Қаныш Сәтбаев атындағы

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған гимназиясы

Виртуалды қабылдау
Қойылған сұрақтар: 24
Жаңа сұрақтар: 0
Сұрақты беру
Оқыту материалын тиімді меңгеру үшін қандай әдіс формасы саған ыңғайлы:
Дауыс беру
сыныптастарыңмен топта жұмыс - 388
басқа формалар - 299
мұғаліммен жұмыс - 202
электрондық ресурстардан - 184
өздігінен білім алу - 133
Дауыс бергендер саны: 1206
Нәтижені көру
Жанкент қаласы

Оғыз тайпаларының Сырдария жағасындағы ең атақты қалаларының бірі – Жанкент қаласы. Қорқыт атамен қатар тарихи хикаяның бағалысы әсіресе, Жанкент қаласы туралы аңыздармен байланысты. Аңыз бойынша бұл қаланы көп заман билеген кісінің бірі елге үгіт-насихат айтушы, өзі жүзден асқан ойшыл қарт болады. Әбілғазының түрікмен шежіресінде оғыз елі әр уақыт Жанкент қаласында жиналып, Қайы халқынан Инал Яуиды хан көтеріп, оған Қорқыт атаны уәзір ететіні жазылған.

Жазба деректерде Жанкент алғаш рет араб тарихшысы Ибн-Рүстемнің еңбегінде аталады. Сондай-ақ, араб географы Ибн-Хаукал «Оғыздардың басты қаласы Жанкент болды, оны ирандықтар Нау-Керде, арабтар Әл-Харият, сарматтар Дахи Нау деп атаған» дейді.

Жанкент атауының өзі Янгикент-Жаңакент-Жанкент (Жаңа қала) деген мағынаны білдіреді. Жанкент тарихы ғасырлар қойнауында жатыр. Қаланың гүлдену дәуірі ІХ ғасырдың ІІ-жартысы мен ХІ ғасырдың алғашқы ширегі.

Жанкент шаһарының аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болды. Қала маңындағы суландыру жүйесі егіншіліктің шаруашылықтағы негізгі басты саласы болғандығын дәлелдейді. Ол кезеңде Арал теңізін Жент теңізі деп атаған. Жанкент тұрғындары осы теңіз маңынан үлкен тұз көзін тауып, Қытай, Иран, Үндістан елдерімен сауда қатынасын жасаған.

Қыпшақ-қимақ тайпалары мыңдаған малдарын айдап, Карлан өткелі арқылы Жанкентке келіп, сауда жасап отырған. Қаланың шет көшелері құмыра жасаушылардың, ұсақ қолөнершілердің, зергерлердің, қару-жарақ жасаушы ұсталардың балшықтан соққан сабан үйлері мен ұстаханаларына толы, ал шаһар орталығындағы гүлзар баққа оранған, хауыздары мөлдір суға тұнған қала бектерінің биік дуалмен қоршалған үйлері болды. Қала сырты суға толтырылған орлармен қоршалды. Шаһардың төрт қақпасы болған.

Әрбір жұма күні шаһар орталығындағы базар алаңында сауда қызу жүріп отырған. Жанкенттің шығыс пен батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы тоғыз жолдың торабына орналасуы қаланың географиялық, экономикалық маңызын арттыра түсті. Қытай жібектері, Үнді маталары мен жемістері, араб елдерінің құрмасы, науаты осы қалада сатылымда болған.

Осылайша, Оғыздарда қалалық мәдениет жоғары дамыды. Х ғасырда Жанкент бойының оғыздары Жайықтағы тайпалармен және башқұрттармен 34 жыл жауласады (922-956 ж.ж). 956 жылдан соң бұл алауыздық түркімен және қыпшак оғыздарының арасында өтеді. Негізінде ұлыстың түбіне жеткен де осы қайшылық болып саналды.

1219 жылдың күзінде Сыр бойындағы оғыз-қыпшақ қалалары моңғол шапқыншылығы салдарынан күл талқан болып қирайды. 400 жыл бойы қалалық мәдениет жасаған оғыз-қыпшақ тайпалары тағы да көшпелі өмірге түседі.

Моңғолдар салған ойран басылмай жатып-ақ, Жанкент сауда мен қолөнер орталығының бірі ретінде қайта көтеріліп, ХІҮ ғасырда гүлдену шегіне жетті. Мұсылман мәдениеті ықпалында болған бұл қала Жаңақала – Жанкент деп аталады.

Араб саяхатшысы Хафизи-Абурдың жазбаларында Сырдарияның ХҮ ғасырда Отырар тұсынан батысқа бұрылып, Әмудариямен бірге Каспийге құйғандығын айтады. Әрине бұл Сырдың төменгі ағысындағы Жанкент қаласына да ықпалын тигізбей қоймайды. Егіс алқаптары, суландыру жүйелер су жүрмегендіктен құм басып шөлге айналады.

Белгiлi этнограф-ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың жазуынша, Жанкенттi мекендеген Жайылхан (қыпшақ) мен Сейiлхан (түрiкмен) 1043 жылдан кейiн Сыр бойынан ығысады. Жанкент ханы шах Мәлiк пен оның баласы Әлидi батыстағы түркмен тайпалары өлтiредi. Осыдан соң Сырдың төменгi саласын мекендеген оғыз-қыпшақ ұлысының ыдырауы басталады. Оғыздардың көсемi атанған әйгiлi қобызшы Қорқыт та аңыз әңгiмелер мен кейбiр деректерге қарағанда Жанкентте өмiр сүрген. Жанкенттің өмір сүруінің тоқтауына байланысты ел аузында мынадай аңыз сақталған «Жанкенттің әміршісі Санжар хан нөкерінің ғайбатына сеніп, күнәдан пәк Бегім сұлудың оң қолын шауып, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіліп жазықсыз жазалайды. Бегімнің әкесі атақты Қарабура әулие қанішер ханға «Қызым ақ болса шабылған қолы, кесілген бұрымы, тілінген танауы қалпына түседі» дейді. Әділдік үстем шығып, Бегімнің дене мүшелері қалпына келеді. Қызының нақақ жәбір көргеніне назаланған әулие Санжар ханды қарғапты. Құдіреттің күшімен аспаннан іші ордалы жыланға толы мес түсіп хан бағыныштыларымен бірге ажал құшыпты. Қаланың халқын жылан шағып өлтірген. Бегім сұлу ақ құсқа айналып көкке ұшып кетіпті. Қонған жеріне керемет Бегім ана мұнарасы пайда болыпты»- делінеді.

Жанкент қаласының орнын алғаш зерттеушілердің бірі П.И.Лерх (1857 ж.) болатын. Ол Жанкент қаласына келген кезде қаланың ескі қабырғалары, кейбір архитектурасы, көшелерінің ізі әлі жоғала қоймаған. Сыртынан қарағанда Жанкент қаласының түрі үлкен төбе сияқты үйінді болып жатады. Оның аумағы төрт бұрышты, жан-жағы тұтасымен биік қыш қамалымен қоршалған. Қамал қабырғасының қалыңдығы 6 метрдей. Ең жақсы сақталғаны оңтүстік қабырғасы, онда қатар-қатар тізбектелген бірнеше биік мұнаралар, оқ ататын тесіктер сақталған. Қала ортасында ел басқарушылары тұрған айнала қоршалған ескі сарайдың орны бар.

Жанкент қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулер кезінде құмыралар, ұршықтар, наным-сенім дәстүрлерінде пайдаланылған қошқар бейнесіндегі керамикалық туындылар табылды.

Жанкент қаласы Ұлы жібек жолының бойында ортағасырларда дамыған қала ретінде, әрі Түркі ұлыстарының орталығы ретінде киелі жерлер қатарына кіреді. Қазіргі таңда Жанкент қалашығында археологиялық зерттеу жұмыстары өз жалғасын тауып, болашақта аспан асты мұражайға айналып, көрем деген қызығушыларды өз тарихымен, қорған дуалдарымен, тұрмыстық бұйымдарымен қызықтырады деген ойдамыз.