Қаныш Сәтбаев атындағы

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған гимназиясы

Виртуалды қабылдау
Қойылған сұрақтар: 24
Жаңа сұрақтар: 0
Сұрақты беру
Оқыту материалын тиімді меңгеру үшін қандай әдіс формасы саған ыңғайлы:
Дауыс беру
сыныптастарыңмен топта жұмыс - 388
басқа формалар - 299
мұғаліммен жұмыс - 202
электрондық ресурстардан - 184
өздігінен білім алу - 134
Дауыс бергендер саны: 1207
Нәтижені көру
Мектепте Шәкәрім шығармаларын оқыту. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шапауова Әсем Сембіқызы
17-10-2013 09:16
Мектепте Шәкәрім шығармаларын оқыту. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шапауова Әсем Сембіқызы

Астана қаласында Республикалық "Ана тілі аясы: тіл мен әдебиет теориясы және лингводидактика мәселелері "атты ғылыми-теориялық конференцияға қатысып мақаласы жинаққа енді.

Мектепте Шәкәрім шығармаларын оқыту

         Әдебиетте әр ақынның өз орны бар. Шәкәрім  - қазақ әдебиетінде  Абайдан  кейінгі ірі тұлғаның бірі.  Шығыс, батыс классиктерінің  шығармашылығын  жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген  ақын,түркі халықтарының тарихын терең білетін ғұлама ғалым, әдебиеттің  көптеген  жанрларында да туындылар қалдырған қаламгер. Шәкәрімнің ақындық жолының  бір арнасы  - өлеңдері мен поэмалары.

        Жалпы білім беретін мектептің әдебиет пәнін оқыту бағдарламасына  Шәкрімнің  осы өлеңдері мен поэмалары енген. Мектептің  6-сыныбында «Адамдық борышың», «Жолама қулар маңайға» , 8-сыныпта  «Қалқаман - Мамыр» поэмасы (қосымша оқуға «Сөз жазып, сөз өлшемек», «Өмір» өлеңдері)  10-сыныпта «Жастарға», «Дүние мен өмір», «Бір Аллаға сыйынған адам  өлмес», «Кәрілік туралы», «Еңлік - Кебек» поэмасы .

       Сабақта  Шәкәрім шығармаларын талдамас бұрын ақынның  өмір жолынан деректер айтылады. Өмірбаяндық деректермен  оқушылардың өзіндік зерттеу жұмыстары арқылы таныс боламыз. Деректермен танысқан тұста оқушылардың назарын көбінесе оның  тікелей Абай ағасының тәрбиесінде болғанына, ұлы ақынды жастайынан  өзіне ұстаз тұтқанына  аударып отырған жөн. Өйткені бұдан кейін ақын өлеңдері мен поэмаларын талдау үстінде де Абай поэзиясыныңықпалы аса күшті сезіледі.Бұл үндестікті бұзбай әрқашан берік ұстауымыз керек.

       Әдебиетте  Қ.Бітібаеваның  «Әдебиетті оқыту әдістемесі», Қ.Мәшһүр – Жүсіптің «Көркем сөздің құдіреті», Н.Оразақынованың  «Әдебиеттен  сатылай кешенді талдау», М.Шәбжантайқызының  «Әдебиет теориясы -көркемсөз ғылымының айнасы» атты әдістемелік оқу кітаптарын  пайдаланамын.

      «Адамдық борышың»  өлеңіне  сатылай  кешенді  талдау.

      Сабақтың мақсаты:  1) Шәкәрім Құдайбердіұлының  өмірі мен «Адамдық борышың»  өлеңі туралы түсінік бере отырып,өлеңге сатылай кешенді талдау жолын меңгерту,әдебиет теориясынан  ұғымын  кеңейту; 2) Мәнерлеп оұу дағдысын дамыту, өз  пікірін еркін жеткізуге дағдыландыру; 3)Адамгершілік   қасиеттерге  баули отырып   ұлтжандылыққа тәрбиелеу.  

       Сабақтың түрі: дәстүрлі сабақ.

       Сабақтың типі:  жаңа білімді меңгерту.

       Сабақтың өтілу әдіс-тәсілі: сатылай кешенді талдау,сұрақ-жауап.

       Сабақтың көрнекілігі: ақын портреті, шығармалары, тірек сызбалар, нақыл сөздер.

Сабақтың барысы.

       І. Ұйымдастыру. Оқушыларды түгелдеу, сабаққа ынтасын аудару, сынып тазалығына көңіл бөлу.

ІІ.Мақсат қою. Сабақтың мақсатын  түсіндіру / тақтаға күн ретін, тақырыпты жазу/.

ІІІ. Жаңа сабақты меңгерту.1. Өлеңді мәнерлеп оқып шығу. 2.Бірнеше оқушыға қайталап оқыту. 3.Өлеңнің мазмұны туралы қысқаша баяндау.

Сатылай кешенді талдау:

«Адамдық борышың»  өлеңі.

1. Авторы:Шәкәрім Құдайбердіұлы

1)1858жылы  24 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағыШыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. 1931 жылы 2 қазанда ГПУ жендеттері қолынан қаза табады.

2) Аса көрнекті ақын, жазушы, аудармашы, композитор,тарихшы және философ.

2. Тақырып. Адам бойындағы адамгершілік қасиеттердің өмірдегі мәні.

3. Жанр түрі. Поэзия (өлең) Өлең дегеніміз –белгілі бір өлшеммен қиыннан қиыстырылып, үйлесімді ырғақпен ұйқасып келетін өрнекті сөз жүйесі.

4.Идеясы. Адамзат үшін қам жеген адамның артында өшпес із қалатыны жайлы

5.Шумақ. 3шумақты өлең (Шумақ – аяқталған синтаксистік біртұтас ойды білдіреді).

6.Тармақ.Әр шумақ 6 тармақтан түрады (Тармақ – өлеңнің әр жолы).

7.Бунақ.Адамдық борышың–

                          / Халқыңа //еңбек қыл/

                /Ақ жолдан //айнымай/

                          /Ар сақта//оны біл/.

(Бунақ – белгілі бір дауыс ырғағымен бөлінуі).

8. Буын саны. тұрақсыз   1-шумақ 6буынды, 2-шумақ 6-7, 3-шумақ – 6-11буынды. (Буын  - сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың санына байланысты).

9.Ұйқас.

 (Ұйқас- өлең тармақтарындағы сөз астарының үндестігі, өзара ұқсас дыбыстар естілуі).

10. Әдеби теориялық ұғымдар. Лирикалық өлең.

Адамдық борыш, ақ жол, шын бақыт – эпитет.

Эпитет  (айқындау, грекше  еріtһеtоn) –заттың, құбылыстың  айрықша сипатын,  сапасын анықтайтын суретті сөз.

11.Түсіндірме сөздік.

Қауым –  бірлескен топ.

Мансап - дәреже, атақ, лауазым.

Нәпсі -  тәбет, өз керегін ойлау.

12. Өлеңнің негізгі түйіні, тәрбиелік мәні.    Ақын халқыңа адал бол, ақ жолдан тайма, ар сақта, білім мен өнер үйрен, мақтанға салынба,нәпсіңе билетпе, жол көрсет, ғибрат алар із қалдыр деп өсиет  айтады.    

ІҮ. Сабақты бекіту, қорыту.

Топқа тапсырма.

І топ: «Ақ жолдан айнымай Ар сақта оны біл» .

ІІ топ: «Мақтанға салынба Мансаптың тағы үшін».

ІІІ топ: «Жоба тап, жол көрсет Келешек қамы үшін».

Оқушылар білімін бағалау.

Үйге: Шәкәрімнің    «Адамдық борышың»  өлеңін жаттау, «Менің борышым» тақырыбында эссе жазу.

        Ақын поэмалары тақырып жағынан бір-біріне сабақтас. Бәрі де махаббат тақырыбына арналып, қыз бен жігіт арасындағы сүйіспеншілік,соның төңірегінде өрбитін трагедиялық баяндаулардан тұрады. Дегенмен оларды тек махаббат трагедияларын жырлаған шығармалар ретінде қабылдауға болмайды. Олардағы әлеуметтік астар әлдеқайда терең. Жастардың басынан өткен қайғылы оқиғаларды  баяндау барысында ақын бүкіл қоғамның  әлеуметтік жағдайын, психологиялықжай- күйінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүр қағидаларынан, т.б. мәселелерден  мол мағлұматтар береді. Сол төңіректе өз пайымдарын ұсынып, оқырманды да ойға түсіреді. Сонымен қатар Шәкәрімнің қай поэмасын алсақ та,оның тарих сахнасына шыққан деректер көрінеді. Атап айтқанда, «Қалқаман -Мамыр»  поэмасында  баяндалатын оқиға «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталатын қасіретті кезеңнің қарсаңында, яғни он сегізінші  ғасырдың  басында, 1722жылыСыр бойындағы Тобықты елінде өтеді. Ал «Еңлік- Кебек» поэмасында қазақтың Сыр бойынан  ауып, Шығыс тауына қоныс тепкен кезеңіндегі Тобықты мен Найман арасындағы жағдай баяндалады.Поэмаларында тарихта болған оқиғалар арқау етілген. Кейіпкерлері де өмірде болған адамдар.    Поэмаларын талдаған кезде Қ.Бітібаеваның   дастанның мазмұнын меңгерту барсында  жоспар, аннотация, жырдан үзінді келтіре отырып  айтқызу,  салыстырулар , бір кейіпкер туралы екінші кейіпкердің пікірін тыңдауды қолданамын.

8-сыныпта «Қалқаман - Мамыр» поэмасын  өткенде кейіпкерлер  бейнесін беруде    Қ.Мәшһүр – Жүсіптің   «Көркем әдебиет тілінен мысал теруге басшылық» әдісін пайдаланамын.    Әр оқушыға 2-3 мысалдан бөліп беруге болады.  Мәселен, кездесу-келісім түрлері:    а/ кездесу: ұшырасу, кез болу,тап болу, орайласу,, жолығу, тоғысу, тоқайласу, түйісу,жүздесу, беттесу,табысу,, қауышу т.б.

ә/ келісім:  икемге келу, ризаласу,   бітімге келу, бітуана жасау, байлау/сөз байласу/, мәмлеге келу, жығылу,ұйғару, бәтуаласу, ауқымдасу,түйілу, ымыраласы, сөзді пісіру т.б.

Осы әдіс –тәсілдерді кеңінен қолдану, жүзеге асыру - өмір талабынан туып отырған  мәселелер. Бұл мақаламда әр ұстаз сабағын осылай берсін деген ниеттен емес, жасұстазға кішкене болсын көмек болар деген ниеттен туып отыр.           

Шапауова Әсем Сембіқызы

Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған

гимназиясының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі