Қаныш Сәтбаев атындағы

дарынды балаларға арналған

мамандандырылған гимназиясы

Виртуалды қабылдау
Қойылған сұрақтар: 24
Жаңа сұрақтар: 0
Сұрақты беру
Оқыту материалын тиімді меңгеру үшін қандай әдіс формасы саған ыңғайлы:
Дауыс беру
сыныптастарыңмен топта жұмыс - 388
басқа формалар - 299
мұғаліммен жұмыс - 202
электрондық ресурстардан - 184
өздігінен білім алу - 133
Дауыс бергендер саны: 1206
Нәтижені көру
Туған өлкенің өсімдіктері мен жануарлар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ТІЗІМІНЕ ЕНГЕН ОБЛЫСТЫҚ НЫСАНДАР  

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде еліміздің «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» анықталды. ҚР Ұлттық музейі жанынан құрылған «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары» жобасының 100 нысанының тізімін ұсынды, аталған тізімге облысымыздан бес нысан енгізілді.

Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлыкесенесі (1858—1931) (Баянауыл ауданы).

 Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Ескелдиде – ақын, тарихшы, этнограф, шежіреші, ауыз әдебиеті мұраларын жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Кесенесі. Кесене  ақынның  150-жылдығына орай жаңғыртылды. Жаңа Жол ауылындағы ақынның мұражайы Ескелдіге  2016 жылы көшірілді.

Мәшһүр Жүсіп Көпеев жастайынан білімге құштар болған, ауыл молласынан ескіше хат таныған. Тоғыз жасында «Ер Тарғын», «Төрт жігіттің өлеңі», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» лиро-эпостық жырларды жатқа толғаған. Ол араб, парсы, орыс тілдерін жетік меңгерген. Ақынның поэзия әлемінде алатын орны ерекше. Ең алғашқы өлеңі 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде жарық көрді. 1907 жылы Қазан қаласындағы Құсайыновтар баспасынан «Тіршілікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Хал-ахуал» және «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты кітаптары жарық көрді. Ғалымның қазақ этнографиясын, әдет-ғұрпын зерттеушілерге беретін білімі ұшан теңіз. Фольклорды зерттеп, «Үлгілі сөз», «Бата», «Беташар», «Мақал-мәтелдер» сияқты асыл мұралаларымызды хаттап кетті. «Бұлбұл мен қаршыға», «Шайтанның саудасы» секілді бірқатар дастандар жазды.

Исабек Ишан хазірет (1792-1871). (Екібастұз қаласы)

 Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл–Жайылмада жерленген Исабек Ишан хазірет пен Жандарбек қожа кесенелері 2010 жылы салынды. Жергілікті халық Ақкөл-Жайылма маңындағы Қылдыкөл шатқалында Кереку өңірінде Ислам дінін уағыздаушылар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахабаларының ұрпақтары Исабек ишан, Жандарбек қожа және басқа да туған-туысқандары жерленген деп қызыл заманға қарамай-ақ қадірлеп келді. Жалпы, Исабек ишан өз заманының діни қайраткері болса, одан тараған ұрпақтары да Алла Тағаланың ақ жолынан таймай, Ислам дінінің нұрын таратқан. Солардың бірі бертін 1996 жылы дүниеден озған Жандарбек қожа еді. Ақкөл-Жайылма даласы десе әулиелер жерленген жер деп оған баратын жол жоқ болса да, халық аяғы суымай сол жаққа қарай тағзым жасап бейіт басына барады.

Қоңыр әулие (Баянауыл ауданы)

 Қоңыр Әулие туралы да аңыздар көп. Солардың бірі ертеде жер бетін су алғанда Нұх пайғамбардың кемесіне белгілі ғұлама Мәшһүр Жүсіп бұл жердің киелілігін дәріптеп, «Әулиелердің Алладан пәрмен сұрайтын жері» деп өз көзқарасын білдірген. Жергілікті жұрт «тас үңгірге түнеген адамның тілегі орындалады» деседі. Үңгір қыратты жерде орын тепкен. Шамамен мың метрге жуық биіктікте орналасқан. Әпсана бойынша Қоңыр әулие Нұх (Ной) Пайғамбар заманынан бері аталып келеді. Жүгірген аң мен ұшқан құстың қорғаушысы атанып, оларға жанашыр пейіл танытқан атақты пайғамбар. Жер-дүниені шарпыған су тасқыны орын алған сәтте үш көріпкел Нұхтың кемесіне сыймай қалған көрінеді. Сонда үш көріпкел тәуекелге бел буып, бақанды кемеге байлап, ілгері қарай жылжи түседі. Алып кеме бүкіләлемдік ағыс бойымен солтүстіктен оңтүстікке қарай бет түзейді. Әулиенің үлкені саналған Құланның бөренесі алғашқы болып тасқа соғылып, жұлынып кетеді. Бұл жағдай қазір жергілікті жұрт Әулие тау деп те атайтын Қызылтау маңында болған деседі. Ортаншы әулие Қыранның да Биік Ақбет тауына соғылған бөренесі сол жерде қалады. Кіші әулие Қоңыр су қайтып, таулар мен шоқылар ашыла бастаған шаққа дейін аман-сау жүреді. Ол мінген бөрене біз айтып отырған үңгірге дейін жетеді. Әулие сол жерді қоныс етіп, өз тіршілігін жүргізе бастайды. Осыған байланысты үңгір ертеден киелі мекеннің бірі саналған. Олай болғанның да өзіндік себебі бар. Үңгір түкпірінде қазан секілді дүние бар. Соған күн құрғамай су жиналады да тұрады екен. Жұрттың айтуынша, сол суда барлық аурудан сауықтыратын қасиеттер бар көрінеді. Әсіресе күмістің мөлшері көп деседі. Тіпті бала көтере алмайтын, бедеуліктен де арылған әйел заты аз емес. Осыған орай, үңгір маңынан адам аяғы үзілмейді. Өмірге бала алып келуге ниет жасаған әйелдердің арманы да толықтай орындалғанын жұрт жиі әңгімелейді. Мұнда басқа ұлттың өкілдері де келіп, тәу етіп, тілек-армандарын айтып жатқандарын байқадық. Ия, тағы бір айта кететін жайт шырақшының айтуынша жаз айларында сол судан ешкімге ішуге бере бермейді. Себебі біреулер беті-қолын жуады. Қыркүйек айының соңына қарай өз-өзінен тасиды. Міне, сол уақытта ішуге, алуға болады екен.  Міне, Қоңыр әулие үңгірі тау басына орналасқан. Оған баратын баспалдақтың биіктігі 110 метрді шамалайды. Онымен бойлай жүрсеңіз, әрбір 10-15 метр сайын демалуға арналған алаң алдыңыздан шығады. Үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метрді құрайды. Үңгір екі бөліктен тұрады. Кіре беріс мешіттің күмбезіне ұқсас болғандықтан «күмбез» деп аталады, кейін Әулиенің отырған жері деп саналады. Бұл тас әйелдің жатқан бейнесі іспеттес. Бұл Қоңыр әулие үңгірінің дәл жанына орналасқан [7.97 бет].

           Жасыбай Батыр ескерткіші

Өмірұлы Жасыбай батыр (шамамен 1716-1741) - жоңғар басқыншыларына қарсы күрескен қазақтың әйгілі батыры. Шыққан тегі - Арғын тайпасының Бәсентин руы. Жасыбай батыр Баянауыл өңірін қалмақтардан азат етуде үлкен ерлік көрсеткен. Жастайынан жауырыншылығымен, құралайды көзге атқан мергендігімен аты шыққан. Ол - жауға бірнеше дүркін соққы берген әйгілі батыр. Бірде қазақтардың қолбасшысы Олжабай батыр Жасыбай батырға жауынгерлерімен келе жатқан қалмақ қолының алдынан шығып, олардың жолын бөгеп, бері жібермеуді тапсырады. Мыңға толмайтын жасақты бастаған Жасыбай батыр жаумен асқан ерлікпен соғысады. Бірақ аңдаусызда сауытының желке тұсындағы ашық жерінен қалмақтың оғы тиіп, содан қаза болады. Қазақ қолы қалмақтарға төтеп бере алмай ығыса бастайды. Сол кезде қырғын болған таудың шатқалына Олжабай батыр бастаған әскер кіреді. Жеңілген қалмақтардың ұлардай шулап, жалбарынған дауыстарынан тау іші күңіренеді. Сонда Олжабай батыр: «Сендердің бәріңді қосқанда, өлген Жасыбай батырдың шынтағына тұрмайсыңдар» деп, жауынгерлеріне «жауды аяған жаралы» екенін ескертеді. Қалмақтардың бұл жолы қырылғаны сонша, өліктері жолдың ұзына бойына шашылып қалады»Туған елін, өскен жерін ата жаудан азат ету жорығында сан ерлігімен көзге түсіп, осы игі мақсат жолында қаза тапқан Жасыбай батырдың есімін ардақтаған халқы кейін Баян тауының ол қорғаған асуына - «Жасыбай асуы», Шойынкөліне - «Жасыбай көлі» деген ат берді. Ол жерлер қазір де солай аталады.

Ақкөл-Жайылма қалашығы

«Қозы Қөрпеш – Баян сұлу» жырының шешуші уақиғалары Қарабайдың «…Қызымды жетім ұлға бермеймін» деп, Аяғын Өлеңтінің өрлей көшті… Өлеңтінің бойынан көшкен күні, Сарыбайдың сабасы жарылады… Сарыбайдың сабасы жарылған жер, Ақкөл менен Жайылма сонан қалған» деп тоқсан мың жылқыны айдап көшуімен басталады. Өлеңтіні өрлей көшсе, Қарабайдың елі өзіміздің Қараөткелге келеді.Өлеңтінің сағасынан орын тепкен Ақкөл-Жайылма аталатын жер туралы сөз қозғайық. Ақкөл-Жайылма – ұлан-байтақ қазақ жерінің орталық бөлігіне орналасқан әдемі аймақ. Ақкөлді жергілікті қазақ қариялары Әулиекөл деп те атайды және ортағасырлық шежіре деректері мен тарихи жазбалардан бұл аймақ туралы аздаған мәліметтер кездеседі. Ақкөл-Жайылма өңірі Өлеңті және Шідерті өзендерінің төменгі ағысындағы ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Жалпы алғанда, бұл алаптың жер көлемі екі ауданды (Екібастұз және Ақтоғай) қамтиды. Ақкөл-Жайылма ұғымына Өлеңті-Шідертінің төменгі ағысы, Ақкөлдің өзі (Әулиекөл), Ақкөлден төмен түсетін Дуана өзенінің бойы, одан әрі орналасқан көлдер жүйесі (Бәсентейін, Қылдыкөл, Сасықкөл, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбе, Тоққылы) енеді. Өлеңті өзенінің ұзындығы – 273 км. Ақмола облысының Ақдың (Белоярское) ауылынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерден басталып, солтүстік-шығысқа қарай ағып, Павлодар облысының бұрынғы «Екібастұз» совхозы, қазіргі Төртүй селолық округіне жататын Қаражар (бұрынғы аты – Қаражыра) ауылы тұсынан екіге бөлініп, бір саласы Әулиекөлге (Ақкөлге), бір саласы Жаманкөлге құяды (Коорд.: 52°11 с.е. 74°45 ш.б., теңіз деңгейінен 126,4 м. биіктікте орналасқан). Екі көл бір-бірімен іргелес орналасқан.
Ақкөл Өлеңтінің суымен толып, кемерінен асқан уақытта солтүстікке қарай Жайылмаға түседі. Негізі, Ақкөл суы Дуана өзені (қазіргі уақытта бөгет салынып, тоқтатылған) арқылы тұтас көлдер үлкен жүйесіне барып құяды. Қазақ түсінігінде Ақкөл-Жайылма өңірі шаруашылыққа өте ыңғайлы деп саналады. Әрине, қазақтың көшпелі мал шаруашылығы үшін бұл өңірдің ерекше қызықты болуы заңды. Сол себептен қазақ ауызында ертеден «Шідертінің суы – бал, Өлеңтінің шөбі – бал» деген қанатты сөздер сақталған.

 

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ САКРАЛДЫ ОБЪЕКТІЛЕРІ

Көне дәуірлер мен орта ғасырлардағы  культтік маңызы бар объектілер.

         Павлодар обласы аумағында көне дәуір мен орта ғасырларға жататын тарихи культтік маңызы бар объектілер жиі кездеседі. Бұл объектілердің тарихи құндылығы өте жоғары. Бірнешеуіне сипаттама бер кетейік.

Торайғырдың сақ қорғандары (Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы)

Хронологиялық шеңбері: Скиф-сақ мерзімі. Тарихи-мәдени маңызы: Ертіс даласындағы көшпелілердің көне қасиетті жерлері мен мәдени-мемориалды кешені, күннің белгісі бар мұртты обалардың және тас төбешіктердің қалдықтары. Ауданы-750 кв.метр. «Археолог — ескерткішті соңғы көруші адам» деген сөздің жаны бар. Мысалы, Баянауылдағы Торайғыр дейтін көлдің жағасында сақ дәуіріне жататын алып патша қорғаны бар екен. Қорғанның төрт бұрышында бұғының және күннің көзі салынған «бұғы тас¬тар» бар. Әлгі қорғанды археологтар бір емес, бірнеше рет қазыпты да, қорғанды да, бұғы тастарды да қараусыз тастап кетіпті. Не жанына «бұл жерде сақ дәуірінің қорғаны қазылды, бұл жер мемлекеттің қорғауында болады» деген секілді жазу тақтайшасы да орнатылмапты. Қорғанның жанында салынып жатқан спорт кешені үшін шамамен екі метрлік сол үлкен бұғы тастарды үшке бөлген-де, іргетасқа салып жіберген. Сол жердің орманшысы іргетастан бұғының суретін танып қалып, құрылысшыларға айтып, бөліктерін алғызып, қайта құрап қойған екен [2].

Кемпіртас қабірлері(Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы)

 Хронологиялық шеңбері: Қола дәуірі. Тарихи-мәдени маңызы: Байырғы металлургтар мен мал өсірушілердің Сарыарқадағы аумағындағы сакралды жерлеу орны. Ауданы-400 кв. метр. Оған байланысты аңыздар көп. Әлімсақта жергілікті тұрғындар мұнда ерекше жылқы тұқымын өсіріпті. Бұл аттардың бағасы қымбат болып, оларды ең батыл жігіттер көздің қарашығындай күзетеді. Алайда мал жоғала береді. Түнде күзет қойылса да, бәрі ұры келгенше ұйықтап қала беріпті. Ақыры солардың арасынан ұйқыны жеңген (ұйықтамау үшін әдейі қолын кескен) біреуі табылады. Түн ортасында жер айырылып, содан түрі қорқынышты үлкен кемпір шығады да жылқылардың ең семізін таңдап, өзімен бірге жер астына әкетеді. Жас жігіт көргенін ақсақалдарға айтып, көбірек қару жинап, халқын сиқыршыдан құтқаруға бел байлайды. Жігіт мыстанмен түні бойы алысып, әбден шаршайды, кемпір де әлсірейді, өйткені таң білінісімен күші қайтатын. Кемпір жердің астына түсіп үлгермейді де, күн шапағы жердің жігін жауып, мыстанның басын тасқа айналдырады. Үлкендердің айтуынша, жер бетінде жаманшылық көбейсе, ол тірілетін көрінеді, сондықтан тасқа тек ақ ниетпен келу керек [3, 1].

Ақбидайық петроглифтері (Екібастұз ауданы, Майқайың ауылы)

Хронологиялық шеңбері: Тас дәуірі мен қола дәуірлері аралығы. Тарихи-мәдени маңызы: Жартастағы адам және жануарлар бейнесі салынған көне орын, бұл Сарыарқадағы ежелгі аңшылар мен малшылардың рухани мәдениетін және бейнелеу өнерін сипаттау. Ауданы-320 кв. метр. Алғашқы өнердің қызықты ескерткіші Ақбидайық шатқалындағы сурет болып табылады, ол Майқайн станцясына жақын Екібастұз қ. шығысында 30 км жерде орналасқан. Осы уақытта Павлодар облысы аумағында Сарыарқаның солтүстік-шығысы мен Баянауыл таулары жағында алғашқы жартастағы суретке ою өнерінің 10-нан аса ескерткіші табылған. Шынайылығы әрі көркемдігі жағынан ең көрнектісі Павлодар-Екібастұз темір жолының Оңтүстік жағында, Майқайын станциясынан бірнеше км жерде Ақбидайық шатқалындағы суреттер болып табылады, бұл жерде палеогендік қалдықтарда петроглифтер көптеп кездеседі. Олар тегіс бетте, қызыл қабатты таста жазылған. Солтүстік-Батысқа қарай ойысқан жазықта жылқы суреттері көп кездесетін сурет галлереясын көруге болады. Петроглифтердің алғашқы тобы математикалық және нышандық сипаттағы антропоморфты суреттер болып табылады. Олар тасқа кәдімгі тас құралмен ойып жазылған. Бұлар— жазылған қолдары мен аяқтары бар «билеп тұрған» адамдардың сұлбасы. Олардың жанында мифтік жануарлардың суреті де бар. Мүмкін, бұл суреттер тас дәуіріне тиесілі, себебі осындай ұқсас суреттер Куропа мен Азияның көп ескерткіштерінде кездеседі. Ұқсас сурет Әзірбайжандағы Каспий теңізінің жағасында, Баку қ. жақын жердегі Қобыстан шатқалында да бар. Оларды б.з.д. 10-7 мыңжылдықтарға жатқызады. Осындай суреттерді қазақстандық петрогливтерді зерттеушілер де: А. Г. Медоев, З. С. Самашев және т.б. Тас дәуіріне жатқызады.

Жылқылардың антропоморфты суреттерінен басқа басы төмен түскен ұзын мүйізді бұқалардың да суреттері бар. Бұл суреттер энеолит дәуірінікі деп саналады. Бұқаның жүгіріп жүргендегі өзге суреті қоланы даму кезеңіне жатқызылады. Бұқаға табынушылық андронов кезеңінен келеді. Хронология бойынша сюжет сақ кезеңімен байланысты. Ол жүгіріп жүрген бұқаны жартылай жабатын тау ешкісі мен мүйізсіз бұғылардың суретімен берілген [4, 2 бет].

Өлеңті жазбалары (Екібастұз ауданы, Өлеңті ауылы)

Хронологиялық шеңбері: Тас-қола дәуірлері аралығы. Тарихи-мәдени маңызы: Алғашқы жартастағы суреттер, мұнда 50-ге жуық жануарлар-бұқа, бұғы, жылқы, түйе, жыртқышта, сонымен қатар антропоморфтік суреттер және аң аулау сахналары бейнеленген. Ескерткіш энеолит дәуірі мен қола дәуірі аралығындағы малшылардың көне сакралды орны болып табылады. Ауданы- 300 кв. метр [5, 3 бет].

 

Калбасинск мұнарасы (Май ауданы)

Бұл мұнара XIV-XV ғасырлар аралығында Қызылеңбек аумағында орналасқан болатын. 2003 жылы бұл мұнара Павлодар облысында археологтармен зерттелген еді. Зерттеу нәтижесінде бұл мұнарадан ою-өрнек түріндегі тақтайшалар табылды.

Жартастағы бейнеленген суреттер(Май ауданы)

Малайсары ауылдық округі аумағындағы Кемер тұз көлінде жартастағы суреттер табылған, бұл жартастар қола дәуірі кезеңіне жатады, онда жылқылар бейнелеген.

 

Түркілердің киелі орны. (Май ауданы)

Малайсары ауылдық округіндегі Кемер тұз көлінен табылған. Бұл қасиетті орын түріктердікі болып саналады, әлі де толығымен зерттелмеген, нақты уақыты анықталмаған.

Шокин үңгіріндегі жартастағы суреттер. (Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы). Хронологиялық шеңбері: тас дәуірі. Тарихи-мәдени маңызы: киелі үңгірдегі жартастағы таңбалар рухани мәдениетті бейнелейді және Сарыарқаның солтүстік-шығысын мекен еткен аңшылар мен көне малшылардың сакралды орнын көрсетеді. Ауданы-20 кв. метр.

Айнабұлақтағы жартастағы суреттер. (Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы)

Хронологиялық шеңбері: тас дәуірі. Тарихи-мәдени маңызы: Жартастағы суреттер Сарыарқаның солтүстік-шығысын мекен еткен аңшылар мен малшылардың рухани мәдениетін және сакралды әрекеттерін көрсетеді. Ауданы-150 кв. метр.

Қызылқияның тас мүсіні. (Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылы)

Хронологиялық шеңбері: орта ғасырлар кезеңі. Тарихи-мәдени маңызы:  Қимақ-қыпшақ уақытының қасиетті өкілдіктерін бейнелейтін тас ескерткіші бар қасиетті орын. Ауданы - 40 шаршы метр.

Әулиекөл қорымы

Ақ Орда дәуіріндегі әйгілі, дәулетті адамдардың жерленген қорымы. 14-15 ғасырларға жатады. Осы жерде Ақ Орда дәуірінің билеушілерінің ордасы тігілген. Халық арасында «хандардың ордасы қонған, әулиелі жер» деп жатады. Әулиекөл қалашығы Павлодар облысы Екібастұз ауданында, Өлеңті өзенінің Әулиекөлге құятын сағасында, Қаражар ауылының оңтүстік шығысында, Қараоба атты төбенің үстінде орналасқан. Құрылыстың қалдықтарын тазалау барысында ғимараттың қабырғасын әсемдеп тұрған декорлық плиткалардың үлкен фрагменттері мен үлгілері табылды. Қазбаның батыс бөлігінде ескерткішті тонаушылардың тағы бір қолдану мақсатымен үйіп қойған декорлық плиткалардың жиынтығы анықталды. Кірер ауыз оңтүстік жақта орналасқан, бұл жерде сыртқы іргенің ортасына екі қатар болып салынған күйдірілген кірпіш қалдықтары жанастырылған, бұл сатының қалдықтары болу мүмкін.  Келесі кезеңнің міндеті қалашықта қазба жұмыстарын жүргізу болды. Осы мақсатпен ескерткіште 2 қазба салынды. №1 қазба орнында күйдірілген және сазды кірпіштен құрылған діни-мемориалды құрылыстың үйінділері зерттелді. Құрылыс орнының кіре берісі оңтүстікке бағытталған, сызба бойынша құрылымы тік бұрышты, өлшемі 20-12 м және ол 2 бөлмеге бөлінген. Бірінші бөлме қабырға қалыңдығы 1-1,25 м болатын сегізбұрышты құрылыс, қабырғалардың негізі 0,8-1 м биіктікке дейін сақталған. Екінші бөлменің қалпы тік бұрышты, мұнда 3 қорым зерттелген, оның екеуі еден деңгейінде және біреуі қабір шұңқырында орналасқан. Мәйіттер исламға дейінгі наным-сенімдердің кейбір белгілерімен қоса мұсылман дәстүрі бойынша көмілген. Олжалар арасында келесідей заттарды атап өтуге болады: ағаштан жасалған моншақтар, қыш ыдыстардың сынықтары мен жартылай құнды тастар, алтынмен қапталған матаның қалдықтары.  Қазу барысында кезінде құрылыстың қабырғасын безендірген декоративті жалпақ тастардың сынықтары мен бүтін даналары табылды. №2 қазба орнында шеберхананың қалдықтары зерттелуде. Мұнда қыш ыдыстың сынықтары, күйдірілген пештің қалдықтары, жануарлардың сүйектері және т.б. олжалар табылды. Қыш ыдыс сынықтарының арасында құмыра мен хумның бөліктері және су көтеретін құрылғыларда қолданылған шығыр-ыдыстарының сынықтары аса қызығушылық туғызады. Археологиялық зерттеулер мен барлаулар ескерткіштің ортағасырлық шығыс Сарыарқа тайпалары кірген ұлыс билеушісінің жазғы ордасы ретінде қызмет атқарғанын растайды [6].

Драверт үңгіріндегі жартастағы суреттер.

Үңгір Жасыбай көлінің оңтүстік жағалауында, яғни Павлодар облысының Баянауыл ауданында орналасқан. Туристік карталарда, әдебиетте бұл үңгірге Томск технология инситутының профессоры, ашушы П.Л.Драверттің есімі берілген. 1926 жылы 26 маусымда Драверт оңтүстік жағалаудағы экскурссия кезінде жартастағы аса ірі емес үңгірді байқайды. Осыдан П.Л.Драверт жартастан жалпы 15 фигуралы таңба-белгілер табады. Бұл пиктографиялық суреттердің мағынасы анық емес. Жартастағы таңбалар көне алфавиттің, руна жазуының қолданғанын байқатады.  1927 жылы жазда П.Л.Драверт екінші рет Баянауыл ауданына келіп, үңгірдегі таңбалардың лагерьде демалып жүрген жас жігіттердің кесірінен бүлінгенін біледі. Ал 70 жылдары бұл таңғажайып белгілер жоқ болды [4, 28 бет].

Орта ғасырлардағы  культтік маңызы бар объектілер Торайғырдағы сақтардың киелі орны(Баянауыл ауданы) мен Сақ тайпаларының Торайғыр ауылындағы киелі орнын, Қола дәуірі кезеңіндегі Сабындыкөлдегі жерлеу комплексін  (Баянауыл ауданы) де жатқызуға болады.

Қазіргі заманғы культтік маңызы бар объектілер.

Таймас әулие кесенесі (Ертіс ауданы)

 «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын асыру мақсатында Ертіс ауданы бойынша Ұзынсу ауылына қарасты Таймас әулиенің кесенесі орналасқан.

Таймас әулие – Түгел Батырдың қалмақтан қалған жұбайы Қаракөзден туған үш ұлдың бірі. Ертеде жолаушылап келе жатқан Таймастың алдындағы ауылда қатты қиналып жатқан біреуді сезіп,сол ауылға барады. Ауылдың көпшілік жиналып тұрған тұсына келгенде, бір адамның жаңада ғана дүние салғанын біледі. Ал, әулие болса шаршы топты қақ жарып үйге кіреді де, мәйітті айналып, қасиетті қамшысымен сырмақ үстін тартып-тартып жібереді. Қамшы жерге тиген сайын қаңқ еткен үн шығады. Көзге көрінбейтін бірдеңені қуып жүргендей, сыртқа шығып үйді айнала қамшылайды. Содан кейін, маңдайынан терін сүртіп үйге кіргенде, өлді деген адамның көзін ашып, одан кейін басын көтеріп алғанын жұрт көреді.

Таймас әулиенің зиратына барғысы келетіндер көбінесе айығып қайтып жатады. Қарақұдық аулдық округінде Қараөткел ауылында  бес қажының және жеті әулиенің зираты орналасқан. Зиратта өзінің Ниетханасында Қарақұдық ауылының тұрғыны, шырақшы Мұрат қажы  көптеген адамдарды қабылдап емдейді. 2013 жылы ауыл тұрғындары қосылып, аталардың  әруақтарына арнап, ескерткіш тасын орнатты [11].

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы (1853-1926жж.). Шарбақты ауданы

Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы– өз заманының танымал адамы болды. Адалдық пен әділдікке, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын ислам дінін тереңінен меңгеріп, оны халық арасында насихаттады. Ғабдыл-Уахит хазірет 1853 жылы өмірге келді. Әкесі Тіленші еті тірі, пысық, заман ағымын қатарластарынан ерте түсінетін, өмірге деген ұстанымы берік болды. Балаларын қалың бұқара ортасында сауатсыз қалмас үшін оқытып, сауатын ашты. Ғабдыл-Уахит хазірет  ең алдымен алты жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алды. Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы  білімін одан әрі жетілдіру үшін 1873  жылы  Бұхара қаласындағы  «Мір Араб» медресесіне қабылданып, мұнда 15 жыл оқиды.Туған жеріне оралған хазірет ислам дінін насихаттаумен, шәкірт оқытумен шұғылданды. Өмірінің соңғы жылдарында Шарбақты ауданының Арбиген ауылының оңтүстік шығысындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған  Алла үйінде ұстаздық жұмысын жалғастырды. Хазірет Ғабдыл-Уахит Тіленшіұлы 1926 жылы өмірден өтті. Өмірін дін жолына арнаған хазіретті соңында қалған ел-жұрты «Келдіқыз» жайлауына жерлеп, басына бөренеден мазар тұрғызды. Хазірет Ғабдыл-Уахит қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін беретін, осы қызметтері үшін үлкен құрметке ие болды. Көзі тірісінде көрсеткен жақсылықтары бақиға аттанғаннан кейін де жалғасты. Оның бейітінің басына адамдар үмітпен, сеніммен келіп, тәу етіп, Алладдан жәрдем сұрайды. Ғабдул-Уахит хазіретті жергілікті халық  дінді апиын санаған  одақ кезінде де  халқы пір тұтты. Алдымен бөренеден, кейін кірпіштен кесене тұрғызады. Өмірден өткен соң сырқатына шипа іздеген адамдар, мазарының басына келіп,  көмек сұрады. Адамдар легі толастаған емес [12, 1 бет].

Қайса Нұрғазыұлы (1888-1976жж) Май ауданы.

Қайса Нұрғазыұлы(1888—1976 ж.ж.) қазіргі Павлодар облысы Май ауданының тумасы, руы Найман, оның ішінде Жәуетей, Пір-иелері. Мұғызар (қыз) мен Уайқан (ұл). Арғы атасы Елқонды аруақты, ірі бақсы болса керек. Қайсекеңе арнайы келетін адамдар негізінен әртүрлі ауруғашалдығып, дертке-шипа, жанға-дауа іздеушілер болатұғын. Атап айтқанда:  көтерме, елірме сияқты ақыл-есінен алжасып, психикалық ауруларға шалдыққандар. Мұндайа ауруларды дәрігерлер емдей алмай, көбінесе жындыханаға жіберетіні белгілі; 
●қол-аяғының жаны кетіп, бет-аузы қисайғандар, шемен, күйдіргі сияқты сирек кездесетін аурулар;

 ●көңіл-күйі бұзылып ішқұса, уайым-қайғы т. С.с. рухани дертке шалдыққандар; 
● мал-мүлкінен айрылған, жоқ іздеушілер; 

● әр түрлі мұқтажы (балаға, медетке, батаға т. Б.) бар адамдар, болашағын болжағысы келетіндер, т.б. 

Осындай мұқтажы бар адам келе жатса, Қайсекең алдын-ала сезіп-біліп мазасызданып, бір орнында отыра алмай, қозғала бастайды екен. Қайжақтан келе жатқанын да болжап: «Шайларынды дайындай беріңдер. Қазіркеледі» — дейді екен. Немесе: «Көлігі болдырып, өзі шөлдеп келеді. Атқамініп, сусыналып, пәленше жолдан қарсы ал»— деп баласын жібереді екен. Май ауданы Ақшиман ауылында 2002 жылы «Қайса ата мешіті» бой көтерді[13, 1 бет]. 

Сейділда қажы (Қашыр ауданы)

Бұл оба Жаңақұрылыс пен Трофимовка ауылдарының арасында орналасқан. Ол адам бойындағы рухани қазыналарды оята білді.

Құлан әулиенің үңгірі (Баянауыл ауданы)

Әулиелі Қызылтаудағы табиғи үңгір.  Аңыздың бір нұсқасында Қоңыр деген әулие осы маңда жер бетін топан су басқан заманда өмір сүрген-мыс делінеді: «Алла тағала пиғыл-пейілі бұзылған халықты топан суына қарық кылғанда, өмір бойы өз бастарына пайда іздемей, біреудің жоғын жоқтап, қауіп-қатерден сақтандырып, дамыл алмайтын, отбасын құрмайтын үш ағайынды: Қоңыр, Қыран, Құлан дегендер Нұқ пайғамбардың кемесіне мінсек, ауыр болып кетер, қырсығымыз тиер, оған да жасаған жақсылығымыз болсын деп екі тақтайды құрап мініп, суда қалқып жүре беріпті. Аллаға бәрі мағлұм, аяушылығына алып, су қайтқанда, оларды осы Баянаула тауынан шығарыпты. Қоңыр әулие қазіргі Жамбақы жеріндегі тауларды, Қыран Баянтаудың ұшар басын, Құлан Қызылтауды мекендегені туралы аңыздар бар. Қоңыр әулие әркімнің сұраған тілегін беріп, Қыран әулие әркімнің жоғын тауып беріп, келе жатқан жауды күншілік жерден көріп, адам болып хабар беріп, сағым болып жоғалып кетеді екен. Іздегенге оңай таптырмапты. Құлан әулие кейде құлан, кейде адам бейнесінде көрініп, халық малының амандығына, өсіп-өнуіне жәрдем жасайды екен». [14, 2 бет].

          Лекер әулиенің зираты (Баянауыл ауданы)

         Әулиебұлақ – Табиғат-Ананың көп жұмбағының бірі. Бұлақтың әулие атануын көпшілік осы өңірді мекендеген жеті әулиемен байланыстырады.  Ауылдың құймақұлақ, шежіреші қарттарының бірі Нығмет Жәмінов әулиелердің атын: «Тәшмағанбет, Төлембек пен Жаулыбайды, Дәнсат абыз, әулие Мұратайды, Қажы Лекер баласы Исабаймен – «Жеті әулие» деп Мәшһүр елге жайды», – деп тізеді. Үлкендердің айтуынша, бұлақ басы ертеде әулие аталарымыздың дұға оқып, азан шақыратын мекені болған жер екен. Сол әулиелердің бірі – Меккеде құм бетіне асатаяғын шаншып, көкке ұшқандай ізім-қайым жоғалған Лекер әулие. Бұл күнде Лекер әулиенің Меккеге өзі ұстап барып, сапарластары арқылы елге жеткен асатаяғы – осы Екібастұз қаласында, ата ұрпақтарының қолында. Деңдеріне шипа іздегендер тәуіп етіп түнейтін орын.

          Хазірет ауылы  (Баянауыл ауданы)

Әбділдә Хазірет Исабекұлы  тылсым дүние иесі. Мешіт салдырып медресе ұстаған адам.

          Амалдық сопының мазары(Екібастұз ауданы, Қарағанды-Шідерті тас жолының маңында, Шиқылдақ ауылының маңында )    1794-1877 жылдар аралығында өмір сүрген Амалдық сопы дін таратып, сопылық бағытты ұстанған. Көріпкел, әулиелігімен қатар ел арасына сыйлы кісі болған.

Ескерткіш ХІХ ғасырдың екінші жартысында тұрғызылған. Күмбез сәулет құрылымы жақсы сақталуымен және қайталанбас өзіндік қалануымен ерекшеленеді. Себебі бұның төбесі жабық, ал жан-жақ қабырғалары шаршыдан жоғарылаған сайын ұшталып салынған. Жерден 3,10 м биіктікте терезе басталады, оның биіктігі 1,10 м. Төрт терезенің екі жақ бөлігі құлаған, қалған екі бөлігі сақталған. Алдыңғы қабырғасы – 5,40 м. Есігінің биіктігі – 0,95 м, ені – 0,60 м. Қабырғасының қалыңдығы -1,10 м. Архитектуралық құрылымы бойынша бұл тектес күмбез бұл өңірде кездеспейді.

Сонымен қатар, бұл тізімге Тай жеген тауларындағы «Түйе қонған» қонысындағы Құрманбай абыздың зиратын, Жалғыз ағаштағы Қараман зиратын

(Баянауыл ауданы), Көшербай абыз зиратын, ХІХ ғасырдың әулиесі Тұяқ қажы кесенесін (Баянауыл аудары, Жосалы) қосуға болады.

Маңызды тарихи оқиғалар болған орындар  және елдің көрнекті адамдары жерленген жерлер.

Қалмаққырылған тауы (Май ауданы)

Халқымыздың асқан ерлігін, жерін, елін қорғауға деген батырлығын, табандылығын айғақтайтын дәлел-деректер толып жатыр. Солардың бірі - Павлодар облысы Май ауданы аумағындағы Қалмаққырылған тауы. Май ауданы, Ақшиман ауылы тұсында Қалмаққырылған деп аталатын тау бөктері бар. Ғасырларға созылған қазақ пен қалмақ арасындағы қанды қырғынның  жаңаша беталған жері бұл. Яғни, Арқаның батырлары бастаған қол қалмақ қонтайшыларын қазақ жеріне қайтып келе алмастай қылып күйретті.

18 ғасырда қазақтар мен жоңғарлар арасында шайқас болған. Бұл шайқасқа Малайсары батырдың өзі қатысқан болатын. Нәтижесінде қазақ әскері жоңғарларды тас-талқан етіп жеңіліске ұшыратады [15].

Естай Беркімбаев зираты (1874—1946). (Ақтоғай ауданы)

Естай Беркімбаев (1870-1946 жж.) – қазақ халық ақыны. Павлодар уезінде (қазіргі Өлеңті ауылдық округі) малшы-жалшының үйінде туған. 1888 жылдан өлең айтуды бастаған. Екі жылдан кейін өлең шығара бастап, кейіннен импровизатор ақын болды. Естайдың ән-өлеңдері шыншылдығымен, халық ойымен ұштасуымен ерекшеленеді. Бұлар: «Қарығаш», «Базына». Көп өлеңдері Кеңес үкіметіне арналды. Естай Беркімбаевке Қазақ ССР-нің Еңбегі сіңген қайраткері атағы берілген. Қазақ зиратында жерленген. 1969 жылы совхоздың тапсырысы бойынша Павлодар сурет шеберханасында ескерткіш тас жасалды.Естай Беркімбаев зираты Ақтоғай ауданында Мүткенов ауылдық округінде орналасқан [16, 132 бет].

С.Торайғыров мазары(Баянауыл ауданы,Торайғыр ауылы)

Түгел батыр ескерткіші (Ертіс ауданы)

ХVІІІ ғ. жоңғар басқыншыларына қарсы күресте қол бастаған сардарлардың бірі Түгел батырдың есімі Павлодар, Көкшетау, Омбы, Ақмола облыстарына кеңінен тараған. Батырдың тоғыз әйелінен тараған 16 ұлдың ұрпақтары осы облыстың аудандарында тұрады. Ел аузындағы әңгімелерге, аңыздарға қарағанда, батыр тоғыз әйелінің көпшілігін өзі қатысқан жорықтардан алып келіп отырған. Бұл да оның бір емес әлденеше жерде соғысқанының куәсі. Түгел батырдың бір ұлы Байсерке абыздың өз заманының асқан шешені де, көсемі де болғандығына ешкім дау айта алмайды. Оның бізге жеткен ұлағатта нақыл сөздерінің бәрі мейілінше шымыр, салмақты, өткір.  Елдің айтуынша, Түгел батыр алып күш иесі ғана болмаған. Сөзге шешен, дәулеті де мол, парасатты ақыл иесі адам екен. Егер біз оның ұлы Байсерке абыз асқан дана, шешен десек оған бұл дарын алдымен әкесінен даруы заңды құбылыс.  Қызылағаш ауылы жанынан табылған. 2003 жылы құрылған еді. Ескерткіш темір мен бетоннан жасалған.

Қаз дауысты Қазбек бидің «Сөре тасы»

Мұрынталда қарағайлы бұлақта Қаз дауысты Қазбек би дүниеден өткенде, мүрдесі сақталған «Сөре тас».Суретте: Далба тауының баурайындағы Қаз дауысты Қазыбек бидің мәйіті уақытша қойылған сөре тастар [17, 15 бет].

Жаяу Мұса зираты (Баянауыл ауданы)         Ақшоқыдағы Жаяу Мұса зираты.Жаяу 

 «Едіге бидің» билік тасы

(Баянауыл ауданы)      Мұрынталдағы қарағайлы бұлақтағы «Едіге бидің» билік тасы.

Сабындыкөлдің шығыс жақ жағалауындағы «Абылай тасы». (Баянауыл ауданы).Абылайды алғаш рет ақ киізге отырғызып сұлтан көтерген жер.

Жалаулы (Ертіс ауданы)   Түгел батырдың жалауын қадап кеткен жер.

Найза (Ертіс ауданы)         Абылайдың өлкеміздегі ордасы тігілген жер, Ертісауданында орналасқан. Найза жайлауында Абылай хан бастаған әскер түнеп өткен. Мандайына 17 мың жылқы біткен атақты Мұрат бай ел   қорғауға дайындалып жатқан Абылай ханға төрт жүз құр атты осы жайлауда сыйлаған. Абылай хан түнеген орында қалған шаншулы найза ұзақ жылдар бойы сақталып тұрса керек. Кейін сол орынды қоныстанған елді мекен Найза ауылы аталып кеткен.

Келесі ескерткіштерді де атап кету керек:

  • Абылай (Май ауданы)Күшіктің атақты байы Шабанбайдың қонысы, 500 жауынгерлік Абылайдың әскері тоқтап, тыныс алған жер.
  •  Бөгенбай (Ертіс ауданы)     Бұл өңірде Бөгенбай батыр да келіп жасақ жинаған. Оның түнеп кеткен, әлде біраз күн тұрақтаған орны әлі күнге дейін Бөгенбай есімімен аталады.
  •  Үлкен және Кіші Мойнақ (Ертіс ауданы)       Ертіс ауданының батыс жақ шекарасы мен Омбы облысы Русско-Полян ауданының біздің ауданмен шектесетін тұсында «Үлкен Мойнақ», «Кіші Мойнақ»  аталатын екі ауыл бар. Бұл ауылдар, Қосайдар Қыпшақтан шыққан Мойнақ батырдың, шамасы Ақтабан шұбырынды жылдары болуы керек, елін ежелгі қонысынан көшіріп әкеп орналастырған ауылдары екен. Осы ауылдарға таяу Мойнақ деп аталатын көл бар. Мойнақ батыр сол көлдің жағасында болған соғыста қаза тауып, осы жердегі Қосайдар зиратына таяу онаша төбешікте жерленген.
  •  Қазанғап Сатыбалдыұлының есткерткіші мен жерлерген жері (Ақсу ауданы, Жолқұдық және Балықшы ауылдары)   Қазанғап Сатыбалдыұлы – 1771-1856 жылдары өмір сүріп, 1843-1848 жылдары Баянауыл Сыртқы Округінің аға сұлтаны, сондай-ақ бәсентиін елінің төбе биі болған.

1843-1848 жылдар аралығында Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны  болған. Ресейдің патшасының қолынан орыс әскерінің прапорщигі (1808), капитан шендерін алып (1810), кейіннен штабс-капитан шенін иеленіп (1817), майор (1833) болған. Қазанғап би Патша өкіметі тарапынан Владимир алтын медалімен, алтын жалатылған күміс кубогымен, екі рет шекпен мен аң терісі бөрігі және әр түрлі күміс ақшалармен марапатталған. Қарқаралы сыртқы округінің аға сұлтаны Абай Құнанбаевтің әкесі – Құнанбай Өскенбайұлымен дос болған. Қазанғап би Сатыбалдыұлы Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болғаны кезінде қайырымдылық жұмыстармен айналысқан. Баянауыл сыртқы округінде мешіт-медреселер, мектеп салу жұмыстарын жүргізген. Мешітке Қазан қаласынан татар молдасы Ғабдул Ғапарды алғызған. Ғабдул Ғапармен еріп келген жас жігіт Рамазанды өзіне көмекшілікке алып тәрбиелейді. Барлық сауда-саттық жұмыстарын Рамазан атқарып, Қазанғап бидің тапсырмасы бойынша Ірбіт (Орал), Сібір, Омбы, Үркіт (Иркутск) жәрмеңкелеріне барып сауда-саттықпен айналысқан. Ол дуанбасы болған бес жылға жуық уақыт  ішінде округ көлемінде жер асты кен байлық көздері ерекше мол ашылады. Ел ішінде бейбіт өмір, тыныштық орнаған. 1856 жылы Қазанғап Сатыбалдыұлы қайтыс болғаннан кейін Рамазан Қызылжар, Омбы қалаларынан күйдірілген қызыл кірпіштер мен ақ мәрмәр тастар алғызып, басына ақ күмбезді кесене тұрғызған. Кесене ішінде Қазанғап бидің еңбектері жөнінде ақ мәрмәр тастан жазылған қабірүсті ескерткіш орнатқан. Кеңес үкіметі кезінде Қазанғап би кесенесі бұзылып, кірпіштері ауылдағы фермаларға жұмсалған. Кейіннен Рамазанның немересі Абдулфаттах Рамазанов Павлодар (Кереку) қаласындағы Әлкей Марғұлан көшесінде Қазанғап биге арнап Ақ мешіт салғызған. Баянауыл тауларында «Қазанғаптың асуы», Баянауылға кіреберісте Төлеу бұлағының жағалауында «Қазанғаптың қоралары» атты жерлер бар. Қазанғап бидің жерленген жері қазіргі Ақсу ауданы Қанаш Қамзин атындағы шаруашылыққа қарасты Балықшы ауылының жанындағы үлкен қорымда орналасқан. 2008 жылы қазан айының басында Ақсу ауданы Жолқұдық ауылында Қазанғап би Сатыбалдыұлының ескерткіші орнатылды.

  • Ханкелді (Ертіс ауданы, Тоқты ауылы).
  •  Қосым Пішенбаевтың зираты (Баянауыл ауданы. Құркөл ауылы, Мақаш мекені)        Екібастұз кенін ашқан атақты кентанушы, атақты тұлға.
  • Бәкі Басарұлы   Бәкі Басарұлы қазақтың арасында белді, беделді тұлға, би болған. Ертіс бойына қоныс тепкен қазақтың мүддесін қорғап отырған.
  • Қыз зираты. (Баянауыл ауданы)  Бабырдын қорығында  17-18 ғасырларда салынған күмбезді зират.
  • Жыланды қыстағы (Баянауыл ауданы)М.Ж. Көпеевтің намазын шығарған Әбәйілдә қажының зираты орналасқан қыстақ.
  • Далба тауларындағы «Тотия» зираты. (Баянауыл ауданы)      Арғын-Айдабол Қарақозы бабаның анасы Тотияның жерленген жері таудын үшар басындағы зират. Бабыр анасына сонғы құрмет көрсетіп Далбанын ең биігіне жаяу көтеріп апарып жерлеген. Анаға құрмет тәу ету орны.
  •  М. Шормановтар әулетінің зираты. (Баянауыл ауданы)Теңдік ауылындағы М. Шормановтар әулетінің зираты.
  • Сәтбай әулетінің зираты. (Баянауыл ауданы)         «Айрық» қыстағындағы Сәтбай әулетінің зираты.
  • Қаратұмсық қыстағы. (Баянауыл ауданы)     Ә.Т. Айтбақин – жоғары білім алған алғашқы қазақтан шыққан  адам дәрігерлерінің бірі
  •  Бозбай қыстағы. (Баянауыл ауданы)    Әбжәләп диуананың кебіні жерленген жер, мүрдесі жер бетінде жоқ.
  •  Дәндебайдың «Сары шоқысы». (Баянауыл ауданы)       Дәндебайдың ауылы,  Жүсіпбек Аймауытов, Қадыр Тайшықовтың туған жері.
  •  «Тұз» көлі (Баянауыл ауданы). Далба тауларынан солтүстікке қарай Сары-шоқы қыстағы  манындағы тұзды көл, тері ауруларын алдын алу профилактикасына өте пайдалы.
  • Айман бұлағы (Баянауыл ауданы).Ш. Айманов, К. Кенжетаевтың ата-бабасының қонысы.
  • Күреңбай сыншы зираты (Баянауыл ауданы)         Күреңбай сыншы бүкіл Сарарқаға әйгілі сыншы болған. «Мынау бір пырақ екен» деп Құлагерді сипаттаған Күреңбай сыншы әдеби деректерде кездеседі. Оның жүйрікті тану үлгісі де белгілі.
  • Дәндібай қорымы (Баянауыл ауданы, Жосалы)      Жүсіпбек Аймауытовтың аталары жерленген қорым.

Аталған қасиетті нысандар облысымыздың тарихының бай екенін, өнерлі, дарынды, батыр тұлғаларды тәрбиелеген өңір екенін дәлелдей түседі. Бұл жерлерді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біздің азаматтық борышымыз болып табылады.