 24
Жаңа сұрақтар: 0
Сұрақты беру
Оқыту материалын тиімді меңгеру үшін қандай әдіс формасы саған ыңғайлы:
Дауыс беру
сыныптастарыңмен топта жұмыс - 388
басқа формалар - 299
мұғаліммен жұмыс - 202
электрондық ресурстардан - 184
өздігінен білім алу - 134
Дауыс бергендер саны: 1207
Нәтижені көру
Түркілердің далалық империясы

1.Қазақстан аумағындағы ерте орта ғасырдағы мемлекеттер (VI-IX ғғ).

VI ғасырдың басында бүгінгі қазақ жерінде аса күрделі бетбұрыстар болған. Алтай-Сібір, Моңғолия жерінде түрік тайпаларының үстем тап өкілдері бірігіп, әскер күшіне сүйенген Түрік қағанаты атты ерте феодалдық мемлекет құрды. Олардың жері шығыс Кореядан бастап, Орта Азияның жерінде қамтылған. Қазақстанда бұл қағандықтың құрамына кірген.

Бұл мемлекет туралы жазба деректер түрік тайпаларының өз тілінде жазылған «Үлкен күлтегін», «Таныкөк» құлпытастарындағы жазуларынан белгілі. Махмұд Қашқари, Рашид-ад-диннің тарихи жазбаларынан көптеген құнды деректер алуға болады. Византия, Қытай тарихшылары да мол мәлімет береді. Қазақстанның тарихында бұл мерзім «Түрік дәуірі» (VI-XIII ғ.ғ.) деген атпен белгілі. Қазақ жерінде көрсетілген мерзімде бірнеше феодалдық мемлекеттер өздерінің саяси-әкімшілік биліктерін жүргізді.

Қазақстанда алғашқы қауымдық құрылыстан кейін V ғасырдан феодалдық қатынастар орнай бастады (немісше феод- «жер», аль- «иесі», яғни жердің иесі деген ұғымды береді.). Ортағасырлық тайпалардың арасында негізгі екі тап: феодалдық табы мен шаруалар табы қалыптасады. Феодалдар мал мен жердің негізгі иесі болады. Феодалдық қатынастардың орнауы Қазақстанның оңтүстігінде басқа өңірлерге қарағанда жедел жүрді. Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының басты ерекшеліктерінің бірі осы феодалдық-патриархаттық қатынастардың орнауы болды.

 

Түрік қағанаты

 

Халықтардың ұлы қоныс аудару дәуірі (II-V ғғ.) Қазақстанның Орта Азия мен Шығыс Европаның этникалық және саяси картасын едәуір дәрежеде өзгертті. V ғасырға қарай Солтүстік Моңғолиядан Амударияның атырауына дейінгі ұлаң-ғайыр территорияны тирек деген жалпы аты бар тайпалар мекендеген. Деректемелер олардың ішінде: бұғу, қарлұқ, бұлақ, эдиз, таринах, толенгет, байырқу, беклі, қыбыр, сығыр, зебендер, тарғай, баргур және т.б тайпаларды атайды.

«Түрік» этнонимінің алғаш рет аталуы Қытай жылнамаларында кездеседі және ол 542 жылға жатады.Қытайлар түріктерді сюннулердің ұрпақтары деп санаған.

542 жылы тирек (теле) тайпалары қазіргі Моңғолияның оңтүстік және орталық бөліктерін мекендеген және бұл территорияларға үстемдік еткен аварларға (жуань-жуань) қарсы шабуыл жасап, кескілескен шайқаста Тумын (Бұмын) басқарған теле тайпалары аварларды күйрете жеңеді де, олардың 50 мыңнан астам әскерлі түріктер тұтқынға алады. Осы кезден бастап, бұрын аварларға вассалдық тәуелділікте болған түріктер енді олардың бәсекелестеріне айналады. 552 жылы көктемде түріктер аварлардың ордасына тағы да шабуыл жасап, оларды күйрете жеңеді, авар мемлекетінің қағаны Анағұн өзін-өзі өлтіреді. Осы кезден бастап бұмын өзін «Ел қаған» деп жариялайды. Түрік қағандығының іргесін қалап, шаңырағын көтереді (552 ж.).

Бұмын өлгеннен кейін таққа оның інісі Қара –Еске отырады (552-553жж.). Бұмынның саяси іс-әрекетін оның мұрагерлі Қара-Еске, Мұқан қағандар жалғастырса, ал қағандықтың батысқа қарай шекарасын кеңейту ісін оның інісі Иштеми (572-576 жж.) жүргізген.

Қытай деректемелеріне қарағанда, б.з. 555 ж. Иштемидің (Силзебул) Орта Азияға қарай жасаған жорықтарының бірінде Арал теңізіне дейін жеткендігін хабарлайды. Ал «Күлтегін» үлкен жазуында Мұқан мен Иштеми қағандардың өз халқын «Темір қақпаға» дейін орналастырған. Мұндағы темір қақпа деп отырған жері Согда елі мен Тохарстан елінің арасында Байсын тауындағы өткел.

Түрік қағанатының күшейіп, саяси жағынан белсенділігі артып, тарих сахнасына шыққан кезі VI ғасырдың ортасы. Бұл кезде түрік қағанаты Силзебул Орта Азиядағы эфталиттерді өздеріне толық бағындыруға әрекет жасайды. Алайда бір шеті Каспий теңізінен, екінші шеті Солтустік Үнді ойпатына дейінгі ұлаң-ғайыр жерді алып жатқан эфталиттерді жеңе қою оңайға түсе қоймайтыны білген түрік қағаны Иран шахы Хұсрау I Ануширванмен келісімге келеді (561-563 жж.).

563-567 жылдары эфталиттермен болған ұрыстарда түрік қағанаты жеңіске жетеді. Алайда, осы жеңістен кейін түрік қағанатымен Иран шахының арасындағы достық ұзаққа созылмады. Оған басты себеп, Шығыстан Батысқа қарай созылып жатқан керуен жолының барлығы дерліктей түрік қағанының қарамағында қалып қоюы Иран шахының түріктерге деген наразылығын туғыза бастайды. Дегенмен, екі ел арасында болған соғыс келісімі 563-567 жылдары эфталит патшалығын жоюға мүмкіндік берді дейміз.

Сонымен еліміздің қазіргі шығыс солтүстіктегі өлкелерінен бастап Каспий теңізіне дейінгі ұлаң-байтақ өңірде түрік қағандығы құрылып күшейді. Олардың ордасы Орхон өзенінің бойында орналасты. Осы өңірде мекендеген қазақ тайпалары да түрік қағанатының қол астына қарады.

Өз ішінде де саяси билік үшін күрес, талас, сыртқы шапқыншылықтың салдарынан ұлаң-байтақ жерді алып жатқан Түрік қағанаты 603 жылы батыс және шығыс түрік қағанаты болып екіге бөлінді.

 

Батыс түрік қағанаты (603-704 жж.).

 

Ежелгі үйсін жерін жайлады. Ол қаратаудың шығыс баурайынан Жоңғарияға дейінгі жерді алып жатты. Қағанаттың астанасы және қағанның қысқы ордасы Шу аңғарындағы Суяб қаласы болды.

Қағандықтың халқының этникалық құрамы «оң оқ бұдын» ру-тайпалары болған. Қаған әрбір оқ бұдыннан 1000 адамға сарбаз алып отырған.

Жазба деректерде қағанаттың саяси-әкімшілік жағынан тарих сахынасына көтерілген кезі Жегу қаған (610-618 жж.) мен Тон қағанның қағандық құрған кездері.

Батыс түрік қағандығындағы билік феодалдық сатылы түрде жүргізілген. Мемлекеттің басшысы-қаған, жоғары билеуші, әскербасы болды. Қағанның билігі шексіз мұрагерлік түрде болды. Батыс түрік мемлекетінде қағаннан кейінгі екінші адам ұлық болған. Үшінші билік қаған руының үстем тап өкілдерінің қолында болды, оларға яғбу, шад, елтебер, тегін сияқты атақтар берілген. Сот қызметтерін бұйрықтар мен тархандар атқарды. Бектер-тайпа бастықтары мен өкілдері жергілікті жерлерде қағанның негізгі тірегі болған. Қара жұмыс істейтін қанаушы халық түркі тілінде «қара бұдындар деп аталған».

Түрік қағанаты көшпелі мал және егіншілік шаруашылығымен шұғылданды.

Жетісу бойында түріктердің қалалары өркендей бастады. Қалаларда сауда-саттық кеңінен жүргізілді. Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласына орта Азия және Қытай жерінен неше түрлі заттар әкеп сататын болды. Ұлы Жібек жолының Түрік қағанаты жерінен өткендігі сауда мен қолөнердің дамуына әсер етті.

Түріктердің ежелгі көне жазуы болған. Бізге белгілі Орхон-Енисей жазуы Батыс түрік қағанатының мәдениетінен дерек береді. Моңғолия жерінен табылған Білге қағанның, Күлтегеннің, Тоныкөктің Орхон жазуы бар құлпытастары қағанат мәдениетінің жоғарғы дәрежеде дамығанын көрсетеді. Бұл ескерткішті 716 жылы жазған. Ескерткішті алғаш рет Данияның ғалымы Томсон оқыған. VII ғасырда Батыс түрік қағанатында жазба әдебиеті дамыған. Осы ескерткіштегі тасқа қашап жаздырып қалдырған Білге қағанның «Ілгері-күн шығысында, оң жақта-күн ортасында, кейін-күн батысында, сол жақта-түн ортасында-осының ішіндегі халықтың бәрі маған қарайды» деуі түріктердің қаншалықты зор мемлекет құрғанын көрсетеді. Жалпы алғанда түріктердің мәдениеті көп халықтарға қарағанда жоғары деңгейде болды.

Сонымен, Батыс түрік қағанатында әлеуметтік-экономикалық және саяси қатынастардың ала-құлалығына, үстемдік ету мен бағыну формаларының алуан түрлілігіне қарамастан, Батыс түрік қағанатында таптардың құрылу және ежелгі феодалдық қатынастардың біршама тез қалыптасу процесінің жүргені аңық. 

Түргеш қағанаты (704-756 жж.).

 

Батыс түрік қағанатындағы 16 жылға созылған (640-657 жж.) екі тайпаның (Дулу мен Нишаби) арасындағы соғыс қағандықтың саяси жағынан мүлде әлсіретеді. Батыс түрік қағанатының мұндай іштей әлсіреп жатқанын білген Қытай Тан империясы оның жеріне басып кіреді. Түрік тайпалары, әсіресе, түргештердің саяси белсенділігінің арқасында өздерінің ұзақ жылдарға созылған соғыстың нәтижесінде тәуелсіздігін жеңіп алады. Сөйтіп, VIII ғасырдың басында Батыс түрік қағандығы құлап, оның орнына түргеш қағандығы пайда болады (704 ж.). Олардың билеуші әулетінің атасы Үш-Елік қаған (699-706 жж.) болды. Ол Жетісудан Бөрішадты қуып шығып, Ташкенттен бастап, Бесбалыққа дейін төселіп жатқан жерде өз үкіметін орнатады. Ол ордасын Шу бойындағы Суябқа орналастырды. Оның екінші ордасы Іле өзені жағасындағы Күнгіт қаласында болатын.

Саяси әкімшілік билік қағандықтың ең жоғарғы атағы Басқағанның қолында болды. Ол қағандықты 20 әкімшілік аймақтарға бөлген. Әрбір әкімшілік аймақты тархандар басқарған, аймақтар 7000 әскер жинаған.

Түргеш қағанатында Үш-Еліктен кейін оның мұрагері болып, баласы Сақал-қаған (706-711 жж.) таққа отырды. Түргеш мемлекетінде ішкі бірлік болмады. Мемлекеттің сыртқы жағдайы да аса қиын еді. Сақал-қаған тұсында түргештер батыста соғдылармен бірге арабтарға қарсы табанды күрес жүргізіп жатты, оңтүстікте оларға тан әулетенің әскері зор қауіп төндіріп тұрды, ал шығыс жағынан орталық Азия түріктері айбат шегумен болды. Шығыс түріктер қағаны Қапаған 711 жылы Болучу түбінде (Жөңғария) өткен соғыста түргештерді күйрете жеңеді, ал түргештердің қағаны Сақал тұтқынға түседі.

Екі тайпаның арасындағы тартыста қара түргештер жеңіске жетіп, оның ішінде шапыш тайпасының тарханы Сұлық (Сұлу) қаған болады (715-738 ж.ж). Ол астанасын Тараз қаласына көшіреді.

Сұлудың қағандық құрып тұрған кезде түргеш қағандығының ішкі-сыртқы жағдайының шиеленісіп тұрған мезгілі еді.

Сұлу қағанға өз қағандығының тәуелсіздігі үшін екі жақтан күрес жүргізуге (батысқа және шығыска) тура келді. Батыстан басты жау арабтар болса, шығыстан Қытай өкіметі қауіп төндіріп турды.

Сұлық қаған Тохарстандаға арабтарды біржола талқандау үшін 737 ж. ондағы қарлұқтармен бірлесе отырып, ойдағыдый соққы берген. Ол соғыс майдандарында өзінің тікелей қатысуымен жеңістерге жетіп отырған. Сол үшін де арабтар Сұлу қағанға «Сүзеген» деген ат қойған.

Сұлу қаған шығыстағы жағдайында бейтарап болу үшін әскери келісім шарт жасаумен қатар дипломатиялық әрекеттер жүргізген. Шығыс түрік қағанатының белгілі қағаны Білге мен Тибет патшасының қыздарына құда түсіп, оларды құдандалық байланысты ұстап, саяси жағдайының шиеленісіп кетпеуіне аз да болса мүнкіндік туғызған.

Халықаралық жағдайлардың түргеш қағандығының пайдасы үшін шешілуіне саяси белсенділік көрсетіп жүрген Сұлу қаған Жетісуға оралған кезде 738 жылы өзінің бақталастарының қолынан құрбан болды. Оның қолбасшысы да 739 жылы Сырдарияның бойында арабтардың қолында мерт болды.

Сұлудың орнына оның баласы Тұқарсын Құт-шар қаған болды. Алайда оның қағандық құрған мезгілі бар-жоғы екі жылға ғана созылған. Бұл кезде сары-қара түргештердің арасындағы талас-тартыс ұшығып кеткен еді. Екі тайпаның арасындағы күрес тура 20 жылға созылып қағандықтың саяси және экономикалық жағы мүлде әлсірейді.

Түргеш қағандығының мұндай ауыр жағдайларын біліп отырған қытайлар өздерінің Куш қаласындағы әскерлерін Жетусуға аттандырып 748 жылы Суябты жаулап алады. Одан соң Шашты (Ташкент) алып, оның әмірін өлтіреді. Шаш әмірінің баласы арабтарды көмекке шақырады. 751 жылы Таразға (Талас) жақын жердегі Атлах қаласы түбінде аббаситердің әскербасы Зияд ибн Салих пен Қытай қолбасшысы Гао Саяньжи арасында орасан зор соғыс болады. Айқас бес күнге созылады. Қытай әскері толық күйретіледі. Тан әскері енді Жетісу шебін ғана емес, ұйғырлар мен тибеттердің қысымымен Шығыс Түркістанды да тастап кетуге мәжбүр болады. Талас алқабында арабтар да табан тіреп тұралмай, Шашқа қарай шегініп кетеді. Бірақ ішкі қарқыс, жікке бөлінушілік Түргеш мемлекетін әбден әлсіретіп, тұралатып тастаған еді, сол себепті де ол 756 жылы (766) түрік тілді қарлұқтар тайпаларының тегеурінді шабуылына шыдамай құлап бітеді.

Сонымен 756 жылы түргеш қағандығы құлап, оның орнына қарлұқ қағандығы құрылады.

Түргеш қағанаты Батыс түрік қағанатының мемлекеттік-әкімшілік, әскери және әлеуметтік-мәдени дәстүрлерін жалғастыра берді. Археологиялық зерттеу жұмытарының кезінде Тараз, Баласағұн қалаларынан Түргеш қағанатының Қытай жазуымен жазылған төрт бұрышты ортасында тесігі бар, теңгенің табылуы Қытаймен сауда қатынасының дамығандығын көрсетеді. Олай болса, сондай ауыр талас – тартысқа, соғыстарға қарамастан, Қазақстан жерінде түркі дәуірінде өмір сүрген бұл қағандықтардан тарихи із қалған.

 

2.Дамыған ортағасырлық мемлекеттер (X-XIII ғғ.). 

Қарахан мемлекеті (942-1210 жж.). Қарахан мемлекетінің құрылуы.

X ғасырдың орта кезінде Жетісу аумағында және Шығыс Түркістанның (Қашғардың) бір бөлігінде әлеуметтік құрылымы біршама дамыған Қарахан мемлекеті пайда болды. Орталыға – Баласағұн қаласы. Қарахан мемлекеті тарихының бастапқы кезеңі жөнінде сенімді мағлұматтар деректемелерде сақталмаған, ал алғашқы Қарахандар туралы әңгімелер жартылай аңыз сипатында болып келеді.

Жазба деректерге қарағанда, Қарахан мемлекетінің құрылып, оның дамуының алғашқы кезенің саяси тарихында, қарлұқ тайпалар бірлестігінің орны ерекше болған. Мәселен: Қараханид мемлекетінің негізін қалаушы Сатұқ Бограхан (915-955 жж.), Қарлұқ қағаны Білге Қыдырханның немересі. Сатұқ Бограхан Таразды билеуші Оғұлшаққа қарсы шығып, оны талқандайды, сөйтіп Тараз бен Қашқарды бағындырады; 942 жылы ол Баласағұнда билеушісін құлатып, өзін жоғарғы қаған деп жариялайды. Жаңа билік иелерінің басшысы өзін «қара қаған » немесе «қара хан» деп атады. Осыдан келіп тарихта бұл әулет қарахандықтар әулеті деп аталды. Шынына келгенде, Қарахан мемлекетінің тарихы осы уақыттан басталды.

Сатұқ өлгеннен соң билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы қағанаттың мемлекеттік діні ислам деп жариялады. Оның астана қаласы-Қашқар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен–ілек Баласағұнды иеленді. Мұса өлген соң жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арслан-ханға көшті. Оның екінші жерінің орталығы Қашқар болды, сонымен қатар ол Тараз бен Баласағұнның да билеушісі болып есептелді.

Қарахан мемлекетінің саяси тарихы ол өмір сүрген алғашқы ондаған жылдың өзінде-ақ негізінен екі әулеттің Әли Арслан-хан мен Хасан Боғра-ханның ұрпақтары арасындағы өзара қырқысқан күреске толы болды.

Мемлекеттің этникалық құрамы: шігіл, яғма, қарлұқ, оғыз, қаңлы сияқты т.б түрік тілдес тайпалардан тұрған. Шігіл және Яғма тайпалары негізгі роль атқарған. Өкімет басындағы билеушілер алма-кезек осылардан тұрған.

Өкімет ұймы-мемлекеттік қурылым.

Жоғарғы өкімет билігі хақанның (ханның) қолында болды. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Үстем тап өкілдеріне ханның ұрпақтары тегіндер, ілек (ел) хандар, бектер, нөкерлер жатқан. Билік үлестік жерлер арқылы жүргізілген. Ұлестік жерлер ірі жене кіші болып бөлінген. Хақанның сарай маңындағы қызметкерлерінен құралған тұрақты ұйымы болды. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болды, ол әрі көмекші , әрі кеңесші болып саналады. Қараханидтер кезіндегі уәзірлер, қарлұқ қағанының «көл-еркіндеріне» ұқсас . Махмұд Қашқаридің жазуына қарағанда, «көл-еркіннің» мәні көл-кесір, ұшаң-теңіз, ақыл-ой деген мағынаны білдірген. Шындығында, қазақша уәзір сөзі ақыл-ойдың кені..

Хақанның мемлекеттік саяси-әкімшілік іс жүргізетін жері-орда деп аталған. Онда сарай қызметкерлері тұрған. Олар: хақанның уәзірлері, нөкерлері, орынбасарлары, қазынашылары, елшілері, хат жүргізушілері, аспапшылары және т.б жеңіл-желпі жұмыс істейтіндер.

Қараған мемлекетіндегі қоғамдық құрылыс басқару тәртібі, жер иеленудің түрлері, алым-салық алудың жүйесі, әлеуметтік теңсіздік, қанаудың түрлері туралы сөз еткенде, орта Азиядағы мемлекеттердегі қоғамдық құрылыстың әсері болғандығын ескерген жөн. Мәселен, отырықшы-егіншілік округтерде негізінен саманилер тұсында қолданылған құрылымда сақталды. Мұнда бұрынғысынша қоныс және қала басшылары (мехталар, әкімдер, раистер) болды. Сонымен бірге ілік-хандар тұсында, сахиб-барида (мәліметшілік қызметтерде қоса атқаратын почта бастықтары), мұстауфалар (финанс –салық ведомствосының чиновнигі мен бастығы) және т.б да лауазымдар сақталды.

Қырдағы аймақтағы мал шаруашылығымен айналысатын халықты басқару тәртібі басқаша болды. Ол да иерархиялық принциптерге негізделіп тұрса да, көшпелі қауымдардың әкімшілік басқаруы рулық-тайпалық басшы топтар арқылы, көбінде елші басына, бектер мен хандарға бағынатын ру басылары арқылы жүзеге асырылды.

Қарахан бектерінің билігі әжептәуір мол болды. Олар тәртіп сақталуын қадағалады, оларға сот үкімдерінің және әдеттегі право нормаларының (тору) орындалуын бақылау міндеттелді, шекараларды қорғау да соларға жүктелді.

Қарахан елші- басшылары, бектер мен хандар (ел) ілек-хандарға бағынды, олар үлесті жерлердің билеушілері болды. Хақандар тәрізді олардың өз әкімшілік орталықтары қызметін атқарған сарайлары (қаршылары) және тұрақты ставкалары (ордалары) болды. Ілектер үлесті жерлердің қалалары мен селолық округтерін басқарды. Шонжарлар арасында ілектің алдында жерді сүю дәстүрі болды, бұл вассалдық билеушіге (сюзеренге) тәуелділігінің белгісін білдіретін.

Тұтас алғанда Қарахан мемлекетінің мемлекеттік-әкімшілік жүйесі феодалдық негізде орнықты. Ол отырықшы және көшпелі халық бұқарасын қанап, бағынышта ұстау мақсаттарына қызмет етті.

Жер иелену түрлері. Икта.

Алғашқы кезде бұрыңғы мемлекеттік құрылымдардың дәстуррлерін жалғастырған Қарахан мемлекеті, алайда, экономикалық тұрғыдан да, әлеуметтік тұрғыдан да, олардың қарапайым қайталануы болған жоқ. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды институт әскери- лендік жүйе болды. Хакандар мемлекетке халық жиналатын жерлерді өздерінің туыстарына және жақын адамдарына тарту етіп сыйға берді. Мұндай тартулар парсы тілінде «Икта», ал иеленушілер иктадар деп аталынса, арабша иеленуші «Мукта» деп аталынған. Деректерде иктасы бар мукта, муктаны жаудан қорғауға тиісті болған. Бір ескеретін жағдай, икта муктаға заңды түрде бекітіліп берілмеген. Ал муктадар иктаны өздеріне мәңгі мұрагерлікке бекітіп алуға тырысып отырған.

Иктаны берудің бірнеше жолдары болған. Ол муктаның қоғамдағы орнына байланысты болды. 
1. Егер мукта қаған әулетінен болса, оған ірі жер үлестері берілген. 
2. Орташа үлестік жерлер бектерге. 
3. Кіші үлестік жерлер тәуелді қызметкерлерге берілген.

Қарахан мемлекетіндегі жер иеленудің және бір үлкен көп тараған түрі әскери үлестік (лендік) жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілетін болған. Үлеске берілетін жердің мөлшері әскери қызметтердің дәрежесіне, сіңірген еңбегіне, қоғам алдындағы бет-беделіне байланысты болды. Шамасы, әскери үлестік жерлер сарбаздар арсында да бөліске түскен. Кейбір деректер, әскери қызметкерлерге заттай, ақшалай да ақы берілгендікті хабарлайды. Үлестік жер алғандар да, иктадарлар да өздерінің билеушілерінің алдында қажет болған кезде, қару-жарағымен қаруланған сарбаздарымен қызметке дайын болған.

Иктамен қатар жер иеленудің басқа да түрлері болды. Қарахан билеушілері қазынаға түсетін салықтардың көзі және уақытша сыйлық беру қоры болған үлкен-үлкен жер учаскелерін иеленді. Бұл қарахан әулетінің жаулап алынған жерлер, сондай-ақ мемлекет қарамағындағы жерлерден тұрды.

Ірі жер иеленумен қатар мұсылман дін басыларының негізгі материалдық базасы діни мекемелердің пайдасына атақты және бай жер иеленушілер мен көшпелі-әскербасылары өсиет етіп қалдырған учаскелерден тұратын вақфтық жерлер де болды. Әдетте, вакфтық жерлерден мемлекет пайдасына салықтар алынбады. Ірі және орташа феодалдық жер иеленумен қатар ұсақ шаруалар меншігі мен қауымдық иелену сақталды.

Жері жоқ шаруаларды қанаудың кең тараған түрлерінің бірі үлескерлік арқылы жүзеге асырылды. Араб және парсы–тәжік деректемелерінде үлескерлер (шаруарлар) музари немесе барзигар деп аталды. Үлескерліктердің мәні мынада болды: мемлекеттік немесе мұрагерлік жолмен жер иеленушілердің меншігіндегі жер шаруаларға жалға берілді. . Үлескер (шаруа) түсімінің көбін салық түрінде мемлекетке және жерді меншіктенушіге не вакф (вақфтық жер де жалға берілді) иесіне беруге міндеттенді. Үлескерлерге айналушылар әдетте өзінің суармалы жер учаскелері жоқ шаруалар еді.

X-XII ғғ. Қарахан мемлекетінде шаруаларды қанаудың екінші бір түрі коммендация. Оның мәні, ұсақ жер иелері немесе орта шаруалар семьясының, азық-аулақ мал-мүлкі мен байлығы күштілердің таражға түсуінен, зорлық-зомбылығынан сақтану үшін күштілердің қорғануына (патронатына) берілуі. Ол үшін кедейлер өздерінің «қорғаушыларына» тиісті алым-салық төлеп отырған. Дәл осындай жағдай мал шаруашылығымен айналысатын аудандарда да болды.

Өндіргіш күштің өсуіне, өндірістік тәсілдің дамуына байланысты коммендациялық қанау түрі де өзгеріп отырған. Малсыз, жерсіз қалған шаруалар, кедейлер үстем тап өкілдерінің тәуелділігіне толық түсіп отырған. Олар өздерінің «қорғаушыларына» алым-салықпен өтей алмаса, өздерінің борыштарын жауынгерлік қызметпен немесе жұмыспен өтеген.

Сонымен жоғарыдағы көрсетілген әлеуметтік жағдайлар, Қарахан мемлекетінің өзінен бұрыңғы феодалдық мемлекеттердің жай ғана жалғасы болып қоймай, олардың дамыған жалғасы екендігін көрсетеді. Олай болса бұл кез (X-XII ғғ.) Қазақстанның Өңтүстік және Оңтүстік-шығыс аудандарында феодалдық қатынастың қалыптасып болғандығына толық дәлел.

 

Қыпшақ хандығы (XI ғ басы-1219 ж.). Қыпшақ және олардың қоныстануы.

 

«Қыпшақ» атауы ең бірінші рет 760 жылы ежелгі түріктің руникалық ескерткіштерінде аталады. Мұсылман деректерінде қыпшақтар тұңғыш рет араб географы Ибн Хордабектің (IX ғ.) жылнамалық жинағында ұшырасады.

656 жылы Батыс түрік қағанаты құлағаннан кейін Алтай тауының Солтүстік жағы мен Ертіс өңірін жайлаған қыпшақтардың едәуір мол топтары кимектердің басшылығы мен тайпалар одағының өзегін құрайды. Алайда негізгі қыпшақ тайпаларының өзін-өзі билеуге ұмтылған талабы VIII ғасырдың соңында оларды кимек мемлекетінің құрамынан бөлініп, батысқа қарай көшуіне апарып соғады. Бірақ қыпшақтар түбірлі тәуелсіздікке жете алмайды, олар VIII-X ғғ. кимек мемлекетінің құрамында болып, қыпшақтар тарихы кимектер тарихымен қоса өрледі.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты тарханнан кейін, кимек, қыпшақ және қуман тайпаларының бұрын жайлаған жерлерінде әскери саяси жетекшілік қыпшақ хандарының қолына көшеді. Қыпшақтың өкімет басына келген ақсүйектер әулеті оңтүстік және батыс бағыттарында белсенді қимыл-әрекеттерге кірісіп, Орта Азия және Оңтүстік Шығыс Европа мемлекеттерімен тікелей байланыс жасауға кіріседі.

Аймақтағы этникалық саяси ахуалдың өзгеруіне сәйкес, XI ғ. екінші жартысында жазба деректерде бұрын осы жерде бұрын аталып келген «Оғыздар даласының» (Мафазат әл-гуз) орнына Дешті- қыпшақ аты пайда болды.

Ертістен Днестірге дейінгі бүкіл территорияны алып жатқан Дешті-қыпшақтың тарихи географиялық облысын шартты түрде Еділ бойы арқылы аса үлкен екі этникалық-территориялық бірлестікке бөлуге болады: басында тоқсоба рулық әулеті тұрған Батыс қыпшақ бірлестігі және Ел-бөрілі руының хан әулеті билеген Шығыс қыпшақ қағанаты.

Қыпшақ этникасының қазақ территориясында құрылуы аса ұзақ процесс болған, ол үш кезеңге бөлінді: 
1.VII-VIII ғғ. Kимек қағанатының құрамындағы қыпшақтар; 
2.VIII-IX ғғ. Алтай тауларынан батыстағы Еділ өзеніне дейінгі террторияға қоныстанып, саяси үстемдік алған қыпшақтар; 
3.XI-XIII ғғ. Шығыс ұлыстағы айбынды қыпшақтар.

XI ғ. екінші жартысынан бастап қыпшақтардың этникалық құрамына енген негізгі тайпалар: қимақтар, баяндурлар, баяуттар, қаңлылар, ұран тайпалары. Әбу-л-Ғазиздің хабары бойынша Ыстық көл мен Талас жағалауына қоныстанған қаңлылар да кірген.

Рашид-ад-Диннің жазуына қарағанда, қыпшақ қоғамында ұран тайпасының беделі ерекше болған. Оған себеп Хорезм шахы Мұхаммед II шешесі Туркан-Хатун осы ұран тайпасынан болған. Моңғол шапқыншылығының қарсаңында қыпшақтармен Хорезм шахының арасындағы жақсы қатынас болған тәрізді. Сонымен қатар қыпшақ әскер басшыларының көпшілігі де ұран тайпасынан болған.

Қыпшақтардың құрамына көрші жатқан түркі тілдес тайпалар да қосылған. Қыпшақтардың саяси салмағының күн санап өсіп бара жатуына байланысты, тайпалар мен этникалық топтар, өздерінің бір этносқа жататынын саналы түрде сезе отырып, қыпшақ атын алады. Алайда қыпшақ жұртынын құрылып, қалыптасуының аяққы кезенін моңғол басқыншылығы үзіп тоқтайды.

Қоныстануы.

XI ғ. орта кезінде қыпшақтар қазіргі Қазақстанның шығысындағы Алтай мен Ертістен бастап, Оңтүстігіндегі Балқаш көлінен теріскейдегі Оңтүстік Батыс Сібірдің орманды дала аймағына дейінгі кең территориясына тарап, емін-еркін қоныстанды.

Қыпшақ хандары өз мемлекетінің шекарасын кеңейте отырып, Оңтүстікте Тараз қаласының маңына дейін жетеді, сөйтіп Қарахандармен шектесіп жатқан жерден Қанжек Сеңгір бекінісін салады.

Қыпшақ тайпаларының этникалық территориясы өздерінің этникалық-саяси бірлестігі шебінің тұрғысынан қарағанда, негізгінен тұрақты болған, тек Оңтүстік-батыс шекарада XII ғ. 30-жылдарынан бастап Хорезм шахтар мемлекеті тым белсенді саясатты жүргізуге көшеді.

Хандықтың құрылуы.

Сырдария бойындағы Оғыздар мемлекетін, Орта азиядағы Хорезм шахтар және Қарахандар әулетімен соғысқа және соқтығыстарға әкеліп жеткізген. XI ғ. бірінші жартысында буырқанған дауылды оқиғалар қыпшақтар мемлекетін құрудың обьективті себебіне айналды.

XI ғасырдың басында Кимек қағанаты құлағаннан кейін Ертістен Еділге дейінгі кең аумақ қыпшақтардың қолына өтті. Осылайша, Қыпшақ хандығы (XI ғ.-1219 ж.) пайда болды. XI-XII ғғ. Орталық Азия мен Шығыс Европадағы түркі тілдес халықтардың ішіндегі саны жағынан ең көбі қыпшақтар болды. Ордасы Сығанақ қаласы.

Қыпшақ мемлекеті өзінің саяси жағынан күшейіп тарих сахнасында елеулі көтерілген кез XI ғасырдың ортасы.

Қыпшақ хандарының билігі әкесінен баласына мұраға қалып отырған. Хандар шығатын әулеттік ру-ел бөрілі деп аталынған. Махмұд Қашқаридің айтуына қарағанда, XI-XIII ғғ басындағы қыпшақ хандары әулетінің алғашқы атасы Абар хан болған екен (Табар). Орда деп аталатын хан ордасында ханның мал-мүлкі мен армиясын басқарған ханның басқару апараты орналасты. Әскери-әкімшілік жағынан Қыпшақ хандығы көне түрік дәстүрлерін сақтап, екі қанатқа бөлінген. Оң қанаты Ордасымен Жайық өзені бойында, Сарайшық қаласының орнында, сол қанат-ордасымен Сығанақ қаласында тұрған. Оң қанат екіншісінен күштірек болған. Әскери ұйымдар мен әскери-әкімшілік басқару жүйесіне айрықша маңыз берілген, өйткені олардан көшпелі тұрмыс ерекшелігі толық көрінген және олар көшпелі өмірге мейлінше сай, мейлінше қолайлы болған.

Билеуші ақсүйек топтарының (хандар, тархандар, басқақтар, югурлар, бектер мен байлар) қатал иерархиялық жүйесі айқын көрініп отырған, бұған қоса рулар мен тайпалардың өзі де әлеуметтік маңызына қарай болінген. Орталық Азиянын көшпелі мемлекеттерінде рулар мен тайпаладың қатаң иерархиясы қоғамдық және тайпалардың қатаң негізгі принципі болды.

Қыпшактардың қогамдық қурылымы.

Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және жіктік жағынан тең болмаған. Мүліктік теңсіздіктің негізі- малға жеке меншік болып табылады. Негізгі байлық жылқының саны болған. Жазба деректер хабарына сүйенсек, қыпшақтар еліндегі көптеген кісілердің бірнеше мыңнан жылқысы болған, ал кейбіреулерінің жылқысының саны 10 мыңға жеткен және одан да көп болған. Ибн Батутаның (араб тарихишсы) хабарына қарағанда, жеке меншікті бұзған адам қатал жазаланған, кәдуілгі хұқтың (төрелік айту) нормасы олар айыпталуға тиіс деп есептелген. Мәселен: егер біреудің атын ұрласа, атты қайтарумен бірге 9 ат айып беруге тиісті болған.

Төменгі топқа малы аз шаруалар жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретіңде пайдаланылды, ешқандай құқы болмаған. Ондайлар Орта Азия, Шығыс елдеріне құлдыққа сатылып отырған. Шежіреде қыпшақ мемлекетінде қарапайым адамдарды «ерлер» деп атаған. Олар заң жүзінде ерікті болғанымен іс жүзінде үстем тап өкілдеріне тәуелді болған. «Ерлерден» хан есебінде жасақтар құрылды. Махмұд Қашғаридің жазуы бойынша малы жоқ кедейлер жатақтар деп аталып, көп жағдайда олар ханның немесе үстем тап өкілдерінің тәуелдігіне түскен.

Сөйтіп, қыпшақ хандығы қалыптасқан ерте феодалдық мемлекет болды, ол көнетүрік мемелекетінің дәстүрін дамытып, жалғастырды.

3. Орта ғасырдағы Қазақстанның рухани мәдениеті .

Тіл және жазу.

Түркі дәуірінде (VI –XII ғғ ). Қазақстанда өмір сүрген ру – тайпалардың түркі тілінде сөйлегендегі түркология ғылымында толығымен дәлелденген. Алайда, тіл ғылымның зерттеулеріне қарағанда, негізгі түркі тілдес қарлұқтардың, қимақ – қыпшақтардың, оғыздардың, ұйғырлардың, қырғыздардың т. б. ру – тайпалардың өздеріне тән диалектілерінің бар екендігі анықталған .

Археологиялық зерттеулерде түркі тілдес ру – тайпалар өмір сүрген жерлердегі ескерткіштерден үлкен – кіші екі жүзден астам көне түркі тіліндегі жазба деректер табылған. Оның ішінде Орхан, Енисей өзендерінің бойындағы Күлтегін, Тоныкөк «алтын тас кітабы» жазулары белгілі болса, қазақ жеріндегі Талас өзені бойындағы Тереңсайдан табылған және т.б. жазулар белгілі.

Түркі тіліндегі жазулар тіл ғылымында руна жазу деп аталған. Ол скандинавия халықтарының тілі бойынша, сыры ашылмаған құпия жазу деген сөз. Бұл жазудың оқылу сырын ашқан сол халықтың атақты тіл білімнің ғалымы Дания университетінің профессоры В.Томсон. Одан кейін Орхан жазуларын орыс тілінде аударған тюрколог ғалым В.Радлов болды. Сөйтіп, ХІХ ғ. аяғында руна жазуының құпия сырының ашылуы ертедегі түркі тілдес халықтардың да өздеріне тән жазуларының болғандығын көрсетеді.

Түркі жазуында бір – бірімен қосылмай жазылатын 38 әріптерден тұратындығы белгілі.

Түркі дәуірінен қалған атақты «Күлтеген», «Білге қаған» сияқты тасқа жазылған дастандар қазақ тіліне аударылып, біздің оқырмандарымыздың қолына тиіп отыр. Қазақ халқы ол дастандарды өздерінің төл дүниесіндей қарсы алды. Оған басты себеп, ондағы жазылған әдет – ғұрып, салт – сана, діни – наным, сенім, мақал – мәтел, батырлық жырлардың үлгілері бәрі, халқымыздың тірлік – тіршілігінен алынғандай ұқсас. Бұл мұралар қазақ халқының ертеден келе жатқан бастауы.

Х ғасырдан бастап ислам дінінің қазақ жерінде етек жая бастауы араб жазуының түркілер арасында ене бастағандығын көрсетеді.

Түркілер арасынан шыққан атақты ғалымдар, ақын–жазушыларымыз Әл – Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашғари, Ахмет Яссауилер өз шығармаларын араб жазуымен түркі тілінде жазған. Ал ХІІ ғ. бастап түркі жазуы жазылуы жағынан өмірден шыға бастайды. Дүние жүзіне әйгілі болған жерлесіміз Әл – Фарабидің көптеген еңбектері араб тілінде жазылған.

Діни нанымдар.

VI–XII ғасырлардағы Қазақстан территориясындағы халықтардың арасында алуан түрлі діндер, нанымдар мен сенімдер орын алып отырды. Түркілердің зираттарынан табылған заттар олардың ата – бабалардың әруағына табыну о дүниелік өмірге сену көрсетеді. Олардағы басты бір наным – отқа табыну. Оны археологиялық зерттеулерден жерленген адамдардың заттарымен, мініс аттарымен бірге өртеліп қойылатын әдет – ғұрыптары да анықталған. Ол адам денесін отпен аластау болса керек. Түркілер табиғатқа да табынған. Олар өлген адамның денесін жер ананың қойынына өртеп, күл мен көмірін ғана жерлеген. Егер адам көктемде немесе жазда өлсе, ол адамның туған – туыстары бір төбеге жиналып киіз үй тігіп, алып барған малдарын құрбандыққа шалып, одан кейін өлген адамның мәйітін, атын, заттарын өртеп, уақытша сақтап, күзде шөп сарғайғанда ғана жерлейтін болған. Ал егер адам күзде не қыста қайтыс болса, ол адамды жоғарыдағы әдет –ғұрыптарын жасап, көктемде жер көгеріп, шөп шығып, жапырақтар жайқалабастаған кезде жерлейтін. Бұл әдет наным – сенімнен табиғаттыңтөрт кезеңіне толық табынуды байқатады.

Түркілердің көкке немесе аспан әлеміне сиынушыларын күлтегін жазуындағы мына шумақтан анық байқалады: 
- Көкке түркі тәңірісі, 
- Тәңірі қуат берген соң, 
- Тәңірі жарылқағандықтан.

Мұндай әдет, наным – сенімдер қазақтарда бүгінгікүнге дейін орыналыпжүр. Түркілерде адам баласының тірегі тіршіліктің тұтқасы, отбасы, ошақ қасы болып табылатын анаға «Умай ана» деген ат беріп, оған табынған. Жетісу қазақтардың «Умай анаға» табынатын Ш. Уәлиханов та жазған болатын. Кейбір жазба деректерге қарағанда, қимақтар мен қыпшақтар күнге, жұлдыздарға табынған.

Археологиялық зерттеулерге қарағанда, түркілерде христиан, манихей, будда діндері болған.

Түркі тайпалары ІХ ғ. бастап жаппай мұсылман дініне ене бастайды. Ал мұсылман дінінің мемлекеттік дін есебінде алғашқы болып қабылдаған Қарахан мемлекеті. Сатұқ Бограханның баласы Муса ханның билік құрған жылдары (960 ж.).

Сөйтіп, Х ғ. бастап Оңтүстік Шығыс Қазақстан жерлерінде мұсылман діні кең түрде етек жая бастайды .

4. Орта ғасырдағы Қазақстанның материалдық мәдениеті.

Жеріміздегі түркі дәуірінің алты ғасырға жуық (VI–XII ғғ.) мерзім ішінде өмір сүрген түрік, батыс түрік, түркеш, қарлұқ, оғыз, қимақ, қыпшақ және қараған хандықтарының әрқайсысының өздеріне тән дамыған материалдық мәдениеттері болды. Алайда, олардың мәдениеттерін жеке – жеке талдап көрсету мүмкін болмай отыр. Төбе –төбе болып жатқан қыстақ кенттермен қала жұрттарының орындарына жүргізілген археологиялық жұмыстар, түркі тілдес тайпалардыңVI–XII ғғ. өзінде тұрақты мекен – жай салып отырықшыланған өмірлерін байқатады. Әсіресе, Қазақстанның оңтүстік және шығыс аудандарында отырықшылық басым болған.

Түркі дәуіріндегі обалардың адамдарды киімдерімен жерленгендер белгілі. Мәселен, Солтүстік, Шығыс Қазақстан жеріндегі зираттардан былғары қамзолдар табылған. Зираттардан жүннен токылған көйлектер, теріден жасалған тон, ішіктердің қалдығы кездеседі. Түркілер тамаша етікшілер болған. Табылған аяқ киімдердің ішінде өкшесі биік емес, қайқы бас етіктер және кебіс қалдықтары кездескен. Сол сияқты теріден белдіктер, тамаша безендірілген кеселер де болды. Әсіресе, кеселер алтын, күміс және қымбат бағалы тастармен безендірілген.

Материалдық мәдениеттің көрінісінің бірі сәулет өнері. Тараз маңындағы Бабаджа – хатун кесенесі (Х–XII ғғ.) орта ғасырдағы сәулет өнерінің ең ертедегі ескерткіші болып табылады. Осыған жақын орналасқан Айша бибі кесенесі (Х– XII ғғ.) және Тараздың өз ішіндегі Қарахан кесенесі де көне заман ескерткіштері.

Сырдария, Талас, Шу, Іле, Испиджаб, Отырар, Тараз, Сығанақ, Баласағұн, Суяб, Мерке, т.б қалалар және егіншілік оазисі мен көшпенділер даласы арасындағы Ұлы Жібек жолында Батыс пен Шығыс арасында қолөнер, сауда және байланыс орталықтары болды.

Сонымен VI–XII ғғ. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар қыпшақ –оғыз, қарлұқ–ұйғыр тілдерінде сөйлеп, осы тілдерде тарихи-әдеби шығармалар шығарып, өмір сүрген.

Х–XII ғғ. материалдық мәдениетін өркендету ісіне елеулі өзгерістер енгені байқалады. Қазақстанның Оңтүстігі мен Жетісуды халифаттың, Саманилер, Қарахандар мемлекеттерінің саяси экономикалық және мәдени қарым–қатынастары аясына тарту әрекеті біз зерттеп отырған халықтарды Орта Азиямен жақындастырады. Қала мәдениетін өркендетуде енді жаңа дін–ислам маңызды роль атқара бастайды.

 

 

 

 

1. Моңғолдар мемлекетінің құрылуы. Шыңғыс-хан шапқыншылығы.

Мемлекеттің құрылуы. XIII ғасырдың екінші онжылдығында Қазақстан территориясы Шыңғыс-хан бастаған соғыс–құмар татар-монғол тайпаларының шапқыншылығына ұшырады. Бұл тайпалар Азияның ішкі шалғай аудандарының ұлан – байтақ жерін иеленген еді.

Моңғол тайпалары әлеуметтік–экономикалық дамудың түрлі сатысында болатын, «орман халқы» және көшпелі қыр халқы деп аталатындарға бөлініп өмір сүрді. «Орман» тайпалары негізінен аң аулаумен, қыр тайпалары көшпелі мал шаруашылығымен айналысты және бұлар сан жағынан басым болып, монғол қоғамының саяси өмірінде жетекші роль атқарды.

ХІІ–ХІІІ ғасырлардың межесінде монғол қоғамында феодалдық қатынастардың қалыптасу процессі жүріп жатты. Бұл қоғам екі топқа бөлінеді: нояндар және езгідегі араттарға бөлінді. ХІІІ ғасырдың басында татар - монғол тайпаларының басын біріктірген Монғол феодалдық мемлекеті құрылды. Бұл мемлекеттің негізін салушы Борджеген тайпасынан шыққан Темучин болды. Ол бір дерек бойынша 1162 жылы, екінші дерек бойынша 1155 жылы бай ноян Есугей – бағадұрдың отбасында дүниеге келген. Шешесі -Меркет қызы, руы қоңрат. Темучин ер жете келе көшпелілер үстінен билік жүргізуүшін, тайпалар арасындағы күрес жағдайынданегізгіқарсыластарыныңбарлығын женіп, 1203-1204 жылдары моңғолдың бүкіл тайпаларын өзінің қол астына біріктірді. Егер бұрын Моңғолиянымекендеген тайпалардың көпшілігі татар деген (ең қуатты тайпалардың бірі аты ) белгілі болса, енді мемлекеттің нығаюына байланысты моңғолия тайпалары өздерін моңғолдар деп атай бастады да, бұл термин жинақтаушы этникалық – саяси мәнге ие болды.

1206 жылдың көктемде Орхон өзенінің сағасында Темучинді жақтаушылардың–моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысыболып, онда ол Шыңғыс-хан деген атпен моңғолдардыңәміршісіболып салтанатты түрде жарияланды. Шыңғыс хан деген сөз моңғолша «көктен жаралған» деген ұғымды білдіреді. Сөйтіп, Орталық Азияда құдіретті күштіШыңғыс-хан империясы құрылды .

Шыңғыс-хан құрған мемлекеттіңнегізіне әскери тұрғыдан ұйымдастыру принципіалынды. Бүкіл территориясы мен халқы оңқанат (барунғар), сол қанат (зұңғар – жоңғар) және орталық (гол) атты үш әскери-әкімшілік округке бөлінді. Әрбір округ «түменге» (түмендер) бөлінді. Олардың әрқайсысы оң мың адамнан тұрды, «мыңдар» – он «жүзден», ал «жүздер», - «ондықтан» құралды. «Қасиетті аңызға» сәйкес, бүкіл Моңғолия Шыңғыс-ханның туыстарымен оны қолдаушылардың биілігіне таратылып берілген 95 «мыңға жіктелді». Бұдан басқа Шыңғыс-ханға 10 мың өзіне шын берілген таңдаулы жауынгерлерден тұратынкешігі (гвардиясы) қызмет етті. Оның көмегімен Шыңғыс-хан нояндар мен басқа феодалдарды өзіне тәуелді етіп ұстады.

Бар билікті өз қолына алған Шыңғыс-ханның алдынақойған басты мақсаты – ішкісаяси - әлеуметтік қайшылықтарды болдырмау. Ол үшін көрші жатқан халықтардың жерін басып алу, соғыс жолына түсу, үстем тап өкілдерінің мудделеріненшығу үшін, жаулап алған халықтардың байлығын тонау, оларды феодалдық кіріптарлыққа салу.

Шыңғыс - хан шапқыншылығы. Моңғолдардыңалғашқыжаулап алудың құрбаны болған Сібір жерлері. 1207 – 1208 жылдардың қысында Шыңғыс- ханның үлкен баласы ЖошыЕнисей қырғыздарын және Сібірдің оңтүстігінең басқа да «орман»халықтарын бағындырды. 1207 – 1209 жылдары Шыңғыс-хан бастаған моңғолдар танғұттық Си – Ся мемлекетін жойып, шапқыншылықпен басып алса, одан кейін ұйғырларды өздеріне тәуелді етті, ұйғырлардың басқарушысы идиқұт Баршық өзін Шыңғыс-ханның вассалы деп таныды. 1215 жылы олар сол кезде Цзинь мемлекетінің астанасы болған Чжундуды (Пекинді) басып алды. 1227 жылдың қарсыңында Қытай империясы Хуанхэ өзенінің солтүстік жағындағы бүкілиелігіненіс жүзінде айырылды.

2. Моңғолдардың Қазақстан территориясын жаулап алуы . Ұлыстардың құрылуы.

Шынғыс-хан қолының негізгі жорықтарының бірі Қазақстан мен Орта Азия жеріне жасаған жорығы болды, бұл жорық оларға Шығыс Европа мен алдыңғы Азияға жол ашты. Шыңғыс-хан Қазақстан мен Орта Азияға жасаған жорығына зор мән беріп, оған ұзақ әрі мұқият әзірленді.

1211 жылы Жетісуда Шыңғыс-ханның қолбасшыларының бірі Құбылай бастаған отрядтары пайда болды. Қарлұқ әміршісі Арслан-хан, орталығы Алмалықта болған тәуелсіз иелік құрған Бұзар-хан да өзін Шыңғыс-ханның вассалдарымыз деп таныды.

Моңғолдардың батысқа қарай жылжуы 1218 жылы қайта басталды. Өз басының жеке жауы найманның ханы Күшлікті талқандап, бай қалалары бар Жетісуды өзіне қарату үшін оған Жебе ноян бастаған әскер тобын жіберді.

Жетісуді Шыңғыс-хан аса көп қарсылықсыз – ақ басып алды. Моңғолдарға қарсы тұруға жарамай қашып кеткен Күшлік-ханның жігерсіздігіне, оның діни құдалауларына, салықпен зар илеткен зорлық – зомбылығына ыза болған найманның феодалдары Шыңғыс-ханға мойынұсынатынын білдіріп, өз әскерлерімен оның қызметіне кірді, ал Күшілікті моңғолдар Бадахшанда Шығыс түркістандағы Сарыкөлде қуып жетіп, басы алынды.

Шығыс Түркістан мен Жетісуды басып алғаннан кейін моңғолдарға Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға жол ашылды. Қазақстанға басып кіруге «Отырар опаты» деп аталатын жағдай себеп болды.

1218 жылы Шыңғыс-хан Орта Азияға Омар -Қожа Отрари, Жамал Марағи және басқа саудагерлер басқарған сауда көруенін жіберді, 450 адамы бар 500 түйелік сауда керуені 1218 жылы жаз айында Отырар қаласына келіп жетеді. Отырар әміршісі Ғайыр-хан Иналшық саудагерлерді жансыз тыңшылар деп күдіктеніп, оларды қырып тастауға бұйырып, керуенді тонап алды. Шыңғыс-хан Ғайыр-ханды қолыма бер деп талап етті, бірақ Хорезмшах II Мухаммед бұл талапты орындамағаны былай тұрсын, сонымен бірге Шыңғыс-хан жіберген жазықсыз елшілерді өлтіруге әмір етеді. Осының өзі Шыңғыс-ханның Хорезмге қарсы соғыс ашуына себеп болды, алайда бұл соғыстың себептері оның бүкіл жаулап алу соғыстарының негізіне алған себептер болатын.

1219 жылы қыркүйекте 150 мыңға жуық Шыңғыс-ханның қалың қолы Ертістен Сырдарияға қарай қаптайды. Шағатай мен Үгідей бастаған түмендер Отырарды қоршауға алады. Жошы бастаған әскерлер Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларды алуға аттанады. Үшінші бөлік Сырдарияныңжоғарғы ағысындағы қалалар мен қыстақ – кенттерді алуға, ал Шыңғыс-хан өзі кіші баласы Төлей мен Бұхараға қарай бет ады.

Отырар қаласы алты ай бойы берілмей қарсыласады. Тек Хорезмшах II Мұхаммед көмекке жіберген Қараджа – Хаджибтің Суфи хан қақпасын ашып шығып, өз отрядымен моңғолдарға берілгенде ғана моңғолдар осы қақпа арқылы қалаға лап қойды. Қараджа – Хаджиб өлтірілді. Алайда, моңғолдарға қаланы алу үшін тағы бір ай уақыт керек болды. Қамалды қорғаушылар тегіс қырылғаннан кейін барып, қала 1220 жылы ақпанда алынды. Ғайыр-хан қолға түсіп, Шыңғыс-ханның алдында әкелген жерде қатал жазаланып өлтірілді.

Сөйтіп, Отырар қамалын жермен – жексен етіп, Шағатай мен Үгідей бастаған моңғол отрядтары Шыңғыс-ханға келіп қосылды. Бұл кезде Шыңғыс-хан Бұқара мен Самарқанд арасындағы жолда болатын.

Сырдария бойындағы басқа қалалардың тұрғындары да ерлікпен қорғанды. Соның бірі Сығанақ қаласы еді. Жеті күнге созылған шабуылға қала тұрғындары табан тіріесіп қарсыласты. Брақ көп ұзамай Сығанақ жеңілді. Моңғолдар қаланы талап, халқын аяусыз қырды. Сол сияқты қарсылық көрсеткен Үзкент, Баршынкент қалалары алынып, қарсылық көрсеткен Ашнас қаласының турғыңдары да қырғыңға үшырайды. 1219-1220 жылдар арасында бүкіл Сырдарияның бойындағы қалалар мен қыстақ кенттер моңғолдардың қол астына түседі.

Сыр бойындағы қалалардың қарсылығын жеңгеннен кейін Шыңғыс-ханның әскерлері Орта Азияның ішіне баса көктем еніп, 1219 жылдан 1221 жылға дейін моңғолдар бүкіл Орта Азияға ойран салып өтті. Хорезмшах II Мухаммед Иранға қашып, кейін Атырау теңізі аралдарының бірінде өлді. 1220-1221 жылдардағы қысқа жорықтардың нәтижесінде моңғолдар Хорезм жерін тегіс жаулап, Орта Азиядағы соғыс қимылдарын аяқтады. 1221 жылдың көктемінен бастап соғыс Хорасан, Ауғанистан және Солтүстік Индия мемлекеттерінің жеріне ауысты.

Моңғол қолбасшылары Жебе мен Субедей нояндар басқарған 30 мыңдық әскер Солтүстік Иранды басып өтіп, 1220 жылы Кавказға кірді. Олар алаңдарды, половцыларды және Қалқа өзінінде орналасқан орыстарды (1223 жылы) тас-талқан етіп жеңді. Моңғолдар орыс жерінің оңтүстік аймағын ойрандап, қазақ даласы арқылы 1224 жылы Шыңғыс-ханның Ертістегі ордасына қайта оралды. 1225 жылы Шыңғыс-хан Моңғолияға қайтып келді.

Сонымен, 1219 – 1224 жылдардағы моңғолдар шапқыншылығы нәтижесінде Қазақстан мен Орта Азия Шыңғыс-хан империясының құрамына кірді. Ұлыстардың құрылуы.

Ұлан – ғайыр көп жерлерді жаулап алған Шыңғыс-хан өз көзінің тірісінде осы жерлерді төрт ұлына енші етіп үлестірді. Шыңғыс-ханның үлкен Ұлы Жошыға Ертіс өзенінен Орал тауларына дейінгі жерлер, одан ары батысқа қарай «моңғол атының» тұяғы жеткен жерлерге дейінгі аймақтар, Оңтүстікке қарай Каспий мен Арал теңізіне дейнгі жерлер берілді. Амударияның төменгі жағындағы аймақтар мен Сырдария өңірі де Жошы ұлысына кірді. Бұл жерлер «Жошы ұлысы» деп аталады. Шыңғыс-ханның екінші ұлына Шағатай, Қашқария, Жетісу, Мауараннахр тиді. Үшінші ұлы Үгедейге Батыс Моңғолия мен Тарбағатай аймағы берілді. Кенже ұлы Төлей әкесінің қара шаңырағы Моңғолияны мұраға алды. Сонымен бірге моңғолдың тұрақты 129 мың адамдық армиясының 101 мыңын алды, ал қалғаны үш баласының әрқайсысына 4 мың адамнан бөлініп берілді. Бұл ұлыстардың барлығы Қарақорымдағы (Монголиядағы) ұлы хан Шыңғыс-ханға бағынатын болды.

Жошының ордасы Ертіс алқабында, Шағатайдың ордасы Іле алқабында болды. Үгедейдің ордасы қазіргі Шәуешек қаласының маңында орналасты.

Сонымен, Қазақстанның барлық жері моңғолдың үш ұлысының құрамына: үлкен ( далалық ) бөлігі – Жошы ұлысының, Оңтүстік және Шығыс Қазақстан Шағатай ұлысының, Жетісудың Солтүстік Шығыс бөлігі Үгедей ұлысының құрамына кірді.

3. Батыйдың (Бату) Европаға шабуылы . Алтын Орда.

Батыйдың жорығы. 1227 жылы 25 тамызда Тангуттарға қарсы 2-ші рет жасаған жорық кезінде ауырып Шыңғыс-хан қайтыс болды. Қайтыс болғаннан кейін балалары мен немерелері соғыс жорықтарын жүргізе берді.

1225 жылы Қарақорымда моңғол ақсүйектерінің құрылтай жиналысы Шығыс Еворпаға жаңа жорық жасауға шешім қабылдады. Моңғол әскерлерін Шыңғыс-ханның мұрагер немересі Жошының баласы Батый (Бату) басқаратын болды. Батый атасы Шыңғыс-хан сияқты өте қатал және қанқұмар жаулап алушы еді.

Батыйдың самсаған әскері 1236 жылы Кама өзені бойындағы Булгарияны, Мардваларды талқандап, 1237 – 1240 жылдары орыс жеріне келді. Орыс халқы моңғол басқыншыларына ерлікпен қарсылық көрсетті. Рязань, Москва, Владимир түбінде монгол әскерлерімен кескілескен ұрыстар болды. Орыстың шағын ғана қаласы Козельск тұрғындары жеті апта бойы монгодарға жан аямай қарсылық көрсетті. Бірақ сан жағынан әлдеқайда көп монгодар қаланы басып алып, оны жермен жексен етті.

1239 жылдың басында моңғол әскерлері Еділ өзенінің ту сыртынан Руське қарсы екінші жорыққа аттанды. Қызу ұрыстар жүргізе отырып моңғолдар Переяславль қаласын, одан кейін Чернигов жеріндегі Глух қаласын алды. 1239 жылғы қазан айында олар Чернигов қаласын қоршауға алып, оны өртеп күлге айналдырды. 1240 жылдың күзінде Батый әскерлері Киевті қоршады. Киев халқы ұзақ уақыт қаланың сыртында, тіпті моңғолдар қала ішке басып кіргеннен кейін де қарсылығын тоқтатпады. Олар түгелімен дерлік қырғынға ұшырады. Аса бай мәдениет ескерткіштері бар ертеден келе жатқан орыс қаласы тағылықпен талқандалды.

Онан соң, моңғол армиясы батыс Европаға үздіксіз ілгерілеп, Польшаны, Германияны, Австрианы, Венгрияны, Чехияны, Молдавияны, т. б. ойрандап, Еділ бойына қайта оралды. Жеті жылдық жорық (1236 – 1242 жж.) нәтижесінде батыста Днестрге, шығыста Ертіске, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейінгі жерлер Батыйдың қоластына кірді. Батый иеліктерінің құрамында Оңтүстік шығыста Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төмен жағындағы жерлер енді. Орыс княздіктері де (Русь) Батыйға тәуелді бодан (вассал) болды. Орыс княздары Алтын ордаға кіріптар екенін мойындап, оның хандарының қолынан « кіняздік құруға жарлық» алады. Алым – салық төлейді, бірақ толық болмаса да дербестігін сақтап қалады. 

Алтын Орда (1236 – 1242 жж.). Жеті жылдық жорықтан орналған кейін Батый орталығы төменгі Еділде орналасқан 1242 жылы (1243 ж.) тарихи әдебиетте Алтын Орда деген атқа ие болған зор мемлекет құрды. Алтын Орданың астанасы Сарай – Бату (қазіргі Астрахань маңында) болды, кейінірек астанасы Сарай – Беркеге көшірілді.

«Алтын Орда» ұғымы біртекті емес бір жағдайда Алтын Орда деп Батый мен оның Мирасқоры Беркенің жеке иелігіндегі жерлерді, яғни Еділ бойы мен Солтүстік Кавказды айтқан, ал енді бір орайда түгелдей Жошы ұлысы айтылады.

Батый (1227 – 1255-56 жж.) зор беделге ие болды және моңғол империясын өзінің қолдауымен таққа отырған ұлы хан Мөңкемен (1251-1259 жж.) бірге биледі. Алайда Батый да, оның мирасқорлары да Алтын Орданың тағында біртұтас мемлекетті басқарушылар болмады. Жошы ұлысы үлестерге оның көптеген ұлдарына ыдырады.

Батый хан Шығыс Европаға жасаған жеті жылдық (1236-1242 жж.) жорығынан кейін Арал теңізінің Шығыс Солтүстігі жағындағы жерлерді ағасы Орда – Еженге берді. Бұл Ақ Орда деп аталды. Арал теңізінің солтүстігіндегі жерлерді інісі Шайбанға берді, ол Көк Орда деп аталды. Шайбанға қарасты төрт ру ел: қосшы, найман, бұйрат, қарлық тайпалары еді («Әл-Омари «Алтын Орда тарихына қатысты материалдар жинағы», 1т., 235 бет.)

Алтын Орда халқы этникалық жағынан біркелкі болған жоқ. Отырықшы аймақтарда Еділ бұлғарлары, қала қыпшақтары, орыстар, армяндар, гректер, ежелгі хазарлар мен алан ұрпақтары, хорезмдіктер тұрды. Далалық өңірді негізінен мал шаруашылығымен айналысқан түркі тілдес қыпшақ, қаңлы, найман, қоңырат, керей, т.б. тайпалар мекендеді. Дешті – Қыпшақ төңірегі мен Еділ бойында қоңыс аударған моңғолдар аз болған жоқ. Олар жергілікті түркі тілдес халықтармен сіңісіп кетті.

Алтын Орда өзін билеген хандары: Батый 1242 – 1256 (1259) жж., Берке 1257-1266 жж., Мөңке-Темір 1266-1280 жж., Туда Мөңке 1280-1287 жж., Төле Бұқа 1287-1291 жж., Тоқты 1291-1312 жж., Өзбек 1312-1342 жж., Жәнібек 1342-1357 жж. тұсында қуатты кемеліне келіп, билігі мейлінше күшейе түсті. Егер Жошы мен Батый моңғолдарға ұлы ханға белгілі бір дәрежеде бағынышты болса, Беркеден бастаған Алтын Орда хандары өздерін тәуелсіз деп есептеді.

Берке хан тұсында Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында үстем дінге айналды.

Алтын Орда хандығы феодалдық мемлекет болды, ол берік мемлекеттік бірлестік болмады. Оның халқы ала-құла, әлеуметтік және мәдени даму дәрежесі әркелкі, экономикалық негізі әлсіз еді. Феодалдық қатынастар дамыған сайын ішкі –сыртқы қатынастар асқына түсті. 1342-1357 жылдары Алтын Орданы билеген Жәнібек хан өлгеннен соң, Шыңғыс тұқымынан тараған билеуші топтар арасында хан тағына таласқан феодалдық қырқыс өріс алып, бір кезде күшейіп дәуірлеген Алтын Орда мемлекетін мүлдем әлсіретті. Оның үстіне Алтын Орда үстемдігі астында езілген қалың бұқара мен тәуелді халықтардың азаттық күресі етек алады.

1380 жылы Куликов даласындағы зор шайқаста Алтын Орданың Мамай бастаған қалың қолын орыс князьдерінің жеңуі Алтын Орданың құлауын тездетті.

XIV ғ. аяқ шенінде, яғни 1391 – 1395 жылдары Ақсақ Темір Алтын Ордаға бас көтертпестей етіп екі рет күйрете соққы берді. Осыдан соң ол бірте – бірте ыдырай бастады. XV ғасырдың басында Тоқтамыс хан мен Едіге бидің өзара таласы Алтын Орданы одан әрі қажытты. XV ғ бірінші жартысында онан бұлғарлар, казан (1445 жылы) мен Қырым (1449 жылы) бөлініп шықты. XV ғ ортасына қарай Астрахань, Сібір хандықтары, Ноғай Ордасы құрылды. 1480 жылы орыс князьдіктері моңғолдардан толық тәуелсіздік алды.

Қорытып айтқанда, езілген халықтардың моңғолдарға қарсы үздіксіз күресі, Алтын Ордаға қараған елдердің ішкі экономикалық байланысының болмауы, олардың арасындағы қайшылықтар мен феодалдық тартыстар, хан тағына таласқан күрестер, сыртқы соғыстар салдарынан, Алтын Орда мемлекеті бірте–бірте ыдырап, ақырында құлады.

4. Моңғолдар жаулап алуының зардаптары.

Шыңғыс-хан әскерлерінің басқыншылығы жаулап алған елдер үшін өзінің зардабы жағынан ең ауыр апат болды, ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси әлеуметтік, этникалық дамуын ұзақ уақыт тоқыратты. Орасан зор регионның экономикасы құлдырап кетті.

Моңғолдардың жаулап алуы салдарынан өндіргіш күштер талқандалып, адамдар жаппай қырылды, өркендеп тұрған қалалар жер бетінен ғайып болып, материалдық және мәдени қазыналар жойылып кетті, ондаған мың тамаша шеберлер мен қолөнершілер құлдыққа айналды. Жаулап алған елдерде індеттер таралып, жаппай жоқшылық басталды. Араб тарихшысы Ибн әл – Асыр моңғолдардың жаулап алуы туралы «бұл күн мен түн болып көрмеген, жаратылғанның бәрін жайлаған Орасан кесапат болды... жылнамаларда бұл секілді апаттың болғаны айтылмаған,» - деп жазды.

Қалалардың қирауы. Жергілікті халықтың қарсыласуын басу үшін Шыңғыс - хан жаппай қырып жою және күштеу, тұтас бір қалалардан түк қалдырмау тәсілдерін қолданды. Шыңғыс-ханның Орта Азияға баратын жолында жатқан Оңтүстік Қазақстанның Сырдария бойындағы қалалары мен қоңыстары бұл тәсілдің алғашқы құрбандары болды. Моңғол әскерлері отпен өртеп, қылышпен қырып өзіне жол ашып отырды. Араб және парсы деректемелері түрлі елдердің халқын моңғолдар түгелдей дерлік қырып тастаған 30-ға тарта қалаларының атын келтіреді. Мәселен, моңғолдарға дейінгі уақытта 200-ге тарта елді мекен қалалар болса, XIII-XIV ғғ., 20-ға жуық қана қала қалған. Тіпті жуас қала атанған Баласағұнның өзі түп орнымен жоқ болып кеткен. Оны Мұхаммед хандардың мына сөзінен де көруге болады: «Баласағұнның өзі тұрмақ, оның орны қайда екені белгісіз». Оның ішінде оңтүстік Қазақстаннан Отырар, Сауран, Сығанақ, Жент, Ашнас сияқты ірі қалалар қиратылып құрып кетті.

Жетісуда шаруашылықтың құлдырауы. Моңғол феодалдарының үстемдігі орнағаннан кейін туған ауыр зардаптарының әсері ешбір ұрыссыз – ақ басып алынған Жетісу жерлеріне күшті тиді. Бірақ, жазба деректемелер мен археологиялық мәліметтер Жетісудағы қала мен отырықшы – егіншілік егісінің едәуір бүлінгенін, егістік үшін игерілген жерлердің өлкеде моңғол үстемдігі орнығаннан кейін алғашқы ондаған жылдарда – ақ жайылымға айналдырғанын дәлелдейді.

Француз королі IX Людовиктің моңғол ханы Мөңкеге жіберген елшісі Рубрук моңғол шапқыншылығынан кейін 30 жылдан астам уақыт өткен соң, 1253-1255 жылдары Қазақстан территориясы арқылы өтіп бара жатып, егіншілік егісінің бұзылғандығы туралы, Жетісу қалаларының, оның ішінде Іле аңғарындағы қалалардың ғайып болғандығы туралы алғашқылардың бірі болып дәлелдемелер қалдырып кеткен.

Ұлыстар құрылғаннан кейін Жетісуға моңғол көшпелілердің қалың топтарының келіп қоңыстануы салдарынан егіс танаптары, өңделетін жерлер күрт азайып, экономиканың көшпелі мал шаруашылығы секторы отырықшылық сектор есебінен күшейе түсті.

Елді мекендерді қирату, егістікті малға таптату, бау – бақшаны, ирригациялық жүйелерді жойып жіберу, отырықшы – егіншілікпен шұғылданатын халықтың қырылып, босып кетуі, оның көрші қалалармен және егіншілікпен шұғылданатын өлкелермен, соның ішінде, Оңтүстік Қазақстанмен экономикалық байланысының күрт азаюы – осының барлығы Жетісудағы шаруашылықтың құлдырауына және қалалардың өмір сүруінің экономикалық негізінің әлсеруіне әкеп соқты.

Тоқырау мен материалдық жағынан ғана әсерін тигізіп қоймай, Қазақстан жеріндегі халықтардың қоғамдық жағынан рухани мәдениетінің дамуына үлкен кесел келтірді. Өйткені моңғол қоғамының даму деңгейі Қазақстандағы дамудың деңгейінен әлдеқайда төмен еді. Әскер күшіне сүйенген, жаулаушылыққа сай құрылған көшпелі әскери феодолизмнің шапқыншылығы Қазақстан жеріндегі әлеуметтік – экономикалық формацияның дамуына тәжеу жасады. Әсіресе, жаңадан халық болып қалыптасып келе жатқан халықтың құрамының шырқын бұзып, қазақ мемлекеттігінің пайда болу процесін екі ғасырға кешеуілдетті. Бұл шапқыншылық Қазақстан жеріне алым – салықтың ауыр зардабын, қайғы – қасіреттің, золық – зомбылықтың күшін орнатты.

Қорытып айтқанда, Шыңғыс – хан бастаған моңғол басқынщылығы жаулап алынған елдер үшін өзінің кеселді зардабы жағынан ең ауыр апат болды. Ол көптеген халықтардың экономикалық және мәдени прогресін, олардың саяси, әлеуметтік, этникалық дамуын ұзақ уақыт тоқыратты.

 

 

ІІІ. ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚҰРЫЛУЫ

 

1. Қазақ хандығының құрылуы және Керей мен Жәнібек cултандар.

Хандықтың құрылуы. Қазақ хандығының құрылуы Қазақстан территориясында XIV- XV ғ. болып өткен әлеуметтік –экономикалық және этникалық – саяси процестердің заңды қорытындысы болды. Тарихи әдебиетте В.В.Вельяминов-Зерновтан бастап , Шығыс-Дешті Қыпшақтың көшпелі тайпаларының 1 бөлігін Жошы ұрпағы Керей мен Жәнібектің басшылығымен Шу мен Талас өзендерінің жазығына көшуі Қазақ хандығы құрылуының басталуы болды деген пікір бар.

Қазақ хандығының құрылуы қазақ халқының тарихындағы төтенше маңызды оқиға болды. Ол улан – байтақ өңірді мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып шоғырландыруда, қазақтың этникалық территориясын біріктуде, қазақтың байырғы заманнан басталған өз алдына жеке ел болып қалыптасуын біржолата аяқтауда аса маңызды және түбегейлі шешуші роль атқарды.

1456 жылы Керей мен Жәнібек ханның Әбілқайыр хан үстемдігіне қарсы күрескен қазақ тайпаларын бастап Шығыс Дешті – қыпшақтан батыс Жетісу жеріне қоңыс аударуы қазақ хандығының құрылуына мұрындық болған маңызды тарихи оқиға болған еді. Бұл оқиғанның мән-жайы мынадай болатын: 1428 жылы Ақ Орданың ақырғы ханы Барақ ішкі феодалдық қырқыста қаза болған соң, Ақ Орда мемлекеті ыдырап, ұсақ феодалдық иеліктерге бөлінгенде өкімет үшін өзара қырқыс үдей түсті. Бұрынғы Ақ Орданың орнына Әбілхайыр құрған «көшпелі өзбектер» мемлекеті пайда болды. Осы мемлекеттің территориясы XV ғ. орта шенінде Сырдариядан Сібір хандығына дейінгі Ұлан байтақ жерді алып жатты. Алайда бұл мемлекеттің ішіндегі өкімет үшін күрес бір сәтте толастаған жоқ. Әбілхайыр хан өзінің саяси душпандарын-Жошы әулетінен шыққан султандарды құдалауын тоқтатпады. Өкімет үшін күрес барысында Дешті – Қыпшақтан өздерін қолдайтын жеткілікті күш таба алмаған Ұрыс ханның шөберелері-Керей мен Жәнібек XV ғ. 50 жылдары орта шенінде қарамағандағы ауылдарымен Шу өзенінің бойына көшіп кетуге мәжбүр болды. Осы оқиғалар жөнінде Мұхаммед Хайдар Дулати өзінің “Тарихи -Рашиди” атты шығармасында былай деп жазады: «Ол кезде Дешті-қыпшақ Әбілхайыр хан биледі және Жошы әулетінен шыққан султандарға күн көрсетпеді. Нәтижесінде Керей мен Жәнібек Моғолстанға көшіп барады. Есенбұға хан оларды құшақ жая қарсы алып, Манғолстаның батыс жағындағы Шу мен Қозыбас аймақтарың берді. Олар барып орналасқан соң, Әбілхайыр (1468 ж.) дүние салды да, Өзбек ұлысының щаңырағы шайқалды. Ірі –ірі шиеленістер басталды. Оның үлкен бөлігі Керей мен Жәнібекке көшіп кетті. Сүйтіп олардың маңына жиналғандардың саны 200 мыңға жетті. Оларды өзбектер- «қазақтар» деп атады. Қазақ султандары 870 жылдары (1465-1466 жж.) билей бастады» . Сөйтіп, 1465-1466 жылдыры Шу мен Талас өзендерінің алқабында Қазақ мемлекетінің негізін салған дербес қазақ хандығы құрылды. Осы территорияға деректемелерде тұңғыш рет «Қазақстан» деген атау қолдынала бастады..

Қазақ хандығының нығаюы. Тарихи деректемелер алғашқы қазақ хандарының хандықтың территориясын кеңейтуге, Сырдария өңіріндегі қалармен Шығыс Дешті – қыпшақтың қырдағы аудандарындағы өз билігін нығайтуға бағытталған белсенді сыртқы саясаты туралы баяндайды. Әбілқайыр хандығы мен Моғолстанның құлдырауын пайдалана отырып, Керей мен Жәнібек XV ғасырдың 60 жылдырдың соңында қазақтар мекендеген бүкіл территорияның біріктіру жолында ойдағыдай күрес бастады.

Қазақ хандығының саяси –экономикалық базасын ңығайту үшін Сырдария бойындағы қалаларды қарату төтенше маңызды еді. Осы орайда, қазақ хандығының алдына 3 үлкен тарихи міндет қойылды
1.Мал жайылымдарын пайдаланудың Дешті – Қыпшақ даласында бұрыннан қалыптасқан дағдылы тәртібін қалпына келтіру (бұл тәртіп Әбілқайыр хандығындағы аласапран арқылы бұзылған) көшпелі шаруалардың көкейтесті мүддесі еді. 
2.Шығыс пен Батыс арасындағы сауда керуен жолы үстінен орнаған Сырдария жағасындағы Сығанақ, Созақ, Отырар, Ясы (Түркестан) т.б. қалалары қазақ хандығына карату. Бұлар осы өңірдегі саяси- экономикалық және әскери- стратегиялық берік база болатын. 
3.Қазақ тайпаларының басын қосып, қазақтың этникалық территолриясын біріктіру. Бұлардың ішіндегі ең маңызды міндет – Сырдария жағасындағы қалаларды қарату күресі болды.

Сырдария бойындағы қалалар мен Дешті – Қыпшақ даласы үшін күресте қазақ хандығының басты бәсекелесі және ата жауы Әбілқайыр хан еді. 1468 жылы қыста ол қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа атанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілқайырдың қаза болуы қазақ хандығының ңығайуына және территорияның көлемінің кеңеуіне үлкен себеп болды. Ол өлгеннен соң, оның елігінде қиян-кескі феодалдық қырылыс басталып, хандық ыдырай бастады. «Өзбек ұлысының» шаңырағы шайқалды, ірі шиеліністер басталды. Оның қарамағындағы үлкен бөлігі Керей мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Мұндай тиімді жағдайды дер кезінде пайдаланған қазақ хандары Керей мен Жәнібек бұдан 12 жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қоңысы Шығыс Дешті-Қыпшаққа қайта оралды. Қазақ хандары Әбілхайыр ханың мұрагерлеріне қарсы күресті. Олардың саяси қарсыластары- Ахмед хан мен Махмұд Батыс Сібірдің билеушісі Ибақ хан мен сондай-ақ Ноғай одағын билеген мырзалармен одақтасып, бірге күрес жүргізді.

Әбілхайыр ханың орнына отырған мұрагер баласы Шайх Хайдар бұл күресте мүлде жеңіліп, өлтірілді, ал Әбілхайырдың немерелері Мұхаммед Шайбани мен Махмұд султан Астраханға барып паналады. Әбілқайыр ханның мұрагерлермен күресте толық жеңіске жеткен қазақ хандығы Әбілхайыр хан 40 жыл билеген Шығыс Дешті –Қыпшақ даласын және ондағы көшпелі тайпаларды бірте-бірте өзіне қосып алды. XV ғасырдың 70 жылдарында қазақтар Сырдария бойымен оған жалғас Қаратау өңірінің бірсыпыра территориясын басып алды. Сөйтіп, қазақ хандығының территориясын әлқайда кеңейіп, нығайды. Оған тұс-түсынан қазақ тайпалары келіп қосылып жатты.

Алайда, Сырдария жағасындағы қалалар үшін Әбілхайырдың немересі Мұхаммед Шайбани мен күрес отыз жылдан астам уақытқа созылды. Ол осы соғыстарда бірде Әмір-Темір әулетіне, бірде ноғай мырзаларына, ақырында Моғолстан хандарына сүйенді.

XV ғасырдың ақырында Отырар Яса (Түркестан) Орхон, Бозкент қалалары мен Түркістан аймағының бір бөлігі Мұхаммед Шайбаниге қарады да, Сығанақ, Сауран, Созақ қалалары мен Туркістан аймағының солтүстік бөлігі Қазақ хандығының иелігіне қалды. Ташкент пен Сайрам қалаларын Моғолстан ханы султан Махмұд биледі.

Қазақ хандары Дешті –Қыпшақты басып алуға умтылғандардың бірінен соң бірін жеңіп, өз иеліктерін едәуір ұлғайтты. Қазақ хандығының нығайюы Шайбани ханды Шығыс Дешті –Қыпшақ тайпаларының біраз бөлігінен Мауараннахрға ығысуға мәжбүр етті. Ол 1500 жылы ондағы Әмір Темір әулетін талқандап, Мауараннахрды жаулап алды да, Шайбани әулетінің негізін қалады. Мұхаммед Шайбани ханға ілесіп Мауараннахрға енген көшпелі тайпалар бірте – бірте жергілікті отырықшы халыққа сіңіп, олардың тілі мен мәдениетін қабылдап, өздерінің бұрынғы Дешті –Қыпшақтағы өзгешіліктерінен бірте-бірте айырылды. Бұл көшпелі тайпалар Дешті –Қыпшақтан ала келген «өзбек» деген атау бірте-бірте Мауараннахрдың байырғы тұрғындарына жалпыласты. Бірақ олар «өзбек» деген аты болмаса, жергілікті халықтың тұрмыс- тіршілігіне ықпал жасай алмаған.

XV ғасыр мен XVІ ғасырдың арасында (1500 жыл) Мұхаммед Шайбани ханның Дешті –Қыпшақтан ығысып жаулап алуы Орта Азия тарихындағы, әсіресе қазақ пен өзбек үшін елеулі оқиға болды. Бұл ең алдымен қазақ хандығының жерін кеңітіп, беделін арттырып, ерікті елдігін нығайтты. Бұрынғы дәуірлерде бытыранқы болып келген қазақ тайпаларының басын бір жерге қосуға, қазақтың этникалық территориясын біріктіруге, сонау қола ғасырдан басталған қазақтардың халық болып қалыптасу барысын біржолата аяқтатуға мүмкіндік берді. Бұрын Ақ Орда мен Әбілқайыр хандығында қолданылған «өзбек- қазақ» деген жалпы атау бір-бірімен ажырады. «Қазақ» термині бірте-бірте Шығыс Дешті –Қыпшақ пен Жетісада қалыптасқан халықтың тұрақты атына айналды. «Өзбек» термині Мұхаммед Шайбаниге еріп кеткен тайпалардың этникалық атауы ретінде Орта Азияда ғана қолданылатын болды. 

2. Қасым хан тұсындағы қазақ хандығы. Қасым ханның “Қосқа жолы ” заңдары.

Қасым ханның сыртқы саясаты. Шыңғыс-хан ұрпақтары үстемдік еткен Алтын Орда, Ақ Орда, Шағатай хандықтарының ыдырауына байланысты Шығыс Дешті –Қыпшақ даласы мен Орта Азия өңірінде жарыққа шыққан ұтқымалы ұсақ хандықтардың және осы хандықтардың тәж-тағына таласқан хандар мен султандар басқарған түрліше феодалдық топтардың тынымысыз қырқыстарынан, соғыстарынан қалжыраған халық бұқарасы бұл тартыстарды тиятын, аласапыранды аяқтататын біртұтас мемлекетті арман етті. Бұл өз алдына бейбіт өмір өткізуді аңсаған қазақ халқының көкейтесті мүдесі еді.

Қазақ хандығының құрылуы мен нығаюы ішкі феодалдық қырқыстар мен аласапыранқылықты аяқтатты, үнемі ер өліп, өріс бұзылып отыратын тайпалық талас-тартыстарға тыйым салды. Ел ішінде бейбіт береке орнады. Мұның өзі көшпелі шаруалардың бұрыннан қалыптасқан дағдылы дәстүрге бай мал жайылыстарынан мерзім бойынша тиімді пайдалануын, кезінде өріс-қоныс, жайлау-қыстауларына көшіп-қонуын, бейбіт өмір өткізіп, өндіріспен шұғылдануын қамтамасыз етті. Сөйтіп, әлеуметтік өндіргіш күштерді өсірді.

Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы, әсіресе Жәнібектің баласы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында нығайды. Оның сыртқы саясатындағы негізгі бағыт бұрынғысынша Сырдария бойындағы қалаларды өзіне қаратып алу жолындағы күрес болды. Осы арқылы өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарихи-Рашиди», «Шайбани», т.б. деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, Қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген» . XVІ ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде хандықтың шекарасы Оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. Қасым ханның батыстағы территориялық иеліктері де ұлға түсті. Ноғай Ордасы бұл кезде ауыр дағдарысты басынан өткізіп жатқан еді. Ру басшылары, мырзалар, билер билік үшін өзара қарқысумен болды. Әбден қалжыраған Ноғай Ордасы рулары мен тайпаларының бір бөлігі қазақ хандары мен султандарының билігіне бағынып, елінен қазақ хандағына көшіп кетті. Осы кезде Қасым ханның қол астына қараған халықтың саны 1 миллион адамға жеткен.

Қазақ хандығының нығаюы және оның күшеюі мемлекеттің беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым- қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қасым ханның тұсында Орта Азия, Еділ бойы, Сібір хандығымен және орыс мемлекетімен сауда-саттық және елшілік қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандары әр дәуірде елдің ішкі-сыртқы жағдайында туылған өзгерістерге үйлесіп, икемді сыртқы саясат қолданылып отырды.

Қазақ хандығымен дипломатиялық байланыс орнатқан алғашқы мемлекеттердің бірі ұлы Князь III Василий (1505-1533 жж.) билік жүргізген кездегі Москва мемлекеті болды. Қасым хан тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Европаға мәлім болды.

Қасым ханның ішкі саясаты: Қасым хан сыртқы саясат пен бірге ішкі саясатты да дұрыс жолға коя білді. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, мемлекеттің саяси, экономикалық, әскери қуатын арттырды. Қасым хан мемлекеттің саяси құрылымын нығайту жолында біраз шараларды жүзеге асырды.

Оның тұсында мемлекеттің ең жоғарғы заң шығарушы органы Маслихат-султандар мен ру басшыларының съезі болды. Маслихат жылына бір рет шақырылып, мемлекеттің ең маңызды - соғыс жариялау, бітім жасау, жайылым жерлерді бөлісу, көшіп-қону жолдарын айқындау сияқты мәселерді қарады. Маслихаттың Шыңғыс хан әулетінен хан сайлау құқысы болды. Маслихат жұмысына тек ерлер ғана қатыса алды. Мемлекеттегі бүкіл билік хан қолында болды, сонымен бірге заң қабылдау, жарлық беріп отыруға құқысы болды.

Ханның жанында неғұрлым беделді билер мен қауым ассоциация өкілдерінен тұратын Кеңесші ұйым- Билер Кеңесі болды. Ханның іс-қағаздарын жүргізіп отыратын, хатшылары мен кеңсесі болды. Бір ескеретін жәй, мемлекеттің орталық аппаратының тұрақты бір жерде жұмыс істейтін орны болған жоқ, сондықтан ханмен бірге көшіп-қонып жүрді.

Құқық (право). Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы- «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы- жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.

Бұрынғы заң-қағидаларға енгізген ережелері мынау: 
1.Мүлік заңы (мал –мүлік, жер-су, қоныс дауларын шешу ережелері). 
2.Қылмыс заңы (кісі өлімі, ел шабу, мал ұрлау, ұрлық т.б. қолданылатын жазалар). 
3.Әскери заң (қосын құру, аламан міндеті, қара қазан, тұлпар ат, ердің құны т.б.). 
4.Елшілік жоралары (шешендік, әдептілік, халықаралық қатынастардағы сыпайлық, сөйлеу мәнері). 
5.Жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас-той, мерекелер мен жиындардағы ережелер, жылу, асар т.б.) Сөйтіп, Қасым хан ел басқару ісін бір жүйеге келтірген алғашқы заң жинағын дүниеге әкелді.

Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, атақ – даңқын асыра түсті. Әйгілі (орта ғасырлық) тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати («Тарихи – Рашиди») атты кітабында: «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес. Бұрындықты тіпті ешкім де елең қылған жоқ» - дейді.

Сонымен, Қасым хан тұсында қазақ хандығы саяси экономикалық жағынан күшейіп нығайды . Оның тұсында қазақтар өз алдына дербес халық ретінде Батыс Европаға, Руське мәлім болды. Русьпен дипломатиялық байланыс жасалды, ол байланыс осы күндері жалғасып отыр.

3. Қазақ хандығының қайта дәуірлеуі . Хақназар хан (1538-1580 жж).

Қасым ханнан кейінгі қазақ хандығының саяси жағдайы.

Қасым хан тұсында қазақ хандығының нығайғанына қарамастан , ол әлі орталықтанған мемлекет бола қоймады, мұның өзі Қасым хан өлгеннен кейін бірден байқалды.

Қазақ хандығын нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсаған Қасым хан қайтыс болғаннан соң, оның мұрагерлері арасында өкімет билігіне таласқан ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстар туды. Сыртқы саяси жағдай қолайсыз болып тұрған кезде өзара қырқысудың зиянды зардаптары хандықтың жай – күйіне қатты батты. Қазақ билеушілеріне қарсы монғол және өзбек хандарының одағы қалыптасты.

Өзара қырқысу кезінде Қасым ханның мұрагері Мамаш көп ұзамай қаза тапты. Бұдан соң Қасымның немере інісі Тахир хан болды (1523-1533 жж.).

Тахир хан әскери – саяси істеріне олақ, дипломатиялық дарыны жоқ, қол астындағыларға қатал,қытымыр адам болды.Ол ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстарды тия алмады, бұған қарамастан төңіректегі елдердің бәрімен жауласты. Қазақ хандығымен үнемі дүшпандасып жатқан Шайбани әулетімен ғана емес, қазақ хандығының сенімді одақтасы болып келкен Ноғай ордасындағы маңғыт мырзаларымен де, Моғолстан хандарымен де жауласты.

Ішкі саясатта халыққа рақымсыз қаталдық істеу, сыртқы саясатта дос пен қасты айырмай төңіректің төрт бұрышымен түгел жау болу оны жеңіліске ұшыратты.

Тахир хан қазақ хандығының барлық жеріне түгел билік жүргізе алмады. Оның тұсында феодалдық қанаудың күшеюінен, оның үстіне Тахирдің қол астындағыларына қаталдығына наразы болған халықтар үнемі одан айырылып көшіп кетіп отырды. Мұхаммед Хайдар Дулатидің айтуынша: алғашқы Тахир хан қол астына Қарахан 1 миллион адамнан кейін 400 мыңдай адам қалған, бастапқыдағы он лек әскерден кейін 2 лек әскер қалған екен .

1533 жылы Тахир хан қайтыс болғаннан соң, қазақ хандығына Бұйдаш (1533-1534 жж.) хан болды. Ішкі енжарлық қырқыстар мен феодалдық соғыстар Бұйдаш хан тұсында да туып отырды. Сөйтіп, қазақ хандығы әбден әлсіреп, бірнеше иеліктерге бөлініп кетеді. Мәселен, Қазақстанның батыс аудандарында Ахмед хан, Жетісуда Тоғам хан болғаны белгілі. Міне, бұл Қасым хан қайтыс болған соң туылған ішкі енжарлық пен феодалдық қырқыстар салдарынан қазақ хандығының 3 бөлікке бөлініп кеткендігінің белгісі.

Сөйтіп, Қасым хан қайтыс болған соң қазақ хандығына туылған саяси дағдырыс 15 жылға созылды. Ішкі енжарлық қырқыстар мен феодалдық соғыстардың ауыртпалығы және күн санап күшейген феодалдық езгі мен қанау халық бұқарасын қатты күйзелтті. Сонымен қатар қазақ хандығын да әбден әлсіретті.

Хақназар (Ақназар) хан. Қасым ханнан кейінгі бүліктердің салдарынан әлсіреген хандықты нығайтып,біріктіруге Қасым ханның баласы Хақназар хан (1538-1580 жж.) әрекет жасады. Хақназар қазақ хандығын 42 жыл биледі. Қазақ хандығының 300 жылдық тарихында Хақназардай ұзақ жыл ел билеген хан болған емес. Ол ел басқару,әскери-саяси істері жағында қажырлы да қабілетті қайраткер болды. Оның үстіне аса күрделі сыртқы жағдайларда дипломатиялық дарыны мол майталман екендігін көрсетті.

Хақназар хан таққа отырған соң хандық үкіметтің билігін нығайтуға және күшейтуге қажырлы қайрат жұмсады. Өзінен бұрынғы Тахир хан және Бұйдаш хан тұсында бытыраңқы жағдайға түскен қазақ хандығын қайта біріктірді.

Ноғай ордасындағы феодалдық топтардың күресін пайдалана отырып, Хақназар ноғай мырзаларының көбін өз жағына шығарып алып, Жайық өзенінің сол жағындағы территорияны қосып алды. 1557 жылы ноғай мырзасы Исмаил орыс патшасы IV Иванға менің немерелерім, туыстарым Жайықтың арғы бетінде қалып, қазақ ханына қосылып кетті деп хабарлады* (Вельяминов –Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах, ч.2, с.333). Жайық өзеніне жапсарлас жатқан дала үшін күрес XVI ғасырдың 60-шы жылдарында да жалғаса берді. 1568 жылы орыс патшасы Ноғай ордасына жіберген Семен Мальцев “Ақназар патша мен Шығай ханзадының және Жалым ханзаданың қазақ ордалары және олармен бірге 20 ханзада Ноғайға келіп , ұрыс болды ”, - деп хабарлады. Бұл жеңістің нәтижесінде Ноғай жерлерінің бір бөлігі Хақназардың билігіне көшіп, қазақ хандығының жерін кеңейтіп, күш қуаты мен беделін арттырды, тарихи деректемелерде қазақ ханы “Хақназарды қазақтар мен ноғайлардың ханы” деп атаған.

XVI ғасырдың ортасында ауыр дағдарысқа ұшыраған Ноғай ордасы ішкі феодалдық қайшылықтар мен қырқыстардың және халық бұқарасының феодалдық үстемдікпен қанауға қарсы күрестерінің нәтижесінде бордай тозып, 1569 жылдан соң мемлекет ретінде өмір сүруден қалды. Бұрын Ноғай ордасына қараған қазақ тайпалары және олардың этникалық территориясы Қазақ хандығына бірікті. Бұл Қазақ хандығының қазақ тайпаларының және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолында Хақназар ханның жасаған жеңісті қадамдарының бірі еді.

Ноғай ордасының ыдырауы, оған қарасты қазақ тайпалары мен олардың мекендеген жерлерінің Қазақ хандығына қосылуы хандықтың Батыс – солтүстік жағындағы жағдайда өзгеріс тудырды. Орыс мемлекеті мен Қазақ хандығы арасындағы кең өңірді алып жатқан Ноғай ордасының ыдырауы, оның бір бөлігінің орыс патшасына бағынуы, шығысқа қарай кеңейіп келе жатқан орыс мемлекетінің шекарасын қазақ хандығына жақындата түсті. 1563 жылы Сібір хандығының билігін тартып алған Көшім хан ендігі жерде Қазақ хандығына дұшпандық позиция ұстады. Оның үстіне моғол билеушілері мен Қазақ хандығы арасында да қақтығыстар болып отырды. Осындай күрделі жағдайлармен есептескен Хақназар хан Қазақ хандығының сыртқы саясатын өзгертті. Сырдария бойындағы Қазақ хандығының үнемі жауласып келген МауараннахрдағыШайбани әулетімен одақтастық байланыс орнатуға ұмтылды. Орта Азиядағы ең ірі қалаларының бірі Ташкентті басып алуға бағытталған әскери қимылдарын тоқтатты. Сөйтіп, Шайбани Әулетінен шыққан Бұхара ханы Абдолла екінші мен Қазақ ханы Хақназар қастаспай дос болып, өзаракөмектесу жөнінде «анттастық шарт» жасады, Хақназар ханның бұл дипломатиялық шарасы маңызды болды.

Сонымен, Хақназар хан тұсында соғыс қимылдары тоқтап, бейбітшілік орнады, қазақтардың орта Азия халқымен сауда – саттық қарым-қатынасы, экономикалық байланысы одан әрі өрістеді. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға, халқының шаруашылық өмірінің оңалуына тиімді болды. Сонымен қатар Қазақ хандығы нығайып, қайта дәуірлей түсті. 

4. Тәуке хан және оның билік құрған жылдары (1680-1718). «Жеті жарғы» заңдары.

Тауке ханның ішкі саясаты. Қазақ хандығының Сырдария бойындағы қалалар үшін ұзақ уақыт бойы жүргізген күресі XVI ғасырдың аяғында Түркістан мен оның қалаларын және Шайбани әулетінің аса ірі жері–Ташкентті Қазақ хандығының құрамына қосумен аяқталды. Бұл территорияларды Қазақ ханының құрамына қосу туралы 1598 жылғы шарт Мауараннахрдың Шайбани әулетінің орнына келген жаңа Аштархани Әулетінің өкілімен жасалды. Сөйтіп, Сырдария бойындағы қалалар үшін, Оңтүстік қазақстанның территориясы үшін бір жарым ғасырға созылған күрес уақытша аяқталды.

Алайда, Есім ханнан (1598-1628 жж.) кейін Қазақ хандығының жағдайы одан сайын нашарлай түсті, феодалдық қарқысулар ұлғайып, жоңғарлар Жетісудің бір бөлігін уақытша басып алып, бұл өңірде көшіп жүрген қазақтар мен қырғыздарды бағындырды. Бұхара әскерлері Ташкентті алып, қазақтарды ығыстыра бастаған кезде, қазақ ханы Жәнгір (1628-1652 жж.) Бұхара хандығымен одақтасып, жоңғар феодалдарынның шабуылына қарсы күресті. Жәнгір хан өз өмірінің деңін жоңғарлардың шапқыншылығына тойтарыс берумен өткізіп, оларға қарсы үшінші рет 1652 жылы болған шайқаста Жәнгір хан өлтірілді.

1680 жылы хандықтың тағы Жәнгірдің баласы Тәуке ханға (1680-1718 жж.) көшті. Тәуке хан 1680 жылы таққа отырғанда Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайлары мәз емес еді. Феодал шонжарлардың арасында бақталастық пен алауыздықтар күшейе түстіп, әрбір сұлтан өз иелігіндегі ұлыстарды жеке-дара билеп, дербестенуге тырысты. Қазақ жүздерінің арасында бұрыннан келе жатқан байланыстар нашарлап, олар бір – бірінен оқшаулана түсті. Үш жүз үшке бөлініп, сөз жүзінде қазақтың ұлы ханына тәуелді болғанымен іс жүзінде өз алдына билік жүргізді. Бұл жағдайлар жалпы қазақ халқын біріктіріп, сыртқы шапқыншылықтан қорғануға кесірін тигізді. Алауыздық пен өзара дау-жанжал, қақтығысқа белшісінен батқан қазақтарға Шығыстан, Арқадан төтеп берген жоңғарлардың шабуылы күшейе түскен еді.

Осындай қиындық кезеңде хандық құрған Тәуке алдымен Россия және оңтүстіктегі көрші елдермен қарым – қатынасын түзей отырып, қазақ қоғамының ішкі дау-жанжалды, барымтаны тежемей, уақ хандықтардың уақытша болсада ынтымақтастығын көздемей тұрып, сыртқы жаулар мен батыл күресуге болмайтынын ол жақсы түсінді.

Хандық билігін күшейтуге бағытталған ірі-ірі өзгерістер жасады. Тәуке өзінің саясатын феодалдық билер мен шонжарларға, батырларға сүйеніп жүргізді. «Xалық кеңесі» мен «Билер кеңесін» тұрақты орган ретінде қалыптастырып, олардың рөлін арттырды. Жыл сайын белгілі бір мерзімде Күлтөбеде 3 жүздің басын қосқан жиын өткізіп тұрды.

Тәуке ел бірлігі бұзылуының ұйтқышылары феодал ақсүйектер мен сүлтандарды әлсіретуге, мемлекеттік құрылысты күшейтуге тырысты. Жүздер мен ұлыстар арасындағы күрделі тартыстар билер кеңесінде, абыройлы да әділетті де Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, т. б. билер адында шешілді.

Тәуке билікті өз қолына алды. Өзінің алысты болжағыш саясаткер екендігін елге таныта білді. Оның қолына ең маңызды көш – қоңысты белгілеп бөліп беру, алым - салық салу, сот ісі, қарулы күш т.б. қызмет түрлері жинақталды. Сыртқы жағайды назарда ұстап, кәмелетке толғандарға 5 қарумен жүруді міндеттеген.

Сөйтіп, «қара қазаққа» сүйенген Тәуке хан көп нәрсе ұтты. Өйткені билер кеңесі барлық румен тығыз байланыс орнатып, ел бірлігін халық көкөйіндегі көкейтесті мәселелерді: қөш- қоныс, ел тыныштығы, сыртқы жаудан қорғану, т.б. талқыланды. Ақыры, билер кеңесі ханның кеңесу органына айналып, зор саяси маңызға ие болды.

XVII ғасырдың аяғында қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы өте шиелінісе түті. Халық басына қиын да қилы заман орнады. Сыртқы душпандар жиі торуылдай бастады. Ал қуатты сұлтандар өздерінің иілігіндегі ұлыстарды жеке – дара билеп, дербестенуге бой ұрды. Сондықтан Тәуке елдің ауыз бірлігін нығайтатын шаралар қарастыра бастады. 

«Жеті жарғы» заңдар (Тәуке ханның заңдары).

XVII ғасырдың аяқ шенінде қазақтардың әдеттегі қуқық (право) нормалары бір жүйеге келтіріліп, толықтырылды. Тәуке хан билік құрған кезде тұжырымдалған заңдар «Жеті жарғы» деген атпен мәлім, мұның өзі сөзбе–сөз алғанда «жеті ереже» деген сөз. «Жеті жарғыда» орта ғасырдағы қазақ қоғамының патриархаттық-феодалдық правосының негізгі принциптері мен нормалары баянды етілген. Ғылыми әдебиетте бұл заңдық (юридикалық) құжат (документ) «Тәуке ханның ережесі» немесе «Тәуке ханның заңдары» деп аталады. Деректемелерде «Жеті жарғының» авторы кім болғаны жөніңде мағлұматтар жоқ. Тарихи аңыздарға қарағанда, оны жасаушы Тәуке хан дейді: ол Күлтөбе деген жерде үш жүздің өкілдері болған билердің басып қосып, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» заңдарын «Жеті жарғы» деп аталатын нормаға біріктірген екен деседі.

«Тәуке хан ережесінің» негіздері туралы қайсы бір тиянақты пікір айту қиын, кейбір ғалымдар оның негіздерін Шыңғыс ханның Ясасынан іздейді, енді біреулері «Жеті жарғы» Ясадан мүлдем тәуелсіз жазылған деседі. Тегінде, «Жеті жарғының» негізгі көзі деп бәрінен бұрын қазақтардың әдеттегі байырғы правосын, сондай – ақ Тәукеден бұрын өмір сүрген қазақ хандарының жазылмаған заң ережелерін мойындаған жөн. Заңдарға негізінен алғанда қазақ қоғамының XVII ғасырдағы әскери – саяси және әлеуметтік өмірінің қажеттеріне жауап беретін ережелер енді.

«Жеті жарғыны» жасау қолданылып келген әдеттегі правоның нормаларын қазақтың феодалдық қоғамының жаңа қажеттеріне бейімдеу, бұл орайда ол нормалардың феодал ақсүйектердің мүдделеріне сай келетіндерін ғана сақтау мақсатын көздеді. Сөйтіп, Тәуке ханның «Жеті жарғы заңдары» қазақ қоғамының сол замандағы әлеуметтік және құқық нормалары заң жүзінде баянды етілді.

«Жеті жарғыға» әкімшілік, қылмысты істер, азаматтық право нормалары, сондай-ақ салықтар, діни көзқарастар туралы ережелер енгізілген, яғни онда қазақ қоғамы өмірінің барлық жағы түгел қамтылған.

Мазмұны жағынан «Жеті жарғы» үш болімнен турады: біріншіден, қазақтың ежелгі әдет –ғұрып заңдарын қамтыған «Қасым ханның қасқа жолына» негізделген, екіншіден, одан соңғы өзгерістер, соның ішінде «Есім ханның ескі жолына» негізделсе, үшіншіден, Тәуке ханның дәуіріне , саясатына сай енгізілген жаңалықтар.

«Жеті жарғы» жеті заңнан құралды: 
1. Жер дауы заңы (земельный закон) 
2. Отбасы - неке заңы (семейно – брачный закон) 
3. Әскери заң (военый закон) 
4. Сот заңы (судебный закон) 
5. Қылмысты істер заңы (уголовный закон) 
6. Құн заңы (закон о Куне) 
7. Жесір дауы заңы (закон о вдовах)

Сөйтіп, «Жеті жарғының» біздің заманымызға дейін жеткен заңдар осындай еді .

Тәуке ханның сыртқы саясаты.

Тәуке ханның сыртқы саясаты атырабындағы елдермен тату көршілік байланыс орнатуға, олармен экономикалық, сауда – саттық қарым – қатынас жасауға тырысқан бейбіт дипломатиялық саясат болды. Тәуке хан Бухара хандығымен бибітшілік қарым – қатынаста болуға, Орта Азиядағы отырықшы аймақтармен, қалалармен сауда – саттық жасауға тырысты. Қазақ хандығымен жауласып келген жоңғар хандығына да соғысты тоқтатып тату көршілік қатынас орнату жөнінде Қазыбек би бастаған елшілер жіберген.

Ол кезде мейлінше жауласып алған жоңғарлар мен қазақтарды4 бітімге келе қоюы мүмкін емес еді.

XVII ғасырдың соңы мен XVIIІ ғасырдың басында жоңғар феодалдары қазақ хандығына үздіксіз шабуыл жасап тұрады. Олар Оңтүстік Қазақстанды және Сырдария бойындағы базарлы қалаларды, сонымен қатар ең маңызды кереуен жолдары өтетін территорияны да басып алуға тырысты. 1681 – 1685 жж. жоңғар феодалдары Оңтүстік Қазақстанға бірнеше рет жабуыл жасады, Сайрам қаласын қиратып, егіншілікпен айналысқан ауылдарды күйретті. XVIIІ ғасырдың бас кезінде жоңғар әскерілерінің бір тобы Сарысу өзеніне жетсе, екінші бір бөлігі Орта жүздің шығыс солтүстік аудандарына басып кірді .

Қазақ ханы Тәуке береке – бірлікті барынша күшейтіп, сыртқы жауға батыл күрес жұмсау үшін қажымас қайрат жұмсады. 1710 жылы жауға қарсы қалай төтеп беру мәселесін талқылау үшін Қарақұм маңында барлық қазақ жүздерінің өкілдері бас қосты. Халықжасақтары құрылды, бұлар жоңғар әскерлерін шығысқа қарай ығыстырды. Бірақ, бұл жеңіс баянды бола алмады. Өйткені бұл кезде жоңғарлар жұм (біріккен), қазақтар бытыраңқы болды. Қазақтың феодал шоншарларының арасындағы алаусыздық пен енжарлық, сыртқы жаудан қорғану үшін жалпы халық күшін жұмылдыруға кедергі болып отырды. Бұл жағдайды пайдаланған жоңғарлар шабуылды қайта бастады. 1716 жылы бұлардың әскерлерінің негізгі бөлігі Іле өзенінен Аягөзге қарай жорық бастады. Нақ осы кезде жоңғарлардың отрядтары Абақанға қарай беттеп, Бие және Катун өзендерінің арасындағы жерді басып алды.

Тауке хан Россия мемлекетімен де тату, достық қарым – қатынас жасауға тырысты.

Алайда, Тәуке хан қазақ хандығын бір орталыққа бағынған күшті мемлекет етін құру мақсатын жүзеге асыра алмады, халқының басым копшілігі көшпелі және жартылай көшпілі мал шаруашылығымен айналысқан және патриархалдық-феодалдық қатнас үстем болып отырған елде мұны жүзеге асыру мүнкін емес еді, оған қазақ хандығының сыртқы жағдайы да мүнкіндік бермеді. Сөйтіп, қазақ хандығы бытыраңқылық жағдайда кала берді. Әрине, бул бұрын- сонды Орта Азия өңірде тарих сахнасына шыққан көшпелі хандықтардың бәріне ортақ жағдай еді.

Солай бола турса да, Жәңгірдің баласы Тауке хан (1680-1718 жж.) тұсында қазақ хандығың бірлік-берекесі күшейе түсті. Тауке хан қазақ тарихында «Әз Тауке», «адамзаттың данасы» деп аталды. Ол хан тағына отырған сөң, қазақ хандығында асқынған ішкі феодалдық алауыздық пен бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынған қазақ хандығын құруға қажырлы қайрат жұмсаған мемлекет қайраткер деп, толық есептеумізге болады. 

1. Қазақстанның жоңғар шапқыншылығы қарсаңындағы ішкі саяси жағдайы.

XVII ғасырдың аяғында және XVIII ғасырдың басында қазақ қоғамының өндіргіш күштері өте-мөте баяу дамыды, өндірістік қатынастар бұрынғысынша патриархаттық – феодалдық калпында еді. Көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығы көбіне табиғаттың стихиялық күштеріне байланысты болды. Феодалдыққа негізделген тәуелді мал өсіруші шаруалардың еңбек өнімділігі мардымсыз еңбек болып қала берді.

Қазақ қоғамының экономикалық базис-(негізі)-көшпелі мал шаруашылығы Қазақстан территориясында мемлекеттің дамуы мен нығаюының алғы шарттарының жасалуына едәуір кедергі болды.

XVII ғасырдың ақыры мен XVIII ғасырдың басында Қазақ хандығы ішкі-сыртқы аса ауыр жағдайға тап болды. Қазақ хандығына үстемдік еткен әскери феодалдық шонжарлар арасында ішкі тартыс пен алауыздық ұлғая берді. Қазақ хандығы өз ішінен үш жүзге (үлкен жүз, орта жүз, кіші жүз) жіктелетін еді. Бұл дәуірде әр жүзді билеген кіші хандар үш жүздің ұлы ханына (Қазақ хандығының ханына) сөз жүзінде бағынғанымен, іс жүзінде өз алдына жеке саясат жүргізе бастады. Әрбір жүздің қарауындағы ұлыстарды билеген сұлтандар да дербестікке бой ұрды. Сөйтіп, қазақ хандығы XVII ғасырдың аяғында XVIII ғасырдың басында негізінен саяси жағынан бытыраңқы ел болып қала берді. Саяси берекесіздіктің экономикаға тигізген зардабы күшейіп, жүздердің арасындағы шаруашылық байланыстар бұрынғыдан да әлсіреді. Жоңғар феодалдарының шапқыншылығы салдарынан көшпелі және жартылай көшпелі аймақтармен қала-қыстақ арасындағы шаруашылық байланыс және сыртқы базарлармен сауда-саттық байланыс үзіліп қалып отырды. Бұл жағдайлар халықтың шаруашылығы мен тұрмысына қыруар қыйыншылықтар туғызды. Елдің экономикалық өмірінде үлкен роль атқарып келген Оңтүстік Қазақстандағы қолөнер мен сауда орталығы болған калалар құлдырап кетті.

1718 жылы Тауке хан қайтыс болды.. Қазақ халқының басына зор зобалаң бұлты төңді. Қазақтың феодал шонжарлары арасындағы алаусыздық, хандыққа таласқан өзара қырқысқа айналды. Таукенің орнына отырған Болат ханның тек атағы ғана болды. Жүздерді билеген кіші хандар өз алдына дербестеніп, қазақ хандығы саяси жағынан бөлшектенді: Орта жүзді Сәмеке хан мен Күшік хан биледі. Үлкен жүзді Жолбарыс хан биледі, Кіші жүзді Әбілхайыр хан биледі. Ең беделді деген Әбілхайыр ханның билігі де Кіші жүзге тұтас жүрмеді. Барақ сұлтан мен Қайып сұлтандар өз иеліктерін жеке басқарды. Бөлшектенген бытыраңқы хандар мен сұлтандар жауға қарсы күш біріктіре алмады, нәтижесінде үрдіс-ұдайы шабуыл жасап, жоңғарлар жеңіске жетіп отырды. Жоңғарлардың жеңісінің негізгі себеп, жоңғар әскерлерінің жауынгерлігінде емес, қазақ хандарының өзара қырқысқан «ала жылан, аш бақалығында» еді. Мұны өз заманындағы тарихи жазба деректер дәлелдейді: «1718 жылдың көктемінде Аягөз өзенінің бойында қазақ жасақтары мен жоңғар әскерлерінің арасында болған үш күндік қан төгіс ұрыс, алғашқы екі күннің ішінде қазақтар бір шама ойдағыдай ұрысса да, соңы қазақ жасактарынның жеңілісімен аяқталды... Орыс елшісі Бранцевтің айтуына қарағанда, ұрыс қатты болған. Қазақтың жеңілуіне себеп: екі ұдай болып жауласып жүрген Әбілхайыр сұлтан мен Қайып сұлтанға қараған жасақтардың әскер басшылары өздерінің соғыс қимылдарын келісіп жүргізбеген» . Қазақтардың жеңіліске ұшырау себебі қазақ хандары арасындағы феодалдық тартыстан болып отырғаннын Орынбор экспедициясының бастығы И.Крылов ақын айтқан. Ол: «егерде жалпы ауыз бірліктері болса қазақтар басқыншыларды жеңіп шыға алған болар еді, бірақ олардың бір ханы соғысқа шығатын болса, екіншісі соғысуды қояды. Сөйтіп, өздерінің иеліктерін қалмақтарға жем қылып, жұрдай болып шыға келеді» деп жазады.

Сонымен, XVIII ғасырдың 20-жылдарында Қазақ хандығының бөлшектенуі және қазақ жоңғар қатынасының шиеленісуі қазақ халқын қатты күйзелтті.

2. Отан соғысының басталуы. (Ақтабан шұбырынды, Алкакөл сұлама жылдары)

«Ақ табан шұбырынды». 1718 жылы Тауке хан қайтыс болған соң, қазақ феодалдарының арасындағы қырқыс пен алаусыздықтың өршуі, қазақ жүздерінің дербестеніп, бір-бірінен алшақтауы Қазақ хандығын саяси жағынан бөлшектенген елге айналдырып, оның әскери-саяси күшін мейлінше әлсіреткен еді.

Рас, XVIII ғасырдың басында жоңғар хандығының өзіне Цинь билеушілерінің тарапынан шапқыншылыққа ұшырау қауіпінің төнуі жоңғар билеушілерін қазақ жүздеріне қарсы неғұрлым батыл әрекет жасаудан тежеп отырды. Бірақ 1722 жылы Қытай императоры Қансидің, өлуінен кейін бұл қауіп біраз уақыт азайды, 1723 жылы жоңғар-қытай бітімі жасалды. Шығыстағы өз тылын қауіпсіздендіріп алғаннан соң, жоңғар қонтайшысы Цеван-Рабтан қазақтармен соғысуға белсене әзірлене бастады.

Қазақ хандықтарының саяси бытыраңқылығын пайдаланып және алдағы соғысқа мұқият әзірленіп, жоңғар билеушілері 1723 жылы өз әскерлерін Қазақстан жеріне қаптатты. Нақ осы жылы қазақтың ауызша аңыздарында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-Сұлама» деп аталған «сұрапыл апаттың» басталған жылы деп есептеледі.

Барған сайын аясы тарылған аз ғана жерде қыс қысымын көріп күйзеліп, жұтап шыққан елге 1723 жылы көктемде жоңғарлар тұтқиылдан шабуыл жасады. Олардың қалың қолы Қазақстанның Оңтүстік аудандарына басып кіріп, Қаратаудан асып, Талас өзенінің алабына дейін жетті. Қапыда қалған қазақтар үйлерін, мал-мүлкін тастап босып кетуге мәжбүр болды. Жоңғарлар халықты аямай қырды, Талас, Боралдай, Арыс, Шыршық, Сырдария өздерінен өткен кезде талай адам өлді.

1724-1725 жылдары жоңғар феодалдарының әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты. Жетісу мен Сырдария өңіріндегі егістік жерлер құлазып, қалалар қаңырап, қолөнер, сауда орталықтардан қол үзу елдің экономикасын қатты күзелтті.

Жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айрылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті, Орта жүз бен Ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бухара мен Самарқаға қарай ағылды. Ал Кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.

Қазақ халқы өз өміріндегі аса ауыр апат, зор зобалаңға тап болып, адам айтқысыз аянышты күндерді басынан кешірді. Атақоныс, құтты мекен, мал-мүлкінен және баспанасынан айырылып, аш-жалаңаш, жаяу-жалпы шұбырған қарапайым халық бұқарасы жаздың қайнаған ыстығында қағыр далада қаңғырып шөлден қырылды. Қыстың ақ қар, көк мұз қақаған аязында күн көрісі малын жұтатын, үсіп өлді. Әйелдер мен балалар және қарт адамдар адам төзгісіз жол азабына шыдай алмай, жапан түзде қалып аштан қырылды. Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айырылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, «Алқакөлдің түбіне барып сұлау» деген сөз екен.

«Ақтабан шұбырынды» апатында зар заманды басынан кешірген қалың қазақ қауымы өзінің аянышты ауыр халі мен көңіл-күйін бейнелейтін «Елім -ай» сынды мұңлы ән шығарды. Бұл ән жұрт жүрегінде жатталып, бүгінгі күнге жетіп отыр. 

«Қаратаудың басынан қош келеді, 
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. 
Ел жұртынан айырылған жаман екен, 
Екі көзден мөлтілдеп жас келеді. 
Мына заман қай заман, бағзы заман, 
Баяғыдай болар ма тағы заман... 
Ата қоныс, туған жер қалғаннан соң, 
Көздің жасын көл қылып ағызамын.»

Ел есінде сақталған «Елім-ай» әнінің бұл шұмақтары халық бұқарасының зар замандағы мұң-зарын бейнелейді.

«Ақтабан шұбырынды» кезінде қазақтарға шабуыл мен талан-тараж түс-түстан анталады. Жоңғар феодалдары қазақтарға, Еділ бойындағы қалмақ хандары батыс солтүстік бүйірден тиісті. Орта Азия хандықтарының жеріне ауып барған қазақтар бұл арадан мал жайылымына қолайлы жер таба алмай сенделіп, көзге түрткі болды. Қазақтарға бір жағынан Қоқан бектері қоқандаса, тағы бір жағынан Бұхара мен Хиуаның хандары жаппай құлдыққа кіріптар еткісі келді. Иран мемлекетінің маңына ығысып барған қазақтар, Иран шахы Нәсір Афшардан зорлық-замбылық көрді. Қазақ халқы сонша сұмдық жағдайда жүрсе де, олардың еш қайсысына құлдық ұрмай, өзіне тиіскендердің бәрімен шайқасты.

Қазақтардың XVIII ғасырдың басындағы (алғашқы 25 жылы) халін Ш.Ш. Уалиханов былай деп сипаттайды: «XVIII ғасырдың алғашқы 25 жылы қазақ халқының өміріндегі сұмдық ауыр уақыт болды. Жоңғарлар, Волга қалмақтары мен башқұрттар жан-жақтан олардың ұлыстарын талқандап, малын айдап алып, тұтас семьяларымен тұтқынға әкетіп отырды» .

«Ақтабан шұбырындының» ауыр апаты жеті жылға (1723-1730 жж.) созылды. Бұл аппатың зардабы қазақ даласының барлық жерінде біркелкі болған жоқ. 1723 жылы көктемде тұтқиылдан шапқыншылыққа ұшырған Оңтүстік Қазастанның аудандарында, Талас өзенінің алқабы мен Сырдария өңірінде өте ауыр болды. Ұлы жүз бен Орта жүздің осы өңірді мекендеген ұлыстарын ойрандап, бұл осы өңірдегі егіншілік пен қала мәдениетін қиратты. Қазақ хандығының шығыс және оңтүстік өңіріндегі жоңғарлар басып алған жерлердегі қазақтар уақытша жоңғар билеушілеріне бағынып, аманат қойып, ауыр алым-салық төлеп отыруға мәжбүр болды. Орта жүздің сұлтаны Әбілмамбет пен Ұлы жүздің ханы Жолбарыс осылай істеді.

3. Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы азаттық күресі. Буланты, Аңырақай шайқастары.

Жоңғар шапқыншылығынан туған зор күйзелушілік, малдың қырылуы шаруашылық дағдарысының шиеленісуіне әкеліп соқты, мұның өзі қазақ хандықтарының билеуші топтарының арасындағы саяси қарама-қайшылықтарды бұрынғыдан да бетер күшейте түсті. Қиын жағдайдан шығудың жолы жауға ұйымдасып тойтарыс бету ғана бола алатын еді, мұның өзі болашақта қазақ жүздерінің экономикалық және саяси ыдырауын тоқтатар еді.

Осындай өте-мөте ауыр сыртқы және ішкі саяси жағдайда қазақ хандары мен сұлтандары жоңғар феодалдарын тойтару ісін ұйымдастыруда қабілетсіз болып шықты. Тәуелсіздік жолындағы Отан соғысын «қарадан шыққан» халық батырлары бастады. Олардың арасында Бөгенбай, Тайлақ, Саурық, Малайсары, Жәнібек және басқа да батырлар болды. Олар халықты туған елді жат жерлік басқыншылардан азат етуге шақырды.

Халық жасақтарының бірігіп қимылдауы осылай басталды. Кіші жүздің батыры Тайлақ, Орта жүзден Бөгенбай және Ұлы жүзден Саурық батырлар шығып бұлар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл-сұлама» жылдарындағы күрестің қаһармандары болды. Барлық үш жүздің жасақтары 1726 жылы бірлесіп қимылдаған кезден бастап қазақтар басқыншыларға ұйымдасқан түрде тойтарыс берді.

Ордабасы съезі.

1726 жылдың күзінде Бадам өзені маңындағы биік қырқа – Ордабасы деген жерде бүкіл қазақ съезі өткізілді. Съезге Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Күшік, Жолбарыс хандар, султандар, Толе би, Қазыбек би, Әйтеке би бастаған әр рудың билері, даңқы шыққан қолбасшылар мен батырлар шақырылды.

Съезде негізгі мәселе басқыншы жауға бүкілхалықтық тойтарыс беруді ұйымдастыру туралы мәселе болды. Съезге қатысушылар бірге болуға, өз кимылдарын үлестіріп отыруға, жауға біріккен майдан құрып аттануға ант берді.

Съезде талқыланған маңызды мәселенің бірі бүкіл қазақ жасағының қолбасшысын сайлау туралы мәселе болды. Осы съезде Әбілқайыр қазақ жасағының қолбасшысы болып сайланды. А.И. Левшин бұл жөнінде былай деп жазған: «Ортақ іс сол арада бір-біріне адалдыққа ант беру арқылы қастерленді. Әбілқайыр хан бас қолбасшысы болып сайланды, сөйтіп халықтық әдет бойынша құрбандыққа шалынған бие болашақ табыстың кепілі ретінде қабылданды». Осы жағдайды да ол былай деп аша түскен: «Төнген қауіп ішкі өзара қырқыстарды бітістірді, жалпы келісім туғызып, бәрін бір нәрсеге бағыттады. Тұтас халықтың жиналысында ілгері басудың, ортақ жауға шабуыл жасап, оларды ежелгі қырғыз-қазақ жерінен қуып шығудың негізі қаланды» . Батырлар арасынан бүкіл қазақ жасағының Сардар бегі болып Қанжығалы Бөгенбай сайланды. Сөйтіп Ордабасындағы съезд халықтың жаунгерлік рухын көтерді.

Буланты маңындағы шайкас.

Ұлытаудың таулар жүйесіне иелік ету соғыс барысында маңызды кезең болды. «Ақтабан шубырынды, Алқакөл сұлама» (1723-1730 жылдардығы Отан соғысы) барысындағы аса маңызды шайқастардың бірі Ұлытау етегінде өтті.

1728 жылдың көктемінде Ұлытау етегінде Буланты өзенінің жағасында «Қара сиыр» деген жерде қазақ әскерлерінің жонғарлармен ірі шайқасы болды. Бұл шайқаста қазақ сарбаздары қалмақтарға есенгірете соққы берді. Қалмақ әскерлері қиян-кескі соғыста ондаған мың адамынан айрылды. Қазақтар жағы өздерінің талайдан қаны қайнап ыза мен кекке суарылған қайрат жігерінің жемісін көріп қуанды. Жеңіс туралы хабар қазақ даласына ілезде тарап кетті.

Бұланты шайқасы қазақ жасақтарының женіске деген орасан зор ерік-жігерін көрсетті. Өз заманының аса көрнекті қолбасшылары жеке қол басқарған Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты ер Байғозы және басқалар Әбілқайыр хан мен Қанжығалы Бөгенбайдың жалпы басшылығы мен ынтымақты қимыл жасай отырып, жасақтарды ұрысқа бастады. Жасақтарды қаруландыру жөнінде Шақшақ Жәнібек зор ұйымдастырушылық жұмыс істеді. Дархан ұстаның басшылық етуімен Ұлытауда қара шеберлері еңбек етті.

Бұлантыдағы және басқада бірқатар шайқастардың қаһармандық рухын бізге дейін Үмбетай жырау, Ақтамберді жырау, Тәтті қара жырау, Бұқар жырау, Көкеш ақын туындылары жеткізді. Бөгенбай Ақшаұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Олжабай Әлімұлы, Қонақай Жақсығұлұлы, Бөлек Сатанұлы сынды батырлардың, батыр Баянның, Жарылқаптың және басқаларының есімдері тірі кездерінде-ақ аңызға айналған.

Алайда оқиға мұнымен біткен жоқ. Аттылы жоңғар қолының бірбөлігі Бұланты өзенінің жоғары ағысына қарай өтіп кетті. Бірақ бұл жерде де оларды қазақ атты әскерінің жасақтары қуып жетті. Сөйтіп сол жерде жонғарлар тағы талқандалды, тек жекелеген топтарының ғана Ұлытау жағына Майтөбе мен Құрайлыдан арғы тауларға кетіп қалуына сәті түсті.

Бұланты жеріндегі жеңістің зор маңызды болды. Ол қазақ жасақтарының өз күштеріне сенуіне, халық санасында бетбұрыс жасауға мумкіндік берді. XVIII ғасырдың 20-жылдарының аяғына қарай жоңғарлар Ұлытау аймағынан ығыстырып шығарылды. Мұндағы соңғы шайқас Жақсы Қон өзенінің жоғарғы ағысына жапсарлас жатқан аудандағы Қарамолда деген жердегі ұрыс болды. Жоңғарлар тағы да жеңіліске ұшырады. Бұл аймақ-бұл жер «Қалмақ қырылған» деген атпен белгілі.

Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісінің жағы бір жағы-стратегиялық тапқырлығында болды. Қазақ жасақтарының Бұланты маңындағы жеңісі Аңырақай шайқасының табысқа жетуін анықтап берді.

Аңырақай шайқасы. Жоңғар басқыншылығына қарсы қазақ халқы Отан соғысының (1723-1730 жж.) жеңіспен аяқталуына Аңырақай шайқасы аса көрнекті роль атқарды. Ол туралы қазақтардың дәстүрлі ауыз әдибиетінде айтылады, сондай-ақ оған М.Тынышбаевтың еңбегі және басқа да бірқатар жанама деректер арналған.

1730 жылы көктемде Балқаш көлінің маңында қазақ пен жоңғарлардың арасында тағы бір қатты қырғын соғыс басталды. Аңырақай шайқасының ұрыс қимылдары болған алқап 200 километрдей жерді алып жатты. Оны ғасыр шайқасы деуге болады. Аңырақай шайқасы далалық Қазақстанның және Қазақстан Оңтүстігінің таулы әрі шөлейт аудандарының шекарасында өткен. Мұндай жер кездей соқ таңдап алынбаған. Шайқас өтетін жер дұшпанды талқандау жөніндегі ойдың жалпы айла-тәсіліне орайласады,ол жеңіліс тапқан жағдайда Іле өзенінің басына дейін тоқтаусыз шегінуге мүмкіндік береді.

Балқаштың Солтүстік батыс жағында өзенінің өзі жағынан жел өткізбейтін Шу-Іле таулары созылып жатыр. Жел сондай-ақ Қызылқұммен Мойынқұм жағынан да соғады. Аңырақай тауларының қасында Делдітау, Желдібел орналасқан. Аңырақай тауларында жел аңырап соғатын (Аңырақай жел). Сонымен бірге халық Аңырақай жеңіліс тапқан жоңғалар аңырап жылаған жер деген аңыз шығарған.

Сейтіп 1730 жылы жазға салым қазақ жасақтары өз аттарын Мойынқұм құмдарында, Бүркітті, Шабақты, Қарақоңыз, Ырғайтты, Шу өзендерінің аңғарларында тыңайып алып, Хантау, Аңырақай таулары өңіріне шықты.

Аңырақайдағы шайқасқа Әбілқайыр хан басшылық етті. Нақ осы шайқас оның саяси қызметінің шарықтау шыңы болды. Шайқасқа барлық үш жүздің жасақтары қатысты. Бұл шайқаста батырлардың бойын ерлік, қайсарлық, өздерінің жеңісіне деген мызғымас сенім биледі.

Шайқас жекпе-жектен басталды. Жоңғарлар жағынан ортаға талантты әскербасы, қоянқолтық ұрыстың асқан шебер жауынгері Шарыш шықты. Қазақтар жағынан жекпе-жекке 20 жасар Сабалақ (Абылайдың бүркеншік аты) сұранды. Абылай нақ осы жекпе-жекте өзінің қатарлы қарсыласын жеңіп, есімін мәңгі даңққа бөлеген. М.Тынышбаев кейін сол кезде Абылай өзгелерден асқан зор батылдығымен асып түсті деп жазды.

Шайқастың сәтті басталуы қазақ жауынгерлерін жеңіске жігерлендірді. Сөйтіп олар бұл шайқаста жеңіп шықты. Майдан даласында мыңдаған қалмақ әскерлері қаза тапты. Көбі қырылып,жаралы болып жаны шықпай жатқан жау әскерінің аңыраған дауыс бірнеше күң даланы басына көтерді. Бұл жер кейін «Аңарақай» деп аталып кетті.

Аңырақай шайқасында жеке ерлігін және үйымдастырушылық қабілетін көрсеткендер арасында көптеген батырлар, билер, сұлтандар, рубасылары мен қатардағы жауынгерлерінің ерлігі мен жеке басының қажыр-қайраты, бірліктің нәтижесінде қазақ жауынгерлері бұл шайқаста женіп шықты.

Қаратаудың, Ұлытаудың таулы аудандарын, Сарыарқа мен Жетісу жерлерін азат ету оқиғалары халықтың тарихи жазында мәңгіге қалды. Ақтастыдағы, Бұланты жеріндегі «Қалмақ қырылған» шайқастары, Аңыракай шайқасы қазақ халқының тарихи өткен кезінің қаһармандық символына айналды.

Аңырақай шайқасы халық санасындағы бетбұрыс болды. Рухы көтерілген халық жоңғарларды жеңуге болатын түсінді. Айбынды женіске қарамастан, жау әлі де күшінде болатын, сондықтан кейінгі жылдарда да оларға қарсы ұзақ әрі титықтатын күрес күтіп тұрды.

Аныракай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды. Түпнұсқаларда Аңырақай шайқасына қатысқан сұлтандардың іс-әрекетіндегі мұндай келіспеушіліктің (жіктелуінің) себептері жайлы айтылмайды. Одан кейін көп ұзамай Әбілмамбет сұлтанның қазақ хандарының ордасы Түркістанға қөшіп кеткені, ал Әбілқайырдың орыс шекараларына қарай жедел жылжығаны белгілі.

Аңырақай шайқасынан кейн қазақ хандары мен сұлтандарының арасында жік түының негізгі себебі жоғарғы билік үшін талас болды деп топшылауға негіз бар. Таукенің баласы Үлкен хан Болат қайтыс болғаннан кейін оның орнын Орта жүзден Сәмеке (Шахмұхамбет), Кіші жүзден Әбілқайыр аламыз деп дәмеленді. Көпшіліктің қалаған адамы Әбілмәмбет (Болаттың үшінші ұлы) болды. Мұндай таңдау жасалынғанына наразы болған Әбілқайыр хан майдан шебінен әскерін алып, еліне кері бұрылды. Хандықтың өзіне тимегеніне риза болмаған Сәмеке де Әбілқаирдан кейін әскерін алып Шудың бойымен Бетпақдалаға қарай бет тузеді. Жоңғарларға қарсы майдан әлсіреп, өз әскері мен Ташкентке бағыт алған Ұлы жүздің ханы Жолбарыс қазақ елінің қас жауы жоңғарлармен мәмлеге келуге мәжбүр болды. Сейтіп, қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңалмас ңұқсан келтірілді.

Қазақтардың 1730 жылғы Аңырақай жеңісіне қарамастан жоңғар хандырының жаңа шабуылының тікелей қауіпі жойылмайды. Қазақ хандықтары жөнінде барынша агрессияшыл саясат жүргізген Галдан-Цереннің (1727-1746 жж.) билік басына келуі мұндай шабуылдың қауіпін күшейтті, қазақ хандарының өздері де, соның ішінде Әбілқайыр да жоңғарлар тұтқын етіп әкеткен өз руластарын қайтарып алмақ ниетінен тайған жоқ.

Қазақ хандықтарының билеушілері алдында маңызды да күрделі міндет-қазақ жүздерін сыртқы жаудан қауіпсіздендіру және елдің феодалдық батыраңқылығының күшейе түскен процессін жою міндеті тұрды. Олардың бұған өз күштерімен жете алмайтындығына көздері жете түсті. Солтүстіктегі қуатты көрші Россиямен одақтасу қажет болды. Осылайша қазақ билеушілерінде орыс-қазақ саяси және экономикалық байланыстарың одан әрі нығайтып, Россияның қол астына кірудің жолдарын іздеуге деген ұйғарым қалыптасты.

Сонымен, жоңғар әскерлерінің шапқыншылық жылдары қазақ жүздерінің экономикалық және саяси өміріне ұзақ уақытқа терең із қалдырып, қазақтардың тарихына «Алапат ауыр жылдар» болып енді.